Көңіл хошына қарай түрліше көсілте салатын Менің Президентім Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің қос палатасының біріккен отырысында «елімізде ізгілендіру шаралары сәнге айналып кетке кетті», – деп салды. Айтуынша, соңғы жылдары түрме атаулының бәрін «курорт қыламыз» деп жүріп жалпы тәртіпті қожыратып алыппыз. Әбден есірген түрмедегілер керегінше есірткі шегіп, қару асынып жүретін болған. «Бас бостандығынан айыру орындарына қару-жарақ, пышақтар, есірткі секілді не керектің бәрі жөнелтіліп жатыр», – деп атап өткен менің Президентім тәртіпті қатайту керектігін нығыздап тұрып айтты.

Бірақ менің айтпағым басқа дүние. Айтпағым әлемдегі «жұмақ түрмелер» жайлы болмақ. Біздің қоғам түзеу мекемелеріндегі жағдайдың өте ауыр болғанына қарамастан, гуманды түрде көрсетуге тырысып жатады. Ал шынайы өмірде бұндай гуманды түзеу мекемелері баршылық екен. Соңғы жылдары Норвегияда  Халден Фенгсель атты түрме пайда болды.

Сыртқы көрінісі

Қылмыскер атаулының арманына айналған осы курорт-түрме туралы батыстық басылымдар бірінен-бірі асырып жазып жатыр. Оларға сенсек, бұл абақты Норвегиядағы ғана емес, жалпы жер бетіндегі ең «жұмақ» түрме көрінеді. Ғалаторды ақтарып отырып, бұл түзеу мекемесінің шын мәнісінде  «курорт-колония» екеніне анық көз жеткізуге болады.

Орман арасында салынған Халден Фенгсель түрмесінде әрбір сотталушының замануи теледидармен, кішігірім тоңазытқышпен жабдықталған жеке бөлмесі бар екен. Түрме кешенінде дыбыс жазу студиясы, жүгіру жолы, құзға өрмелеу қабырғасы, мұнымен қоса, қамаудағылардың туыс-туғандарымен кездесуіне арналған жеке коттедж қарастырылған. Терезелерінде тор болмайтындықтан түрмеге «темір тор» деген теңеуді айтудың өзі қиын. Ол жердегі, қарым-қатынастың кереметтігі сондай сотталғандар мен надзирательдер бір ыдыстан ас ішіп, моншада бір-бірінің арқасын ысып береді-мыс.

Әрине, қылмыскер болса да әр адамның маңдайына жазған бағы бар. Соттың шешімімен осы колонияға тап болғандар жазасын өтеп осы жерден кетер-кеткенше алғыс жаудырумен болады екен. Айтпақшы, бақыт демекші жақында ғана 100 ге жақын адамның өмірін қиған норвегиялық нөмір бірінші террорист Андрес Брейвикке осы атақты Halden түрмесінің дәмі бұйыратын сияқты. Жейдесімен туған деп осындайларды айтуға болатын шығар-ә?!

         Тақырыпқа тұздық:

60 миллионнан астам тұрғыны бар Францияның абақтыларында 15 мыңдай адам жатса, 15 млн тұрғыны бар Қазақстан халқының 55 мыңы абақтыға тоғытылыпты.