Беті түзелмеген көш

Астанамыздағы кезінде елдігіміз бен ерлігіміздің символына айналған  айыр қалпақты атақты үш биге арналған ескерткішті тамашалап тұрғанымда қасыма қолтықтасқан қазақтың қыз бен жігіті келіп тоқтамасы бар ма? Обалы нешік, екеуі келісті билерге көп қарады. Сөйтіп тұрды қарындасымыз танымады ма, әлде, жорта айтты ма жігітіне төтесінен «бұлар кімдер» дегені. Қыз сұрағына абдырап қалған азаматымыз «білмей тұрмын, ел қорғаған батырлар болар» деп құтылды…  Данагөй үш ақсақалдың кербез бейнесін суретке түсіріп, таңданысын «Круто!» сөзімен түйіндеген екі жас кете барды. Арттарында үлкен сауал арқалап мен қала бердім. Санасын құрт мүжіп, тарихтан мақұрым қалған жастарға таң қалдым. Арманнан бұлдыр, тәрбие атаулыдан тұлдыр қалған жастардың обалы кімде?! «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» дейді екен дана қазақ. Алайда, тәрбиесіз өскен жас пен сәулесіз байдың ертеңгі қоғамға қажеті қанша…

«Адам ұрпағымен мың жасайды. Иә, деймін ішімнен. Расымен халқымыз мың жасады. Тарихи мақсат-мұратымыздың асылы – тәуелсіздік осының дәлелі емес пе? Қайда жүрсе де санасын соққылаған осы бір арман жолында дана халқымыз не істемеді, не көрмеді десеңізші!

Халықтың бәрі бірдей болмақ емес. Қазақтың асыл мұраты – «отың өшпесін!!!» Бір сәт тарихқа үңіліп көрейік: Жол жиегінде әлдеқандай қаскүнемнің сілтеген қанжарынан іші жарылып, жүкті әйел жатыр қанға боялып. Ғайыптан, сол әйелдің ішіндегі баласы тірі қалыпты… «Көке!!!» деп құлындаған үні шырқырап бір жас бала құлдыққа сатылып барады, беймәлім елге. Иә, осы екі сәбидің алдыңғысы атақты Әмір Темір болып енсе тарихқа, соңғысы Аюбидтер елінде жүріп басын жоғалтпаған Мысыр сұлтаны Бейбарыс болып тарих бетіне еніпті. Қат-қат  тарихтан майыспаған ұлы дала белінде қайыспаған қазақтың ұлдары қалды тәрбиені бойына сіңіріп. «Желегім желбіреп қыз болып отырған жайым жоқ. Өмірім елімнің –  садағасы», – деп Тұмардай (тегін танымайтындар Томирис деп атап жүр )қыздары қалыпты.

 Рас, тәрбиенің тереңінен нәр алған ұл-қыздары қазақтың отын өшірмеді. «Темір қазық жастанып, қу толағай бастанып» ( Махамбет жырынан) жүріп қол жеткізген тәуелсізідігіміздің жалауын биік ете аламыз ба? Қазақтың көшін ертең кім бастамақ? Бүгінгі жеткен жетістігіміз ертең кімге аманат? Ал, ел ертеңін арқалайтын жастардың қылығы болса осындай халде. Тарихымызды танымайтын болыппыз. Ұяттымыз, бабалар кешірсін! Тарихты танымау –  рухани саңыраулық емей немене?

Қалай десекте, бүгінгі таңда тәрбиеден ақсап тұрмыз. Түксиген қоғамның қалың қабағы  бұл мәселеге келгенде әзір ашылар түрі жоқ. Көк сандыққа байланған көксау ұрпақтың мүшкіл халін түсіне алмай тұрғаны.

Мемлекет тірегінің бірегейі тәрбие, тәлім мәселесі екенін естен шығарып алыппыз, есеп қуып жүріп. Қазақ топырағында тусақ та орыстық саясат емшегін еміп келіппіз ғасырға жуық. Соның кесірі болар еліктеп тұратынымыз. Ұрпақ тәрбиесінің кемдігі басты ауруымызға айналып үлгерді. Бұл мәселенің дер кезінде емін таппасақ ертең кеш болатынын күнде естіп жүрміз. Алайда мемлекет тарапынан нақты шара жоқтың қасы. Зиялы қауымның жан-айқайы еш резонанс тудыра алмай отыр. Елімізде оншақты телеарналар жұмыс істейді. Бір өкініштісі, таралатын ақпараттардың 80 пайызға жуығы шетел өнімдері. Осының өзі ұлттық тәрбиеге кесірін тигізуші бірден-бір фактор.  Бала ұядан көргенін қылатынын бәріміз білеміз. Тәрбиенің басым бөлігі теледидар хабарлары арқылы қалыптасады.  «Адам адам болып та, ұлт болып та бала кезінен, сәби шағынан қалыптасады. Ал сәби шақтағы ең керегі – ана тілі, ана тіліндегі әдебиет, ана тіліндегі мультфилмдер. Осы үшеуі болмаса, ол баланы толыққанды ұлттық тәрбие алады деп айтуға бола ма?» – деп кезінде Қадыр Мырза Әлі ағамыз бекерге айтпаса керек? «Болашағымызды ойласақ, елдігімізден ажырамайық десек, ана тілімізді ұрпақ бойына  сәби шағынан сіңіру жағын ойластырғанымыз абзал», – деген болатын ақын ағамыз.

Құлағы бар пендеге бұл да үлкен тәлім. Өзгеден тәлім алған ұрпақ санасы, дүниетанымы басқаша қалыптасып барады. Бұндай ұрпақтан енді Қазыбектің қазылығын сұрап, Абылайдың айбаты мен Абайдың ақылын іздеу ақымақтық болар, бәлкім? Бұл жердегі басты қасірет тәрбиенің кемдігінде жатыр. Бұндай кемдікпен болашақты қуып жеткенше қазақы биологиялық бет әлпетіміз мутацияланып кетпей ме? Сол кезде өн бойымызды өкініш өртемейтініне кім кепіл.

Қыз Құртқаның Тайбурылдың бойындағы кемдігі барын айтып аяғына жығылғанын елемеген аңғал батырымыз Қараманды қуғанда қайырылып, бармағын   шайнамаушы ма еді.

Көш жүре түзелер деп күткен едік. Көштің беті түзелмей келеді… 

Бүркіт НҰРАСЫЛ

АСТАНА

Advertisements

One response to “Беті түзелмеген көш

  1. ммм, солайы солай. ондайларды күнде көріп жүрмін, дым да таң қалмаймын. Бірақ ондай адамдардың өмір сүруге деген қабілеттері керемет, олар тарихпен, тілмен бас ауыртпайды. Бастарына артық ақпарат жинаса жанып кетеді.

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s