Қырғыз халқын енді конституциялық төңкеріс күтіп тұрған сыңайлы

Төңкеріс құмар қырғыз халқы билік жүйесіне түбегейлі өзгеріс енгізетін түрі бар. Кеше осы елдің Қазақстандағы елшісі Жаныш Рүстенбеков Қырғыз Республикасы Конституциясын қабылдау мәселелері жөніндегі референдум өткізуге арналған баспасөз мәслихатында билік сатысында болуы мүмкін біраз өзгерістерді атап өтті.

КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ТӨҢКЕРІС МАУСЫМ АЙЫНДА ӨТЕДІ

Елшінің айтуынша, Жаңа Конституциялық референдум биыл маусым айында өтеді. Жаңа Конституция бойынша Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерін Парламент жасақтайды. Олар Парламентке есеп береді. Парламент тарапынан қысым көрсету мүмкіндігін болдырмау үшін Үкімет  Парламенттің алдына өзіне сенім көрсету туралы мәселе қоя алады. Жогарку Кенеш Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Президент Жогарку Кенештің мерзімнен бұрын сайлауын жариялауға немесе Үкіметті отставкаға жіберуге құқығы бар.

БАС БӘЙКЕ ЖАЛАҚЫМЕН КҮН КӨРЕТІН БОЛАДЫ

Құжатта Президенттің өкілеттілігі айтарлықтай қысқартылғаны белгілі болды. Президенттен барлық өкілеттіліктер алынып тасталады. «Бұрын Президентті және оның отбасын қорғау мемлекеттің дотациясында болатын. Қазір бұның барлығы алынып тасталған. Президент жалақысына өмір сүретін болады. Бұрын мемлекеттің қамсыздандыруында болса, енді Қырғызстанның барлық еңбекшілері сияқты айлығына өмір сүреді. Конституция жобасына сәйкес, президенттің өкілеттіктері айтарлықтай азаяды. Бұрын президент премьерден бастап, әкімнің орынбасарына дейін өз кадрларын тағайындаса, енді олай болмайды. Ел дамуына қаржылық және экономикалық реттеу жүргізе алмайды», – дейді қырғыз елшісі.

ПРЕЗИДЕНТ – ЖАЙ ҒАНА САЯСИ ТҰЛҒА БОЛЫП ҚАЛАДЫ

Президент билігі құқықтық шектеулерге ұшырағанымен бұрынғы жүйе бойынша ол елдегі басты саяси тұлға болып қала береді. «Дей тұрғанмен, Мемлекет басшысының рөлін бағаламауға болмайды. Бүкіл халық сайлаған Президент дербес және тәуелсіз тұлға болып қалады. Дау-дамайларды шешуде арбитр бола алады, конституциялық құрылыстың кепілі, Жоғарғы Бас Қолбасшы болып табылады. Осының барлығы Президентке партиялардың немесе басқарушы коалицияның саяси өктемдікті қалыптастырудағы әрекеттерінің алдын-алуға мүмкіндік береді», – деп атап өткен Ж. Рүстенбеков бейтарап ұстанымды сақтау және бір ғана партияға тәуелді болмау үшін Президент тікелей бүкілхалықтық дауыс беру арқылы сайланатынын мәлім етті.

ОРТА АЗИЯДАҒЫ «ЕҢ ӘДІЛ» САЙЛАУ ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНДЕ ӨТЕТІН БОЛАДЫ

Жаңа Конституцияда сайлауға қатысты да біршама өзгерістер енгізіліп жатқаны белгілі болды. Елшінің сөзінен ұққанымыз, Жоғарғы Кенештің депутаттары партиялық тізім бойынша сайланатын және сайлаудың тепе-теңдік жүйесі сақталады. «Сайлауда жеңіске жеткен партия тіпті 90 пайыз дауыс жинаған күннің өзінде 120 орындық Жоғарғы Кеңештен ең көп дегенде 65 орынға ие бола алады. Қалған 55 депутаттық мандаттар басқа партияларға беріледі. Бұл дегеніміз – сайлауда жеңген партия заңды түрде өз Үкіметін қалыптастыра алады дегенді білдіреді», – деп атап өткен ол жаңа жүйенің тұтастай алғанда Қырғызстанның жаңа Конституцияның жобасы өзінің мазмұны бойынша партиялық Парламентті дамытуды, Үкіметтің Парламентке есептілігін, экономика және саяси мәселелер бойынша  президенттік билікті шектеуді көздейтінін мәлім етті.

ЕЛШІ МЫРЗА ЫСТЫҚ КӨЛГЕ ШАҚЫРДЫ

Баспасөз мәслихатында Жаныш Рүстенбеков Ыстықкөл курортты аймағының халқы туристерді өздері қорғауға дайын екенін, қазақстандықтарды сол жерде алаңсыз демалуға шақырды. «Біздер барлықтарыңызды Ыстықкөлде күтеміз. Біз үшін бұның экономикалық және саяси маңызы зор. Себебі, туристер қаншалықты көп келетін болса, біздің еліміздегі тұрақтылық та соншалықты мығымдала түседі. Бұл саяси ниет емес, сіздерді қырғыз халқы күтіп отыр. Мен жақында ол жердегі халықпен телефон арқылы тілдестім, олар қазақстандықтар қашан келеді деп сұрап жатыр. Сіздердің турист ретінде  шын мәнінде маңыздарыңыз зор.  Қазіргі уақытта онда тәртіп орнату үшін тек қана күштік құрылымдардың штабтары ғана құрылған жоқ, сонымен бірге ол жердің халқы да туристерді қорғауға дайын. Жасыратын несі бар, олар туристерден түсетін ақшаға өмір сүреді», –деді Ж. Рүстенбеков.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Астана

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s