Астана – инвесторларға бас қала

Кеше Астанада «AstanaINVEST 2010» бірінші халықаралық инвестициялық форумы болып өтті. Қазақстан Үкіметі мен Астана қалалық әкімдігі ұйымдастырған форумның басты мақсатыелімізде қалыптасып отырған инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту, қала экономикасына шетелдік инвесторларды тарту арқылы елімізді әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосу.

Ресей, Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Шығыс Азия мен Парсы түбегі елдерінің үздік қаржы сарапшылары, іскер топ өкілдері, сондай-ақ еліміздің орталық және жергілікті атқарушы органдары, ұлттық компаниялары, даму институттары және басқа да мекемелерден барлығы 700-ден астам делегат қатысып отырған форумды Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің өзі ашты. «Астана – біздің Тәуелсіздігіміздің символы. Сондай-ақ бұдан әрі дамудың локомотиві бола отырып, ең алдымен, өзге қалаларға инвестиция тарту бойынша үлгі болуы тиіс», – деп атап өтті Кәрім Мәсімов форумды ашып тұрып.

Премьердің ойынша, елімізге инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан шаралар елеулі көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. «Бұған осы жылдың бес айында қалыптасып отырған шаралар куә бола алады. Қазіргі таңда қала аумағында заманауи өндірістер пайда болуда. Мысалы, «Дженерал электрик» компаниясымен бірлесіп зауыт құру – шетелдік инвестиция тартудағы көрсеткіштің жарқын үлгісі. Ал Алматыда таяуда өткен инвестициялық конференцияда Астана аумағында шетелдік серіктестермен жоғары технологиялық өндірістерді тарту бойынша бірқатар келісімшарттар бекітілді», – деп атап өтті Премьер-министр.

Шетелдік инвесторлар үшін Астанадан тиімді қала жоқ
Форумда баяндама жасаған Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов жуық аралықта құрылыс саласына қатысты жобалармен айналысатын инвесторларға салықтық жеңілдіктер берілетінін айтты. «Құрылыс саласындағы инвесторларға салықтық жеңілдіктер берілетін болады. Оның ішінде қосымша құн салығы (ҚҚС) бойынша нөлдік мөлшерлеме бекітіліп, жер салығы, мүлік салығы секілді алымдар алынып тасталады», – деп атап өткен қала басшысы бұл мәселе қазір Үкімет деңгейінде қарастырылып жатқанын жеткізді.

Әкімнің мәлімдеуіне қарағанда, бұл шаралардың барлығы да қаламызға заманауи технологияларды тарту мақсатынан туындап отыр. «Жеңілдетілген салықтық және кедендік режим беру арқылы мұнда тек халықаралық инвесторларды ғана емес, заманауи сәулетшілердің ғылыми топтарын тарта аламыз деген үміт бар. Бас-аяғы он жылдың ішінде аймақтық жалпы өнім көлемі 50 есеге ұлғайды. Ел ішіндегі ІЖӨ-дегі Астананың үлесі 1,5 пайыздан 10 пайызға дейін өсіп, ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі жеті есеге артты. Елордамыз Астанаға ауысқалы бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 22 есе өсті», – деді И.Тасмағамбетов.

Елорда әкімі Астананы «Қазақстанның ең қауіпсіз қаласы» деп атады. Оның айтуынша, қала басшылығы бизнес-әріптестердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін өте табысты түрде орындап отыр. Бүгін Астана – Қазақстанның ең қауіпсіз қаласы саналады. Қалада бір тәулікте 10-12 түрлі қылмыс тіркеледі, олардың дені – ұсақ қылмыстар. Бұл – 700 мың халық үшін ең төмен көрсеткіш.

Осы форумда еліміздің негізгі қаржы институттарында да оң өзгерістер бар екені мәлім болды. Мысалы, өткен жылдың ақпан айынан бері мемлекеттің үлесі бар БТА, Альянс, Темір, Халық банкі және Қазкоммерцбанк секілді бес банктегі жеке тұлғалардың депозиттерінің көлемі – 2 трлн теңгеге дейін өскен. Бұл жаңалықты «Самұрық-Қазына» мемхолдингінің басқарушы директоры – басқарма мүшесі Қайрат Әйтекенов жария етті. «Бүгінгі таңда аталмыш банктер – елдегі жалпы депозиттік базаның 60 пайызға жуығына ие. 2009 жылдың ақпан айында жеке тұлғалар депозиттерінің көлемі 1,5 трлн теңге болса, 2010 жылдың мамырында 2 трлн теңгеден асып түсті», – деді ол.

БТА банкіне бәс тігу оңай емес
Форумда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов «БТА банктің» сатылатындығы туралы бейресми әңгіменің де тігісін тарқатты. Бұл мәселе көптен бері айтылып жүрген-тұғын. Алайда банкке бәс тігуге екінің бірі тәуекел ете алмайтын түрі бар. Келімбетов мырза «БТА банкіндегі» мемлекеттік үлесті сатып алуға жарғылық капиталы кемінде 7 млрд АҚШ долларынан астам қаржысы бар банктер ғана қатыса алатынын қадап айтты. «БТА банктің сыртқа әлі де 4,5 млрд доллар қарызы бар. Ал банктің үлесін сатып алатын банк осы қарызды бірден өтей алатындай деңгейде болуы тиіс. Егер біз оны (БТА банкті) қазақстандық банктерге сататын болсақ, сол күні кредиторларға 4,5 млрд АҚШ долларын төлеуіміз тиіс. Ол мүмкін емес. Сол себепті қазақстандық банктер бұл мәселеге араласа да алмайды», – деді ол.

Келімбетов мырзаның сөзіне қарағанда, бүгінге БТА банкті сатып алуға жалғыз ғана үміткер – ресейлік «Сбербанк» болып отыр. «Бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры онымен бейресми келіссөздер жүргізіп жатыр. Ол келіссөздер банк өзінің қарыздарын қайта құрылымдауды 5 қыркүйекте аяқтаған соң ғана ресми сипат алатын болады. Шешім тек коммерциялық түрде болады. Егер Сбербанкпен уағдаластыққа келе алмасақ, онда басқа инвесторларды іздейміз», – деп атап өтті Қ.Келімбетов.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s