Маған генерал атағын алып берген – қазақтың өзі

Жекей ҚАЛИОЛЛАҰЛЫ, Моңғолия Ұлы Хуралының (Парламент) депутаты, Қарулы Күштерінің генералы:

– Жекей мырза, жаһанды жалпағынан басқан қазақ халқының бір бөлігі сонау Алтайдың Қобда бетін мекен етіп қалды. Мекен еткен аумағы бөлек болғанымен, жүрегі «атамекенім» деп соққан қазақтың бүгінгі жай-күйі қалай?

– Рух кернеген қайсар жүрегі мен білегіне ғана сенім артқан қазақ халқының табаны тимеген әлемде жер жоқ шығар, сірә. Бүгінде өздеріңіз білесіздер, талай зұлмат заманды бастан өткерген қазақ халқы қазір әлемнің 44 елінде жүр. Бұлар өзінің елінен, атақонысынан еріккендерінен немесе байлық іздеп кеткен жоқ. Тағдырдың тәлкегімен кетті. Соның бірі – Моңғолиядағы қазақтар. Олар сонау Алтай деген киелі таудың ар жағында мекен етіп жатыр. Сол Алтай тауының төсін бүгінде төрт мемлекеттегі қазақтар тең бөліп еміп жатыр. Бірі – Қытай қазақтары, екіншісі – Ресей қазақтары, үшінші бөлігін атажұрттағы қазақ халқы иеленіп отырса, төртінші бөлшегін Моңғолиядағы ат төбеліндей қазақ мекен етіп жатыр. Төрт елде жатқан осы қандас бауырларды бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайды. Олар бір-бірінен ажырап кете де алмайды. Өйткені олардың ортақ азығы – осы Алтай тауы. Дегенмен де шет мемлекеттердегі қазақ диаспораларының ішінде өз тілін, дінін сол күйінде сақтап келе жатқан аз ғана топтың бірі Моңғолия қазақтары екені даусыз. Олар атажұрты Қазақстанның амандығын тілеумен тірлік етіп жатыр.

– Жақында ғана Моңғолияның астанасы Ұланбатырда дүниежүзі қазақтарының басын қосқан кіші құрылтай өтті. Біздің білуімізше, бұл Шыңғыстың ізі қалған өлкедегі тұңғыш қазақ құрылтайы секілді. Алты Алаштың баласы бас қосқан алқалы жиын дүниенің төрт бұрышын түгендеген қазақ халқы үшін несімен ерекшеленді?

– Бүгінгі таңда Моңғолияда 160 мыңдай қазақ өмір сүріп жатыр екен. Соның 100 мыңнан астамы ұлттық қазақ аймағы Баян-Өлгейде тұрса, қалған 60 мыңға жуығы Моңғолияның ішкі өлкелерінде шоғырланып отыр. Баян-Өлгей аймағындағы тұрғындардың 97 пайызы – қазақтар. Олардың өз мәдени ошақтары, қазақ мектептері, театры және таза қазақ тіліндегі ақпарат құралдары бар. Ел астанасы Ұланбатырдың өзінде 20 мың қазақ тұрады. Сонымен қатар Моңғолияның Дархан, Эрдэнэт, Хэнтий, Налайх сияқты өндірістік аймақтарында да біраз қазақ мекен етуде. Кіші құрылтайдың негізгі мақсаты осы өлкелерде шашырап жүрген қазақтардың басын қосып, проблемаларын ортаға салу болатын. Үмітіміз ақталды. Құрылтайда қазақтың тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалудың амалдарын қарастыру секілді көп дүниеге қол жеткіздік.

Негізі, кіші құрылтайды ұйымдастырған – Ұланбатырдағы Қазақ ұлтының жерлестер одағы. Иә, бұл ұлы жиын моңғол даласында тұңғыш рет өткізілді. Ұланбатырда өз шымылдығын ашқан алқалы жиынға Ресей, Қазақстан және Қытай елдерінен және алыс-жақын шетелдерден 500-ге жуық қонақ келді. Сондай-ақ алты Алаш баласының басы қосылған жиында «Моңғолия қазақтарының саяси-әлеуметтік жағдайы және тіл мәселелері» атты үлкен баяндама тыңдалып, төрт секция бойынша: «Тіл, мәдениет, өнер», «Білім, ғылым», «Сауда, экономика» және «Жастардың көзқарасы» секілді шеттегі қазақтар үшін өте өзекті тақырыптар қозғалды.

– Бәрекелді! Алаш десе ішкен асын жерге қоятын қандас бауырларымыз бір қомданып қалған болды ғой. Құрылтайда қол жеткізілген жетістіктерді тарқатыңқырап айта отырсаңыз…

– Баян-Өлгейден тысқары жатқан, яғни ішкі Моңғолия деп аталатын өндірістік аймақтардағы қазақтардың саны бүгінде 60 мыңға жетіпті. Бұл да жан-жақта шашырап жүрген ат төбеліндей қазақ халқы үшін үлкен қуаныш екені сөзсіз. Бірақ, өкінішке қарай, сол қазақтардың 60 пайызы өз ана тілінен мүлдем мақұрым, қазақы тәрбие мен ұлттық бояудан алыстап барады. Осындай жағдайлардың барлығы кіші құрылтайда жан-жақты талқыланып, нәтижесінде ондағы қазақтардың ұлттық болмысын сақтап қалу мақсатында Ұланбатырдағы Моңғолия мемлекеттік университетінің жанынан қазақ филологиясы факультетін ашу туралы мәселе көтерілді. Қобда бетіндегі азшылық қазақтың бар үміті енді осыған келіп тіреліп отыр.

Сонымен қатар Баян-Өлгейде белгілі ғалым Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің филиалы бар болатын. Басында аталмыш оқу орны Моңғолиядағы ең ірі университеттердің бірі ретінде ашылады деп жоспарланған. Жиында сол оқу орнын қайта жаңғырту мәселесі шешілді. Бұл оқу орнын дамыту мәселесі бұрын да бірнеше рет көтеріліп, соған байланысты осы жылдың басында Шығыс Қазақстан университетінен бірнеше рет арнайы делегация келген болатын. Қазіргі уақытта екі жақ бірлескен оқу бағдарламасын жасап жатыр. Сондай-ақ құрылтайға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет көрсету департаментінің лауазымды қызметкерлері де келіп қатысты. Олармен екі ел арасындағы азаматтық істер жөніндегі келісімдер мен көші-қон мәселесі жөнінде біраз мәселе өз арнасын тапты деп айта аламын.

Тағы бір айта кетерлігі, моңғолдың Революциялық партиясы мен Қазақстанның «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы арасында да бірнеше маңызды келісімдер жасалды.

– Тарихта Шыңғыс хан секілді қаһарлы билеушісімен аты қалған Моңғол елінің қазіргі жағдайы туралы айта отырсаңыз. Жалпы, түп-тамыры төркіндес Қазақ елімен бүгінде қандай ұқсастықтары сақталып қалды?

– Моңғолия – тәуелсіз демократиялық мемлекет. Өзіне жетерлік табиғи байлығы да бар. Халқы аз, 2 млн 600 мың адамды ғана құрайды. Мемлекет сонау Шыңғыс хан дәуірін айтпағанның өзінде, жеке ел болып, тәуелсіздігін алғанына бір ғасыр болды. Ол да Қазақ халқы секілді көшпенділіктен тұрақты елге айналған ел. Жүрген жолдары, тарихы, жалпы дүниетанымы, мәдениеті өте ұқсас. Сондықтан өз басым екі елдің бір-біріне ұқсастығы, берері де мол деп ойлаймын. Қазіргі күннің өзінде екі елдің саяси жүйесінен айтарлықтай алшақтық байқалмайды. Тек басқару жүйесі ғана екі түрлі. Қазақстан – президенттік, ал Моңғолия – парламенттік жүйелі мемлекет. Бар айырмашылық осы ғана.

– Халқымызда «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қанатты сөз бар. Шетте жүрген қандастарымыз өзге елден өгейлік көріп жүрген жоқ па? Оларға ана тілінде білім алуға шектеулер қойылып жатқан көрінеді…

– Жоқ, бұл жаңсақ пікір. Білім алуына ешқандай шектеу жоқ. Мысалы, Баян-Өлгейдегі 36 мектептің 35-і қазақша. Біз соңғы өткен 18 жыл ішінде 2000-нан астам қазақ жастарын шетелдерге оқуға жіберіппіз. Алдағы уақытта бұл санды екі-үш есе арттырамыз деп отырмыз. Сонымен қатар мамандық игеруіне, жұмыс табуына көмектесеміз. Сол үшін «Қазақстан даму қорының» аясында арнаулы бөлімше құрдық. Осыған сәйкес, Баян-Өлгей мен Ұланбатырдан тыс ауылдық жерлерде қосымша жұмыс биржасын ашамыз ба деп отырмыз. Мұның сыртында жеке бизнеспен айналысамын деген жастарға аяғынан тік тұрып кету үшін қаржы тауып беретін қор құрып жатырмыз. Оларға менеджмент жағынан кеңес беріп, шетел фирмаларымен байланыстырамыз.

Тағы бір айта кетерлігі, Моңғолия үкіметі қазақтарға ұлт ретінде емес, моңғол азаматы ретінде қарайды. Қазақ халқы ол жақтан өгейлік көріп жүрген жоқ. Керісінше, қонақжай моңғол халқының ыстық ықыласын көріп келеді. Оған саяси жүйеге байланысты айтып өткен мысалдарым дәлел бола алады. Қазақтардың өзіндік аймағы бар (Баян-Өлгей – автор). Аймағын қазақтар өздері басқарады. Бәрі әділ сайлаумен ғана шешіледі.

Оның үстіне, Моңғол мемлекетінінің негізін екі ұлт ғана құрайды: моңғол мен қазақ. Ата заңында солай жазылған. Әрине, өзге ұлттар да жоқ емес, баршылық. Бірақ тұрақты екі ұлты бар мемлекет деп есептеледі.

Моңғолия 1921 жылдан бастап тағдырдың айдауымен барған қазақтарды өз қамқорлығына ала бастады. 1940 жылы қазақ аймағын бекітіп берді. Ол – қазіргі Баян-Өлгей аймағы. Оларға өз тілінде білім алуына, дамуына толық жағдай жасады. Дінімізге де шектеу қоймады. Моңғол халқына ешқандай да өкпе-назымыз жоқ. Моңғол елі билік төрінде 1921 жылдан бастап қазақтарға тұрақты түрде орын беріп келе жатыр. Мысалы, 2008 жылы өткен сайлауда Парламентке үш қазақ азаматы депутат болып өттік. Қазіргі уақытта Моңғолияның Ұлы Хуралында (Парламент) тұрақты жеті комитет бар. Сол тұрақты жеті комитеттің бірі – Заң және әділеттілік жөніндегі комитеті. Мен сол комитеттің төрағасымын. Бүгінгі таңда екі бірдей қазақ қызын вице-министрлікке қойды. Бірі – білім және мәдениет вице-министрі болса, екіншісі – ауылшаруашылық вице-министрі. Шешуші лауазымды қызметтерде болған қазақтар өте көп. Кезінде министр болған қазақтар да болды. Бүгінгі күнге дейін 21 қазақ министр болыпты. Парламент спикерінің орынбасары да болды. Сол елде жүріп, 130 қазақ ғылым докторы болыпты. Тағы екі қазақ премьер-министрдің орынбасарына дейін көтерілген. «Еңбек Ері» деген құрметке ие болғандардың саны – 20. Бес қазақ азаматы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанса, бүгінде екі Халық жазушысы, бес Халық әртісі атағын алған өнер майталмандары бар екен. Осы үрдіс әлі де жалғасып келеді. Саяси аренада қазаққа деген ешқандай шектеу жоқ.

– Моңғолияда жақында президент сайлауы болып өтті. Жаңа басшыларыңыз билік төріне қандай жаңалықпен көтерілді?

– Басында айтып өттім, Моңғолия демократиялық мемлекет деп. Бұл жақта тек қана халық билігі жүреді. Халық қалай деп шешсе, солай болады. Сайлаудың әділ өтуіне қатты көңіл бөлінеді. Дегенмен қоғам болған соң кемшіліктер орын алып жатады. Жалпы, адамзат қоғамын кері сүйреп келе жатқан жемқорлық мәселесі бізде де бар. Бірақ жемқорлық жайлаған ел деуден аулақпын. Осы жолы сайланған жаңа Президент мемлекеттің ең басты ұраны – демократияны одан әрі дамытуға ерекше ықылас білдіріп отыр. Жемқорлықпен күресті бірінші орынға қойды. Ел экономикасын дамыту үшін шетелден инвесторлар тарту, білім беру, әлеуметтік сала, медицина саласын алға сүйрейтін екпінді жобалар жасауға шақырды. Қысқасы, Моңғол мемлекетін рухани сауықтыру жолында жұмыс жасайтынын білдірді.
Сондай-ақ Моңғолияның негізгі ұстанымдарының бірі – заң жүйесін дамыту. Парламентті осы бағыттарда үлкен жұмыстар атқаруға шақырды. Тағы бір айта кетерлігі, қазіргі Президент Цахиагийн Элбэгдорж – сол жердегі қазақтардың арасынан шыққан тарихшы Зардыхан Қинаятұлының төл шәкірті. Қинаятұлы моңғол демократиясының атасы саналады. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш, бақыт. «Осындай азаматтың шәкіртімін» деп Моңғолияның жаңа сайланған Президентінің өзі де бірнеше рет айтып өтті.

– Жаһандық дағдарыс дауылы сіздерге қалай әсер етіп жатыр? Бір мемлекеттің заң шығарушы органының өкілі ретінде осы бір дауылға көзқарасыңыз қандай?

– Негізі, бұл дағдарыс дамудың көшін бастаймыз деп аттандап келе жатқан Батыстың өзінен бастау алды ғой. Рас, дағдарыс көптеген мемлекеттерді тұралатып жіберді. Бізге де оңай тиген жоқ. Дүниежүзілік дағдарыс дауылы Моңғолияның экономикасына, әсіресе, банк жүйесіне қатты әсер етті. Дегенмен қандай дағдарыс болсын өтеді. Ол өтеді деп қарап отыруға тағы болмайды. Қиындықтан шығар жолды іздеген жөн. Дәл қазіргі уақытта тұрақтылық пен тұрақсыздық екеуі де қатар жүріп келеді. Түптің түбінде осы дағдарыстың дауылын Азия мемлекеттері сейілтетін болады.

– Қазақстанның даму жолы мен ұстанған саясаты көптеген мемлекеттер тарапынан қолдау тауып жатады. Қонақжай қазақ халқының осы беталысын өздерін Көк түріктің текті ұрпағының біріміз деп сезінетін моңғол бауырлар қалай бағалайды?

– Осындай ұланғайыр жерге ие болып қалған қазақтың ерлігі қашан да мақтауға тұрарлық дүние. Атам қазақ көптеген көшпелі халықтар секілді тарих қойнауында қалып қоймады. Өзінің тілі мен ділін сақтап қалды. Соның дәлелі – осы баянды Тәуелсіздігіміз. Оның өзі оңайға түскен жоқ. Талай зұлматты бастан өткердік. Бұл – ащы тер мен төгілген қан арқылы келген Тәуелсіздік. Біз шетте жүрсек те, жүрегіміз «елім, жерім» деп соғады. Алтай қазақтарының көбі Қазақстан өз Тәуелсіздігін алған соң тарихи Отанына көшіп келді. Олар сол елдің дамуына үлес қосып жатыр. Қазақстан – дұрыс жолмен келе жатқан мемлекет. Барлық мақсат-тілегі орындалып жатыр. Оған «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының 12-съезіне барғанда өзім куә болдым. Съезге Моңғол халық революциялық партиясының атынан қатыстым. Қазақ халқына Моңғолияның бұрынғы Президенті Намбарын Энкбаярдың жалынды сәлемін, құттықтауын жеткіздім. Ойлап қараған адамға астананы көшірудің өзі үлкен ерлік. Қазақ пен моңғол Көк түріктің қос арыстаны іспеттес. Олар тарих қойнауында бірге жасасып келеді. Сондықтан олар ешқашан бір-бірінен ажырап кете алмайды.

Қазақстан – БҰҰ-ға мүше, алдына қойған үлкен мақсаты бар мемлекет. Аз уақыттың ішінде дамыған 40 мемлекетті қуып жетіп отыр. Бүгінде Азия құрлығындағы жетекші елдің біріне айналды. Баянды Тәуелсіздігі мен аса бай табиғи ресурстары бар қазақ елінің болашақта алар асуы көп. Оған өз басым толық сенімдімін.

– Өзіңіз қалай бағалайсыз?

– Қазақстанда 160-тан астам ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Оған таласым жоқ. Жалпы, Азия Еуразияда шешуші, екпінді құрлыққа айналып бара жатыр. Дүниенің күллі байлығы мен тағдыры тек қана Азияның қолында тұр десем, артық айтпаған болармын. Соның ішінде Қазақстанның ықпалы кемелденіп келеді. Олай дейтінім, қазақ халқы талай-талай бастаманың негізін қалады. Оған жақында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының ІІІ съезін айтуға болады.

Халықаралық жиындардың бірінде Нұрсұлтан Назарбаев жалпы Азияға ортақ валюталы ел болайық деген пікір айтты. Сол жиынға Моңғолияның премьер-министрі Санжаагийн Баяр қатысқан болатын. Елге қайтқан соң ол журналистерге берген сұхбаттарында ортақ валютаға қатысы бірнеше рет жақсы пікірлер айтты. Еуропада өзіндік валютасы бар. Америка Құрама Штаттарының өзіндік ақшасы бар. Азия құрлығының неге өзіндік валютасы болмасқа? Мұндай ой әркімнің басында болған-ақ шығар. Бірақ алғаш рет қазақ елі өкілінің аузынан шығуы – біз үшін үлкен мақтаныш.

– Сіз шеттегі қазақтардың ішінен шыққан тұңғыш генералсыз. Шыныңызды айтыңызшы, шетелдегі қазақтардың ішінен шыққан тұңғыш генералы болу – ең алдымен, барша қазақтың намысы, екіншіден, жеке бас мақтанышы. Сіз үшін қайсысы маңызды?

– Жоқ, олай деп айтуға болмайды. Тарихқа қиянат ету қылмыспен пара-пар. Моңғолия қазақтарынан үш генерал шыққан. Алғашқысы Дәлелхан Сүгірбайұлы болатын. Ол – 1945 жылы Шығыс Түркістан Республикасының ұлттық армиясы атты әскерінің қолбасшысына тағайындалып, генерал-майор шенін алған адам. Қазақтан шыққан тұңғыш генерал сол кісі. Екіншісі – Моңғолияның әуе күштерінің қолбасшысы, ұшқыш Жайсанып Мүдәрісұлы деген қазақ. Моңғолияда алғаш рет генерал шені пайда болып, 10 адамға берілгенде мұндай құрметке қазақ ұлтынан осы Жайсанып ие болған. 2007 жылы осындай құрметке үшінші болып мен, Қарулы Күштер генералы деген атаққа ие болдым. Осылайша, қазаққа генерал атағы 64 жылдан кейін барып қайта оралды.

Мен үшін ең алдымен қазағымның намысы басым. От пен оққа сол үшін түстік. Бұл менің мықтылығымнан немесе кереметтігімнен емес, әрине. Мен ең алдымен қазақ ұлтының өкілімін. Мұны моңғолдардың сол қазақ ұлтына көрсеткен құрметі деп білемін. Әскери адам болып, шекара әскерін басқардым. Оның барлығы да осы қазақ халқының арқасы. Қобда бетіндегі қазақтар осы бейбіт заманға дейін небір зұлматты бастан кешірді. Олар моңғол халқымен бірге күресті. Аштық пен суыққа бірге төзді. Мемлекеттің қауіпсіздігі мен шекарасын, ел тыныштығын бірге күзетті. Моңғол халқы қазақтың осы ерлігін бағалады деп ойлаймын. Алтай деген киелі тауда тірлік еткен қазақ халқы Моңғолияның үлкен бір бөлшегін қорғап қалды. Жерін қаз-қалпында сақтауға атсалысты. Әйтпесе қазақтан шыққан талай тұлғалар болды. Соның ішінде генерал атағына жетіп жығылған азаматтар да бар еді. Мені осындай тау-тұлға азаматтардың еңбегі көтеріп кетті. Қысқасы, маған генерал атағын алып берген – қазақтың өзі.

Әңгімелескен  Бүркіт НҰРАСЫЛ

30 Шілде 2009

Алаш айнасы газеті

Advertisements

One response to “Маған генерал атағын алып берген – қазақтың өзі

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s