Тіл дамиын десе, халық саны мен көрсеткіштерге қарамайды

Әлқисса…

Кейде осы шенеунік көкелерімізге қарап таң қаламын.  Кит етсе болды шетелден маман шақыртуға даяр тұрады. Өзінің қолынан келмей жатса бір сәрі! Ал қазақ тілінің «қамы үшін» шетелден адам шақырып керегі не? Елімізде тіл маманы жетпей жатқандай жақында ғана мемлекеттік тілдің мерейін өсіреді деп жер-жаһанға сауын айтып жарнамалаған Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын жасауға Америкадан арнайы маман шақыртыпты. Онысы – төбесі тесік (қазақ тілін біледі дегенім ғой…) американдық  доктор Уильям ФИЕРМАН (суреттегі) болып шықты.  Бағдарлама ФИЕРМАН мырзаның ақыл-кеңесі бойынша дайындалыпты. Журналистің іздегені бәле, «Уильям ФИЕРМАН деген қандай адам болды екен» деп іздеп тауып алып сөзге тартып көрдік. Былай қарасаң жап-жақсы, қазақша әжептәуір сайрап тұр, (министр көкелерімізден көш ілгері) ар жағында не саясат жатқаны белгісіз, өзін «қазақ тілінің жанашырымын» деп қояды. Енді сіздердің назарларыңызға осы мемлекеттік тілдің жанашыры  – ФИЕРМАН мырзамен болған сұхбатты ұсына кетуді жөн көрдім… Мархабат!!!

Уильям ФИЕРМАН, АҚШ Индиана университетінің профессоры, саяси ғылымдар докторы:

– Фиерман мырза, қазақ тілін қайда жүріп үйрендіңіз? Жап-жақсы, жатық сөйлейтініңізге таңғалып отырмын.
– Рақмет! Мен қазақ тілін кітап-журналдардан оқып үйрендім.
– Қазақ тілін үйрену қиын болған жоқ па?
– Жоқ! Онша қиын болмады. Мен тіл маманы емеспін. Саясаттанушымын. Қазақ тілін үйренбестен бұрын түркі тілдерінің біразын, әсіресе өзбек тілін жақсы білетінмін. Яғни қазақ тілін үйренерден бұрын менде негіз болды деуге болады. Қазақ тіліндегі кітап-журналдарды оқи отырып, тез арада біршама деңгейде меңгеріп кеттім. Жалпы, түркі тілдерінің бірін білсеңіз, басқа түркі тектес халықтардың тілін үйреніп алу оңай. Жалпы, мұндай сұрақ өте көп қойылады. Қайда барсам да, кезіккен адамдар қазақшаны қалай үйренгенімді сұрап жатады. Бұл, меніңше, өз тілін үйренгісі келмейтін немесе үйренуге өте қиын деп сылтау айтатын адамдардың сауалы секілді көрініп тұрады.
– Демек, қазақ тілін үйренуге мамандығыңыз себеп болған ғой?
– Иә, солай. Мен Қытайдағы және бұрынғы Кеңес Одағы қол астындағы елдердің тіл саясаты мәселесімен айналысқандықтан, Орталық Азия аймағындағы тілдерді үйрену қажеттілігі туындады. Алдымен өзбек тілінен бастадым. 1976 жылы мен Ташкентте диссертацияға деректер іздеп барып, бір жылдай уақыт сол жерде тәжірибеден өттім. Диссертациям қорғалып, Америкаға кетсем де, өзбек тілінен қол үзбедім. Көп жылдар бойы өзбектермен жұмыс істедім. Ал 80-жылдардың екінші жартысынан бастап қазақ тіліне ден қоя бастадым. Қазақ тілінің ұшан-теңіз байлығы бар. Бір елді тану үшін алдымен оның тілін білген дұрыс емес пе? Сол себепті мен қазақ тілін өз бетімше кітаптардан үйрене бастадым. Бір жақсысы, өзбек тілін білгендіктен, маған бұл тілді меңгеру онша қиын болмады. Бірақ мен қазақ тілін меңгеру жолында аз тер төктім деп айта алмаймын. Оқулықтар, қазіргідей әдістемелік құралдар болған жоқ. Маған ең ауыр тигені – Қазақстанда тілдік ортаның болмауы. Сол себепті мен қазақ тілін орыс тілі арқылы меңгеруге мәжбүр болдым. Газет-журналдарға жазылдым. Қазақстаннан арнайы алдыртып отырдым.
– Қазақ тілін зерттеп жүргеніңізге 20 жылдай болып қалыпты. Маман ретінде қазақ тілінің кешегі жайы мен бүгінгі күйін қалай салыстырар едіңіз?
– Қазақстанда бүгінгі таңда тіл мәселесі ушығып тұрғанымен, екінші жағынан, тілдік толеранттық бар. Қазақстандағы жағдай көршілес дейміз бе, бұрынғы посткеңестік елдермен салыстырғанда мүлдем басқаша. Мысалы, Түрікменстанды алып қарайық. Онда бар-жоғы жалғыз ғана орыс мектебі бар. Оның өзі орыстардікі. Ал 8 пайыз өзбек тұратынына қарамастан, бір ғана өзбек мектебі бар. Оқушылар өзбек болса да, орыс болса да, түркімен халқының ұлттық киімін киіп жүреді. Бұл толеранттыққа жатпайды. Қазақстанда жағдай өзгеше.
Ел өз Тәуелсіздігін алған соң, халық бүгін болмаса да, ертең немесе бір аптадан соң жаппай қазақ тілінде сөйлеп кетеміз деп ойлады. Бірақ оған алғышарттар болмады. Осындай себептермен 90-жылдары Қазақстанда алдағы бес жылда іс жүргізу толықтай қазақшаға көшірілетіндігі айтылған қарар қабылданды. Кейін Тәуелсіздік жылдары БАҚ туралы заң қабылданып, онда қазақ тілінің телеарналардағы үлесі 50 пайыздан кем болмауы керектігі жазылды. Бірақ олай болмады. Себебі қазақ тілінің аясы адам аярлықтай жағдайда болды. Ең бастысы, бірден тілдік үстемдік құрып кетуге қазақ халқының демографиялық жағдайы келмеді. 1989 жылғы санақтың нәтижесі қандай болғанын білесіз, Қазақстандағы қазақтардың саны жалпы халықтың 40 пайызына жетер-жетпес болды. Осы шамалас үлесте орыстар болса, қалған 20 пайызын өзге ұлттар құрады. Қаладағы әрбір қазаққа екі орыстан келді. Бұл дегеніңіз қазақтілді орта мүлдем болмады деген сөз емес пе?! Ондай ортада қазақ тілінен білім беретін білікті мұғалімдердің де саны шамалы болатыны белгілі. Сондықтан қазақ тілін ел Тәуелсіздік алып жатқан жылдары бірден игеріп әкету мүмкін болмады. Өзіңіз ойлап көрсеңіз, сол кезде Қостанай мен Петропавл қалаларында қазақтардың саны небәрі 10 пайыз ғана болатын. Ал солардың ішінде тек жартысы ғана қазақ тілінде жаза алды. Жоғары оқу орындарында қазақ топтар оқулықтың жоқтығынан бәрібір орыс тілінде білім алды. Сапа мәселесіне көңіл бөлінбеді. Бұлай асығыс жасалған жоспарлар арқылы қазақ тілін көтере алмайтынын ол кезде ешкім байқамады. Мәселе тілдік көрсеткіштерде емес. Мейлі, қазақ тіліндегі ақпарат құралдарындағы тілдік үлес 100 пайызға жеткізілсе де, сапа жоқ жерде ештеңе өнбейді. Көрермен бәрібір сапасы жоғары ресейлік арнаны тамашалайтыны сөзсіз.
– Сонда сіздің ойыңызша, жиырма жыл ішінде ештеңе өзгермегені ме?
– Жоқ, олай емес. Көп дүние өзгерді. Қазақ елі Тәуелсіздік алғаннан бері біраз дүние өзгерді. Тілдің қолданылу аясы, әсіресе қалалардағы ортасы кеңейіп келеді. Оған бір-ақ мысал айтайын, осыдан 20 жыл бұрын демей-ақ қояйын, 10 жыл бұрын Алматы мен Астана қалаларының көшелерінде қазақ тілінде сөйлесетіндер өте аз болатын. Сол кезде сондай-ақ телеарналарда қазақша бағдарламалар мен деректі фильмдер өте аз болатын. Бүгін бұл көрсеткіш жоғарылап келеді. Сонымен қатар қазақ мектептерінде оқитын қазақтардың пайыздық үлесі артты деуге болады. Жағдай біршама жақсарды. Дегенмен кемшіліктер әлі де көп. Оны жасыруға болмайды.

Оған, мен басында айтып өткендей, кезінде жасалған асығыс-үсігіс қадамдар себеп болды. Бұлар керісінше, қазақ тілінің беделін түсіріп алды. Кеңес Одағы республикаларында, атап айтқанда, Балтық жағалауы елдерінде тіл дамыту мәселелерін жоспарлаудың нақты жағдайға сәйкес келмейтін моделі қабылданды. Ол жобалар шынайы ахуалға бейімделмеген болатын. Ең алдымен, тілдік үстемдікке мемлекеттің өзі дайын болуы керек. Осындай себептермен «қазақ тілінде жасалған дүниенің бәрі сапасыз» деген түсінік қалыптасып алған.
– Оның себебі неде деп ойлайсыз? Сіз секілді шетелдік азаматтар ерекше ықылас танытып үйреніп жатқан қазақ тілі өз халқынан неге өгейлік көруі тиіс?
– Мұның себептері көп. Ең алдымен, тілдің өзін дамыту керек. Қазақстандағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi. Мемлекеттiң аты – Қазақстан. Сөйте тұра, қазақ тілі дамымайды. Қазақстанда басқа мемлекеттермен салыстырғанда сауаттылық деңгейi өте жоғары, бiрақ оқу бітіретіндердің басым көпшiлiгi басқа тiлде бiлiм алады. Мәселе осында тұр. Қазақ тiлi орыс мектептерiнде негізгі пән ретiнде оқытылуы тиіс.
Тіл дамиын десе, халық саны мен көрсеткіштерге қарамайды. Ең бастысы, жаңаша құрылымданған оқыту жүйесі мен ынта болуы керек.
Бүгiнде iсқағаздар жүргiзу 80 пайызға жуық мемлекеттiк тiлге көштi деп айтады. Бiрақ мұның шын мәнiнде қалай жүзеге асып жатқанын бәрiмiз де бiлемiз ғой. Құжаттарды орыс тiлiнде жазады да, қазақшасы аударма ретiнде қалады.
Әлсiз, сапасыз тілді оқыту әдiстемелері мен оқулықтар мемлекеттік тіл мәселесіне айтарлықтай зиян келтіріп отыр. Бұл жерде мазмұнды кітаптар баршылық. Талай-талай жақсы дүниелер шығып жатыр. Алайда олардың таралымы өте аз әрі қымбат. Халыққа түгел жетпей жатады. Сол өзі аз данамен шығарылған құнды дүниелерді сататын орындар да көп емес. Мен өзім Астанаға келген сапарымда қазақша кітаптар сататын дүкендердің аздығын байқадым. Сосын жаңа қала – Астаналарыңыз да өте жоғары қарқынмен дамып келеді. Бірақ елордадағы зәулім ғимараттар мен көңіл көтеретін орындардың барлығы дерлік орысша, ағылшынша атаулармен аталады екен. Бұл да тіл мәселесі мен ұлттық тәрбиеге айтарлықтай тұсау салады.
Алдағы уақытта Қазақстанда тілдік жағдай біршама оңалады деп ойлаймын. Себебі келесі онжылдыққа арналған Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын қабылдағалы отыр. Бағдарлама жобасын мұқият оқып шығып, өз басым оны қолдау қажет деп есептеймін. Бағдарлама жұртшылық назарына ұсынылған күні мен өз пікірімді білдіргенмін.
– Айтпақшы, сіздің осы бағдарламаның жобасын әзірлеуге кеңесші ретінде арнайы шақыртылғаныңызды білеміз. Маңызы зор бағдарлама жобасына атсалысқан маман ретінде не айтасыз?
– Бұл – маңызы өте зор бағдарлама. Мен өз басым мұндай бағдарламаның әзірленгеніне қатты қуандым. Өйткені мен де қазақ тілінің жанашырымын ғой. Ең бастысы, мұнда тілді үйрету жолдарына ерекше көңіл бөлінген. Онда тілді балабақшадан бастап, жоғары оқу орындарына дейін оқыту мәселесі қаралған. Өз ойымша, тілді үйрету деңгейін көтеру үшін жақсы ұстаздар қажет. Ал мектепке жақсы ұстаз тарту үшін еңбекақыны көбейту қажет. Бағдарламада бұл мәселе де жақсы қамтылыпты.
Екіншіден, онда БАҚ-тарда балалар мен жастарға арналған қазақтілді контентті кеңейту қажеттігі жазылған. Мен осы ретте сондай-ақ балаларға арналған бағдарламаларға да назар аударуды ұсынар едім. Бала кішкентайынан өте әдемі қазақ тілін тыңдап өссе, кейін мектепке барғанда оған білім беруді «А» әрпінен бастаудың қажеті де болмайтыны сөзсіз.
Үшіншіден, тілді үйретуде алдымен грамматика мен коммуникативті әдістерге басымдық берілетіні ұнады. Сонымен бірге терминология мен ономастиканы дамыту бойынша қолға алынбақ шаралар көңілге қонымды болды.
Төртіншіден, бағдарламада Қазақстанға өзге ұлттардың тілдері де өте маңызды екендігі қадап айтылған. Оның ішінде орыс тілі де бар. Болашақта орыс тілі маңызын жоғалтпайды, шамаға қарай ол сақталып қалады, онымен бірге ағылшын тілін білу деңгейі арттырылатын болады.
Дегенмен кемшіліктер де бар. Мені «мынаны мұнша пайызға орындау керек, мынаны мұнша пайыздық деңгейге жеткізу қажет» деген сипаттағы қаптаған сандар аздап қорқытып отыр. Сандық көрсеткіштер маңызды, оған таласым жоқ. Бірақ сапа маңыздырақ екенін ұмытпағанымыз жөн.
Құжатта қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде, Қазақстан халқын біріктіруші негізгі факторлардың бірі ретінде қарастыру айтылған. Сонымен қатар орыс тілінің де кеңістігін сақтай отырып, басқа тілдерді дамытуға жағдай жасалмақ.
– Сіз маман ретінде орыс тілінің қазіргі рөлін сақтай отырып, қазақ тілін дамытамыз дегенге келісесіз бе?
– Әрине, келісемін. Дегенмен мен ағылшын болғандықтан, өзге ұлттардың тілін дамыту мәселесіне қатысты пікір айта алмаймын. Сондай-ақ «АҚШ-қа қоныс аударушы халықтардың барлығының тіліне қолдау білдірейік» деген мәселені өз басым көтермес едім. Ал Қазақстанда жағдай басқа. Орыс тілінің дәурені жүріп тұр. Түйінді тарқатуды алдымен мектептерден бастау керек. Бұз – ұзаққа созылатын үрдіс.
– Әңгімені Отаныңызға, мұхиттың арғы жағы – Америкаға қарай бұрсақ. Ол жақта сіз секілді қазақ тілін үйреніп жүргендер аз шығар?
– Бізде қазақ тіліне сұраныс өте төмен. Бұған себеп қазақ тілінің өз еліндегі сұранысына байланысты. Америкалықтар Қазақстанда қос тіл – қазақ және орыс тілі бар екенін біледі. Алайда олардың екі тілді бірдей үйренуге мүмкіндігі жоқ. Ақшасы не қаржысы жетпейді. Біреуін таңдайды. Ол, әрине, орыс тілі болады. Себебі мұнда орыс тілі үстем. Себеп – осы.
– Университеттеріңізде қазақ тілі оқытыла ма? Жылына қанша студент қабылдайсыздар?
– Былтыр болған. Биыл бола ма, жоқ па – оны айта алмаймын. Студенттер аз болса тиімсіз ғой. Университет шығынын өтей алмайды. Бізде жазғы уақытта қазақ тілі оқытылады. Екі деңгейде – бастауыш және тереңдетілген түрде. Сабақ сегіз апта бойы жүреді, әр күні – төрт сағаттан.
Ал университетте қазақ тілін оқуға ниет білдіретін студенттер өте аз. Жылына төрт-бес студент қана. Қазақ тілін үйрену біз үшін емес, ең бастысы, қазақ халқының болашағы үшін қажет. Өз тіліңді шетелде оқып жатса, үлкен қуаныш емес пе? Қазақстанның әлемге танымалдығы артар еді. Америкада Қазақстанды онша біле бермейді. Студенттеріміз «Боливияға әлде Ливияға жақын ба» деп сандырақтап жатады.
– Орта Азия төрінде шаңырақ көтеріп отырған Қазақстандай алып елді білмей жатуы – Америка секілді алпауыт елдердің атына сын, білім сапасының төмендігі немесе жалпы халықтық сауатсыздық деген ой тудырмай ма?
– Иә, рас айтасыз, Америка халқы география және тарих жағынан сауатсыз болады. Сонымен қатар тіл мәселесі де өте күрделі. Әлемде басқа ешбір халықтың тілін білмейтін халықтар болса, соның бірі – Америка.

Aлашқа айтар датым бар…
Мен Моңғолияда болдым. Былай қарасаңыз, Моңғолия Қазақстан сияқты бай мемлекет емес. Бiрақ Моңғолияның кiтап дүкендерiнде балаларға арналған оқулық-кiтаптар өте көп. Қазақстандағы жағдайды мұнымен салыстыруға да келмейдi. Мемлекет балаларға арналған сапалы кiтаптардың көптеп шығарылуына мүдделi болуы тиiс. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда қазiр шығып жатқан кiтаптардың бағасы өте қымбат. Сапасыз оқулықтар мен сөздiктер, бiлiктi мамандардың жетiспеушiлiгi қазақ тiлiнiң беделiн түсiрiп, оның мазмұндылығына, шұрайлылығына күмән келтiрушiлердiң қатарын арттырып отыр.

Әңгімеңізге рақмет.

Бүркіт Нұрасыл

Астана


Advertisements

3 responses to “Тіл дамиын десе, халық саны мен көрсеткіштерге қарамайды

  1. Тамаша сұхбат! Тамаша! Қазақ тілінің тағдыры бұлыңғыр. Ұрпағымның болашағы қатты ойландырады. Тіл құрыса, халық та жойылмақ. Болашағымызды ойлайықшы, АҒайындар! Ана тілімізді үйренуіміз керек, білуіміз керек намыс қайда қазақ жұрты?!…

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s