Ораза ұстау – мұсылман баласына міндеттелген бес парыздың бірі

Ораза ұстау – мұсылман баласына міндеттелген бес парыздың бірі Құрметті, мұсылман бауырлар!!! Бүгін міне күллі мұсылман атаулының жолбастаушысы – Құран Кәрім аяттары түсе бастаған қасиетті ай –  Рамазан келіп жетті. Рамазан – Алла тағаланың мейірім нұры жауатын, шарапаты мол, iзгi ниеттi iске сауабы көп, жыл он екi айдың ең қадiрлі айы. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!!! Арнайы діни сауатымыз болмаса да Алладан тілек тілеп, Алланың разылығы үшін күні бойы тамақтан тиылып, ораза тұтып жүрген жамағатқа аз болса да көмегі тиер деген ниетпен www.oraza.info және www.rasulullah.kz сайттарын ақтарып отырып, блогқа біраз кеңестер алып қостық:

Ораза ұстау – мұсылман баласына міндеттелген бес парыздың бірі. Құранда: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» – делінген («Бақара» сүресі, 183-аят).

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) бір хадисінде Алла тағаланың былай деп бұйырғанын жеткізген:

«Адам баласының барлық амалы өзі үшін … Алайда оразаның жөні бөлек. Оның қарымын тек Мен беремін. Өйткені ол тек менің разылығым үшін ішіп-жеуден бас тартты. Ораза ұстаған адамның екі қуанышты сәті бар: біреуі ауызашар уақыты, екіншісі Алла тағаламен қауышар сәті. Ораза ұстаған адамның аузынан шыққан иіс Мен үшін жұпар иісті мисктен артық».

Ораза ұстағандар үшін мұстахап (жақсы) нәрселер

Ораза ұстағандарға мына нәрселерді жасау — мұстахап*:

1. Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл тұрғыда: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар» (Бухари, Саум, 20). Басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Аллаһ сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді» (Ахмед ибн Ханбәл, III, 44), – дейді.
Екінші шапақ атқанға дейін сәресіні кешіктіру де — мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Үмбетім ауыз ашарда асығып, сәресіні кешіктірген уақытта әрқашан жақсылықта» (Бухари, Саум, 45), – деген.

2. Ауызды ақшам намазынан бұрын ашу. Намазда адамның көңілі ауыз ашуға ауып тұратындықтан, ауыз ашуға асығу — мұстахап. Бұған жоғарыда айтылған хадис куә. Сонымен қатар, ауызды құрма немесе сумен ашу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) осылай ашқан.

3. Ауыз ашарда мына дұғаны оқу — сүннет:
Оқылуы: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мә аххарту». «Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».

(Ауыз бекітерде айтылатын дұға. Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә. Аллаһу акбар!». “Таңертеннен кешке дейін Аллаһтың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім. Аллаһ ұлық!”)

4. Аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ-жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарга шақырып тамақ берген — ораза ұстаган адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді» (Тирмизи, Саум, 82; Ибн Мажә, Сиям, 48).

5. Таң уақыты кірмей жүніптік, хайыз және нифастан тазалану: Мұндағы мақсат – оразаны таза бастау. Бірақ аузы берік тұрып, жуынуға да болатынын ескерте кетейік. Мұндай кезде судың тамаққа кетіп қалмауын қатты қадағалау керек. Әйелдің хайыз яки нифас мерзімі түнде аяқталып, оразаға ниет етсе, және де жүніп кісі жуынбай ораза ұстаса, оразасы жарамды.

6. Аузы берік адамның жақсы сөздер сөйлеуі, бос сөз бен орынсыз іс-қимылдардан бойын аулақ ұстап байсалдылық танытуы – мұстахап. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жалған сөйлеу мен жалған сөздермен әрекет етуді қоймаған адамның ішіп-жеуді ғана доғаруы Аллаһқа қажет емес» (Ахмед ибн Ханбәл, VI, 34). Басқа бір хадисінде: «Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайдасы болмайды. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай пайда таппайды» (Ибн Мажә, Сиям, 21). Сонымен қатар, Рамазанда «Мен оразамын» деу – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін» (Бухари, Саум, 2).

7. Аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, ғылыммен, Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізу керек. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанда «Жебірейіл екеуі бір-біріне кезекпе-кезек Құран оқып, тыңдасатын» (Бухари, Бәдул-Уахи, 5).

8. Жалпы Рамазан айының ең соңғы он күнінде иғтиқафқа кіру – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Рамазанның ең соңғы он күнінде көп ғидабат жасайтын (Муслим, И’тиқад, 8).

* мұстахап – жақсы көрілген амал деген мағына береді, істесе сауап, істемесе күнә емес.

«Ислам ғылымхалы» кітабынан

Advertisements

3 responses to “Ораза ұстау – мұсылман баласына міндеттелген бес парыздың бірі

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s