КӨК БАЙРАҚ – ҚОҚЫС ТАСИТЫН ЗЕМБІЛ

Бұл материал негізі  осыдан екі жыл бұрын «Заң» газетіне басылған болатын. Кезінде біраз қоғамдық пікір тудырып барып басылып қалған. Көк байрағымызды қоқыс тасып жүрген қарындастардың қолынан алып көкке көтеруге әбден құлданып қалған санамыз жол бермеді. Содан бері біршама уақыт өтті. Алайда, рәміздеріміздің бұлайша аяққа тапталуы оқиғалары жиі қайталанатын үрдіске айналып алды. Оған бір мысал, блогымда өткенде «Қазақстан» сөзін теріс қаратып алып жазып жүрген жастарымыз туралы материал қойған болатынмын…

…Хас дұшпанымен айлап алысып, жылдап жағаласып алақандай жер үшін ғасырлар бойы тыным көрмеген бабалардың аруағының алдында ұятты болдық. Ұлдан ұят, қыздан адам сүйер қылық кетті дегенге сенбеуші едік. Үміттің үлкенін жастарымыздан күтетін едік. Айдың күннің аманында, күллі жұрттың көзінше көк байрағымызды қорлапты сөйткен жастар. Еліміздегі оқу орындарының бірінде өткен сенбілікте кәдімгі көк байрағымызды зембіл етіп, қоқыс тасыпты.

Қолымызға осы туралы ет жүрегімізді бордай езетін материал түсті. Әлгі көк байрақпен қоқыс тасыған сенбілікті біреулер қалта телефонның бейнекамерасына түсіріп алған екен. «Көрмейін десем көзім бардың» кебін кидік те қалдық. Атам қазақ анталаған дұшпанға сес көрсетіп, көк сүмбіге іліп көлденең ұстаған байрағымыздың ел көзінше қоқыс таситын зембілге айналып шыға келгенін естіп пе едіңіз?! Естімесеніңіз енді естіп-білетін боласыз. «Ел ертеңі – жастар» дегенді күнде айтамыз. Міне ертеңгі болашақ, еліміздің тұтқасы деп жүрген жастар құдай сүймес қылыққа барып отыр. Ұлттың намысын жерге таптады.

Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, көк туымызды қорлайтын сенбілік өткен оқу орыны Тараз қаласында орналасқан. Осындағы Абай атындағы гуманитарлық колледждің студенттері көрінеді. Өкінішке орай, бұл мәліметті түпкілікті анықтай алмай отырмыз. Бейнежазбада оқу орнының арт жағы ғана көрінеді (ғимарат толық көрінетін суретті қараңыз – автор). Жергілікті тұрғындардың ажырата алуы да мүмкін. Оқу орыны екені анық: студенттердің өздері оқитын ғимараттың алды-артында ғана сенбілікке шығатыны белгілі жайт.

Көрініс қалта телефонымен түсірілгендіктен бейнежазбаның сапасы онша емес. Бірақ, кейіпкерлердің ұятты қылықтарын ап-анық байқауға болады. Екі қаракөз қарындасымыз ұлт нышаны – аспан түстес жалаумен қоқыс тасып барады. Өздеріне дән риза. Езулерінде күлкі. Керек десеңіз, түсіріп отырған адамға қарап қолын бұлғайды бір «қаракөз қарындас». Ақыры жұмыстарын бітірген соң жол жиегіне лақтырып кете барды! Иә, айдың күннің аманында көк байрағымыз қорланды! Өзгенің қолымен емес, өзегін құрт жайлаған жастарымыздың қолымен жасалып отыр. «Ел болам десең бесігіңді түзе, үй болам десең есігіңді түзе» дейді қазақ. Көк байрақ елдігіміз бен ертеңіміздің тігегі – ана болып бесік тербетіп, күллі әлемді аялайтын қыздардың қолында «жыртылып» барады. Ұят-ай!!!

Сол жастар байрақпен бірге қоқысқа бүтін бір ұлттың, қала берді төрткүл дүние түгел мойындап болған мемлекеттің намысы, абыройы лақтырылып бара жатқанын, қазақтың арын тірідей жерге көміп жатқанын біле ме екен?! Әй, қайдам, білсе бұлай қылмас та еді. «Қазаннан қақпақ кеткенде иттен ұят кетеді» деген осы да.   Жыраулар айтып өткен, «қилы заманның болғаны, қарағай басын шортан шалғаны» осы ма екен… Кезінде Елорда төрінен бабалардың ескерткішін танымай құрбысының алдында қара бет болған «болашақ атқамінерді» де көрген едік. Шыққыр көз одан да зорды көрді, міне.

Батысқа еліктеп, өзгеден тәлім алған ұрпақ санасы, дүниетанымы басқаша қалыптасып кетті. Бұндай ұрпақтан (әсіре, осы бейнежазбаның кейіпкерлерінен) енді Қазыбектің қазылығын сұрап, Абылайдың айбаты мен Абайдың ақылын іздеу ақымақтық болар еді. Ғасырлар бойғы азап пен қасіреттің арқасында жеткен тәуелсіздігіміздің мәнін ұғудан ада қалыппыз. Алдағы уақытта Тәуелсізідігіміздің жалауын биік ете аламыз ба? Қазақтың көшін ертең кім бастамақ, бүгінгі жеткен жетістігіміз ертең кімге аманат? Ел ертеңін арқалайтын жастардың қылығы болса осындай халде. «Көк сандыққа» (теледидарды айтып отырғанымызды түйсініп отырған боларсыз – автор) байланған «көксау» ұрпақтың мүшкіл халін емдеу үшін талай уақытты сарп етерміз.         Ертең ел тізгінін ұстайды деген оқу-тоқуы бар жастарымыздың қаракеті анау. Әрине, жас атаулының бәрін шіріген жұмыртқа деуден аулақпыз. Көпке топырақ шаша алмаймыз. Алайда, бір қарын майды шірітуге жалғыз құмалақтың жеткілікті екенін ескеруге тиіспіз!

Бұл – көк түріктің ұрпағымыз деп кеудесін қайсар намыс пен кек кернеген қазақтың ұлттық бет-бейнесінен, түпкі тамырынан ажырап бара жатқаны емес пе екен?! Қауіп зор.

Р.S. Өзегіңді өртейтіні – көбіне мадаққа құрылған  мақала жазудың орынына осынау келеңсіз жайтты айтуға тура келіп жататыны ашы да болса шындық. Айтпаса сөздің атасы өлмей ме… Кешіргейсіз, көзі қарақты оқырман.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Advertisements

5 responses to “КӨК БАЙРАҚ – ҚОҚЫС ТАСИТЫН ЗЕМБІЛ

  1. Если внимательно приглядеться в представленные фотоматериалы, то не трудно догадаться, что это явная постановка. Во-первых, лица на фото сняты таким образом, что они не узнаваемы. Во – вторых, мы знаем, что казахстанский субботник это массовое мероприятие. При этом два-три студента в учебном заведении врят ли согласятся сделать субботник за всех. В третьих, где учителя? В четвертых, возникает вопрос – автор данной статьи на самом деле патриот или соучастник провакационной деятельности отдельных заинтересованных лиц, которые вынашивают намерение скомпраметировать действующее руководства учебного заведения?

  2. Бұл мүмкін емес! Бізде қазақты ақымақ етіп көрсетуге тырысу қашан тоқтар екен? Менің ойлауымша, бұл мақала мен бейнеклип гуманитарлық колледжді емес, жалпы қазақ қыздарын надан етіп көрсету. Мен Заман газетіндегі мақаланы оқыған жоқпын. Алайда, бейнеклипті көріп отырып, бұл секілді сорақы қылық тоқсан жылдық тарихы, белгілі қалыптасқан дәстүрі мен жүйелі тәрбие жұмысы жүргізіліп отырған, кешегі Әз ағаның (Әзілхан Нұршайықов) «Махаббат қызық мол жылдар» романының кейіпкері болған Майра Әлімходжаева сияқты аналарымыздан үлгі алған педагогигалық ұжым жұмыс атқарып отырған жерде осы көріністегі бейбастақтық болады деуге сену қиын. Менде бір мекемеде ұстаз қызметін атқарғандықтан Облыста үнемі алдыңғы қатардан көрініп жүрген мақтаулы оқу орнында осындай келеңсіздік орын алуы мүмкін емес сияқты. Дегенмен, бұл мақаланың артында белгілі мүдделер бар ма депте ойлауға болады. Себебі, осыдан екі жыл бұрын жазылған материалды жаңғыртуға тырысу, қайтсе де осы оқу орнын қаралауға бағытталғандай. Әрине, мақалада көтеріліп отырған мәселе өте өзекті. Бірақ: «қорқыт-қорқыт дегенде осылай қорқыт деп пе едім?» – дегендей бұл мақала қазақ халқының, оның ішінде қыздарының намысына қойылған «бомба»!

    Алматы қаласы, 2010 жыл.

  3. 2006-2009 жылы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің түлегі болдым. мына болған жағдай мені қатты толғандырды. Бұндай оқиғалар бізде болады деп еш ойламаймын және болған да емес. Себебі біз ауылды жерде оқыдық және де осы оқу орнынан тәрбие алдық. Бізді сонда көк байрақтың не екенін білмейді дегіңіз келіп отыр ма? Бұл көрсетіліп отырған видео қателік. Біз үшін ең қымбат дүниелердің бірі Рәміздер екенін білеміз. Қақысты қаша жинасақ та Ту мен емес қоқыс таситын қаппен таситынбыз Бұл әрекеттеріңіз қорлау, жасанды секілді. Осы бейнедегі қыз баланы ақылсыз деп ойлайсыз ба?

  4. Бүркіт мырза! Қаракөз қарындастарыңызды жамандап, аспанға айды бір-ақ шығарғанша неге сол оқу орнына барып, ақ-қарасын біліп, өз көзіңізді жеткізіп, кездесіп жастарға айтар ақылыңызды айтып қайтсаңыз көп дұрыс әрі сауап болар еді ғой. Меніңше осының бәрі қолдан әдейі жасалған дүние сияқты.Сіздіке біреуден өшін аламай жүрген адамның тірлігі сияқты, әйтпесе екі жылдан бері бітпейтін не дау?

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s