Оралмандар жайын күйттейтін жеке министрлік керек

Зиябек ҚАБЫЛДИН, тарих ғылымының докторы, профессор:

– Зиябек мырза, сіздің қо­ғам­дағы иіні қанбай жатқан ұлттық мә­­се­ле­лер­ге етене араласып, Алаш жұр­ты­ның абыройлы аза­ма­ты ретінде үн көтеріп жа­та­ты­ныңызды білеміз. Соның бірі – басы даудан арылмай келе жатқан көші-қон саласы. Жа­қын­да елі­міз­дегі барлық партия өкіл­дері қа­тысқан қабырғалы оты­рыс­тардың бірінде қазіргі қол­да­ныс­тағы «Көші-қон туралы» заң жо­басына қатысты біршама сын айтып, Парламентте жатқан жаңа нұсқасына өзгертулер енгізу керек деп едіңіз. Осы мәселені ашып, тар­қа­тып айтып берсеңіз. Заң­да­ры­­мыз­дың қай жері әлсіз, қай тұс­тарын толықтыру керек деп ой­лай­сыз?

– Бүгінде жаңадан «Көші-қон туралы» заң жобасы дайындалып жатыр. Алайда бұл құжат осы қалпында, бұрынғы түр-формасында қалса, өте үлкен қателік бол­мақ. Біздің ойымызша, тарихи отаны­на алыс-жақын шетелден көшіп келіп жат­қан қазақ бауырларымызға арнайы жеке заң керек. Оның көлемі маңызды емес. Қыс­қаша ғана, жалпыға түсінікті бо­луы шарт. Яғни ол құжат ұлан-ғайыр қазақ даласына көшіп келем деген әрбір адамның алғашы талпынысынан бастап, еліміздің шека­ра­сынан өтіп, елге келіп қазық қағып, үй салып, Қазақстанның азаматы болғанға дейінгі процедураны жеке-жеке бөліп, қыс­қаша ғана түсінікті түрде көрсетіп тұра­тын заң болуы керек. Оның екі бет әлде үш бет болуы маңызды емес. Ең бастысы – кө­теретін міндеті жоғары болуы тиіс. Ал бұған дейінгі қол­да­ныста жүрген және Парламент тал­қы­сында жатқан заң жобасы атажұртқа қарап алыстан көз тіккен 5 млн қазақтың күйін күйттей алмайды. Мұны ала­шап­қынмен өткен 20 жылдың өзі-ақ дәлелдеп бер­ді. Оны түсінуіміз әрі мойындауымыз керек.

– Сол отырысқа қатысқан аза­мат­­тардың біразы «жеке ми­нистрлік құру керек» деген ұсы­ныс­пен кел­генін байқадық. Сіздің ойы­ңыз­ша, бұл дұрыс па?

– Көші-қон саласына рең беріп, жұ­мы­сын жандандыру үшін өз басына жеке министрлік немесе агенттік пе, әйтеуір, жеке бір білікті мекеме құру керек деген пікір айтылып жүр. Бұл – өте дұрыс көтеріліп отырған мәселе. Оны өз басым толық қолдаймын. Біз күні кеше ғана Арменияға сапарлап барып, онда Қазақ мәдени орталығын ашып бердік. Арменияда 3 млн ғана армян тұрады. Ал қал­ған 5 миллионы сырт мемлекеттерде тұ­рып жатыр. Сөйте тұра, оларда армян диас­порасына арнал­ған жеке министрлік бар екен. Осыған қатты таңғалдық. «Министрліктеріңіз не жұмыс атқарады?» десек: «Тарихи отаным деп бір адам көшіп келеді, я болмаса шетелде жүрген армян бауырымызға көмек керек болып жатады. Біз министрлікті сол үшін құрдық. Сыртта жүрген бауыр­ла­ры­мыздың абы­ройы үшін жұмыс істейміз», – дейді. Міне, нағыз құрмет! Өз халқына, өз ұл­тына берілу деп осыны айтар болар.

Ал біз сыртта жүрген 5 млн қазақтың жайын ойлап басымызды ауыртқымыз келмейді. Кезінде ұлан-ғайыр елімізді, же­рі­мізді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, Отан үшін жанын берген қазағымыз үшін бір жапырақ заңды аяп отыр­мыз. Бұл – ұят нәрсе! Неге көші-қон саласын ішкі миграциямен араластыруымыз керек? «Елім, жерім» деп келген әрбір қазаққа тиімді жағдайда жұмыс жасауымыз қажет. Оның басы-қасында қазаққа жаны ашитын бір азамат отыруы тиіс. Әкім­дікпен, Үкіметпен тең дәрежеде сөйлесе алатын министрлік болса, талай шаруаның шешімі табылар еді.

– Сонда комитеттің тын­ды­ра­тыны ша­малы дейсіз ғой?

– Жоқ, бұл пікірім көші-қон комитетін түкке алғысыз сала деп көрсету емес. Көші-қон саласында қол жеткізілген жетістіктер де, елеулі кемшіліктер де бар. Қабылсаят Әбішев – мықты азамат. Оған айтар сөзім жоқ. Алайда жеке оның қолынан ештеңе келмейді. Себебі Көші-қон комитетінің заңмен бекітілген құзыреті жоқ. Тіптен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова ханым да шет мем­ле­кет­терден келіп жатқан қан­дас­та­рымыздың жағдайын жасап бере ал­майды. Ол кісінің онсыз да өзіне жүктелген жұ­мысы жетерлік. Өмірі бітіп болмайтын күнделікті әлеуметтік мәселелер мен ұлттық мәселемізді қатар алып жүру өте қиын. Тек қана оралмандар мәселесімен айна­лысатын жеке министрлік керек деп отырғаным сол. Бұл – біз секілді бірнеше адамның пікірі емес. Сыртта жүрген әрбір қазақтың ар­маны.

– «Көші-қон саласын құн­сыз­дан­дырып отырған факторлардың бірі – жүйелі жұмыстың жоқтығы» деген пікірлер айтылып жатады. Бұған не дейсіз?

– Оны кім айтса да, өте дұрыс айтады. Ең бастысы, көші-қон саласына үкіметтік емес ұйымдарды да тарту қажет. Оларға арнайы қаржы бөліп, Қытайға, Моң­ғолияға, Ресейге неге жібермеске? Олар тарихи отанына оралғысы келіп отырған отба­сы­лардың тізімін жасап, мекенжайы, телефоны секілді барлық деректерін алып келіп, бір жүйеге түсіріп, тиісті мекемелерге тапсырып отырар еді.

Көші-қон саласында бірізділік, жүйе жоқ. Олар алыстан көшіп келеді. Аза­мат­тығы мен квотасын да дер кезінде ала алмайды. Сосын амалсыз елді алдап нәпа­қа тауып жүрген пысықтардың біріне ал­данып, ақшасын беріп қойып, қарап оты­рады. Көші-қон саласындағы айғай­лап тұрып айтып жүрген мәсе­ле­лер­дің барлығы да осындай жағ­дайлардан туып отыр.

– Сіз бір сөзіңізде «орал­ман­дар­ға келген бойда квота ұстата салғанды қою керек» деп қал­ды­ңыз. Бұл пікі­рі­ңізге не түрткі бол­ды?

– Менің ойымша, көші-қон сала­сын­дағы дау-дамай осы квота беруден басталып отыр. Мен бұл жерде оларға ақша беру мәселесін біржолата доғаруды емес, кері­сінше, жағдай жасау мәселесін айтпақ болған едім. Көшіп келіп жатқан ағайынға оңы мен солын танып алмай жатып қолына ақша ұстата салу дұрыс емес. Орал­ман­дарды, елімізге келем деген әрбір қазақты түкке жетпейтін азын-аулақ ақшаға телмірт­кенше, қазақ­тардың үлес салмағы аз болып отырған солтүстік, шығыс өңірлерге үй салып, жағдай жасап алған соң бір-ақ көшіріп әкелу керек. Бірреттік берілетін ақшалай көмек үй алу үшін деп беріледі. Сондағысы – 140 мың теңге. Мың дол­ларға да жетпейді. Мың долларға қайдағы үй? Ауылдың өзінен мұндай ақшаға лашық та сатып ала алмайсыз. Келгендерге бастық, ғалым, өнер адамы деп қарамау керек. Осы өңірлерге қазақ­тарды тарта беру керек. Сол үшін ақша емес, алдымен жеңілдіктер жағын қарас­ты­рып, тиімді қадамдар жасап алған жөн. Үй, жер алып беруге көңіл бөліну керек. Мұндай әдіс Польшада жақсы да­мы­ған екен. Ол жаққа бір поляк отбасы көшіп келсе, бірден үй беріледі. Ол ба­ра­тын жерін өзі таңдайды. Үй беріледі, же­ңіл­дігін алады. Сосын үкімет олармен арнайы келісімшарт жасасады. Сол жерге сіңі­сіп, қоғамға пайдасы тиіп, жерсініп кет­кенше, ол үйін өз атына аудара ал­май­ды.

Бұлай болмай, ішкі миграцияны еш­қа­шан реттей алмаймыз. Бізде қар­жы­сыз ешқандай мәселе шешілмейтіні белгілі. Сөйтіп, «ана қағаз, мына қағаз» деп жүріп, оралмандар қолы аузына жеткен­ше, берген ақшасы құрғыр түгесіліп қала­ды. Осыдан соң оларды ұстап көр. Өзіне ыңғайлы жаққа болмаса туысы, туғаны бар басқа өңірге көшеді де кетеді. Шаруа­сын дөңгелетіп әкету үшін жер телімі немесе басына үй берілген соң арнайы келісім­шарт­қа отырса, көшіп келгендер ешқайда көшіп кетпейді. Осы тактиканы күшейту керек. Менің айтпағым осы бола­тын.

Бұл жерде тағы бір мәселені айта кету керек…

–    Ол қандай мәселе?

– Бізде көшіп келгендерге берілетін зейнетақы көлемі еліміздің заңдарына байланысты ең төменгі мөлшерлемемен тағайындалады. Яғни 10-12 мың теңге көлемінде. Ал көшіп келгенге дейін зейнеткерлер біздің ақшаға шаққанда 50-60 мың теңге көлемінде ақша алып тұрған. Мұндай жағдаймен олар қалай көшіп келеді? Осы мәселені де шешуге болады ғой? Еліміз кедей мемлекет емес. Жүздеген млн халықты асырауға шама­мыз жетеді. Орташа бір деңгей бел­гілеп беруге неге болмасқа? Бұл жағдай осыдан он жыл бұрын шешілгенде ғой. Еліміздегі қазақтардың үлес салмағы 63 емес, 84 пайызды құрар ма еді?

Сосын кез келген өңірде, облыстарда «жұмысты өкіртіп, төңкеріп жатырмыз, оралмандарды жарылқап тастадық» деген сөздерді жиі естиміз. Мен өз басым бұлардың ешқайсысына сене алмаймын. Себебі еліміздегі оралмандардың орна­ласуы тиіс төрт орталықтың екеуі оңтүстік облыста екен. Онсыз да мейманасы тасып, қазағы сыймай отырған өңірлерге қазақ­тарды тықпалаудың не керегі бар? Онда жұмыс тауып беру де қиын. Статистикалық мәліметтерге қарасаңыз, Астананың халқын құрап отырғандардың басым бөлігі Ақмола облысынан келгендер екен. Екінші орында Шымкент, яғни оңтүстік өңір тұр. Не себепті? Себебі ол жақта жұмыс жоқ. Жер жоқ. Керісінше, қазақтарды қазақ бол­дыра алмай жатқан солтүстік өңірлерге әкелуге неге бол­майды? Осы жайды «беске» біле тұрып, Үкіметтің қыруар қар­жысын босқа жұм­сай­мыз.

– Шетелдегі қандастарын ата­жұртына шақырып отырған санау­лы мемлекеттің біріміз. Осы уақыт ара­лығында нендей жетіс­тікке қол жет­кізе алдық?

– Бүгінде бізде көп айтылып жүрген мәселенің бірі – ұлттық қауіпсіздік. Ең бастысы – біз соған қол жеткізіп келеміз. Кез келген ұлттың қауіпсіздігі оның негізін қалаушы ұлттың үлес салмағына бай­ла­нысты болады. Еліміздің терри­ториясы 100 Израиль, 99 Армения, 20 Польша, яғни Батыс Еуропаның аума­ғын­дай жерді алып жатыр. Мұндай алып елге адам санының, соның ішінде Алаштың негізін қалаушы ұлт – қазақтың көп болғаны маңызды. Егер мемлекеттің негіз­гі ұлтынан өзге халық­тардың саны көп болса, алдағы бола­ша­ғымызға, ұлт­тық қауіпсіздігімізге зиян. Елтұт­қа­лығымыздан айырылып қалуымыз бек мүмкін. Кемелді болу үшін мәрт қазақ­тың саны кемінде 85-90 пайыз болуы керек.

Өткенде санақта қазақтардың үлес салмағы 67 пайыз болып, артынша 63-ке азайып қалды. Неге? Өйткені басында тіркелгендердің біразының азаматтығы жоқ. Мыңдаған шеттен келген оралман сол құрғыр мың долларға бола аза­маттық алмай жүр. Ал олардың барлығын қосып санағанда, бәлкім, одан да көп болар ма едік.

Сонау 90-жылдардың басында орыс, еврей, украин, неміс секілді ұлттар өзде­рінің тарихи отанына кетіп қалды. Осындай себептермен еліміздің солтүстік өңірлерінде біраз кеңістік үңірейіп қалды. Солардың орнын толықтыратын фактор керек. Оның үстіне, ол жақта өзге ұлттар­дың саны да басым. Ертең шекаралық аумақ­тарда қандай да бір жағдай бола қалса, еңсеру қиынға түседі. Бұл тек қазақ үшін ғана керек емес, өзге ұлттар үшін де маңызды болмақ. Қазақтың саны неғұрлым өскен сайын елдегі тұрақтылық күшейе бастайды. Мемлекетіміз нығая береді.

– Көтеріп отырған проб­ле­ма­ла­рыңыз өте өткір әрі ұлттық мүд­де тұрғысынан аса маңызды. Дегенмен «қиын-қыстау кезеңде оралман тартып керегі не, бізге басы артық салмақ» деп жата­тындар бар. Бұған не дейсіз?

– Ондай пікір де бар. Естіп те, көріп те жүрміз. «Біз өзіміздің жағдайымыз жасал­май, үйсіз-күйсіз жүргенде, сырттан орал­ман тартып, оларға жағдай жасап не ке­рек?» дейтіндер өте көп. Бірақ олар мұндай сөзі арқылы өздерінің ғана емес, мем­лекеттің, бүтін бір ұлттың болашағына балта шауып жатыр. Мұны тек ақымақтар ғана айтып жүр. Әсіресе өзге ұлт өкілдері өте-мөте қарсы. Олар қорқады. Қазақтың саны көбейсе, еркіндіктен айырылып қала­мыз деп ойлайды. Алайда бұлай болмайды, қазақтың қанымен келген қасиеті – қонақжайлылығы, дархандығы тұрғанда еліміздегі ешқандай ұлт өгейлік көрмейді. Дініміз де жұмсақ халықпыз. Әлемде 200-ден астам халық бар. Бірақ солардың ішінде біздей ғажайып, бірегей халық жоқ.

– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым…

Бүгінгі таңда оралмандарға арнап бейімдеу орталықтарын ашып жа­тырмыз. Мұның не қажеті бар екенін түсінбеймін. Көшіп келіп жат­қан­дар Ресейге болмаса Англияға емес, Қазақ еліне келіп жатыр. Қазақтың саф алтындай тілін біледі, қазақы менталитетті сақтайды. Ал енді оларды сонда неге бейімдемекпіз? Бұл – бостан-босқа ақша шашу. Бейімдеу орталықтарын ашу тиімсіз. Оған жұм­салған қаржыға үй салып берсек қайтеді? Орталықтың жөндеу жұмыстары, жалақысы, жа­рығы, жылуы, жобалау секілді шара­ларға қыруар ақша кетіп жа­тыр.

Оған адамдар бара бермейді. 300-400 шақырым алыстағы ауылды жерлерден кім келеді оған? Жақында тәуелсіз үкіметтік емес ұйымдар Семейдегі бейімдеу орталықтарына қатысты сараптама жүргізіпті. Сауалнама қорытындысында көшіп кел­гендердің басым бөлігінің бейімдеу орталықтарына бармайтыны белгілі болған. «Себебі алыс, ерігіп отырған жоқпыз, үй салып жатырмыз» деп жауап берген. Ша­руасын ысырып тастап, сол жерде жарты жылдай жата тұрайын деген қазақ болмайды. Бұл құзырлы орындардың ең үлкен қателігі болды. Осы себепті көп­теген орталықтар босқа тұр.

Ұрымтал сөз:

Еліміздің территориясы 100 Израиль, 99 Армения, 20 Польша, яғни бүтін бір Батыс Еуропаның аумағындай жерді алып жатыр. Мұндай алып елге халық санының, соның ішінде Алаштың негізін қалаушы ұлт – қазақтың көп болғаны маңызды. Егер мемлекеттің негізгі ұлтынан өзге халықтардың саны көп болса, алдағы болашағымызға, ұлттық қауіпсіздігімізге зиян. Елтұтқалығымыздан айырылып қалуымыз бек мүмкін. Кемелді болу үшін мәрт қазақтың саны кемінде 85-90 пайыз болуы керек.

 

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Алаш айнасы газеті

 

Advertisements

2 responses to “Оралмандар жайын күйттейтін жеке министрлік керек

  1. Өте орынды мәселе көтеріп отыр..Бұны айтқалы 20 жыл болды ….сол жеке не арнайы агентігі жоқ шетен келген ағайынға бөлінген қаржыны жол ортадағы делдалдар қағып кетіп пәлесі оралмандарға жауылып жатқанында естідік…

    Қазаққа қазақтың ғана жаны ашыйды Зиябек ҚАБЫЛДИНнің ой пікір айтқандарымен толықтай келісем тек Қабылсаятқа байлансыты ойларынн басқасын.Зәкең ой өрісі кең мықты азамат екен! Амандық тілеиік..

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s