Малайзияда оқып жүр талай қазақ баласы (ұлтына көк тиын пайдасы жоқ, мұратсыз…)

Оңтүстік-Шығыс Азиядағы даму қарқыны қатты Малай еліне сапарым аяқ астынан болды. Бүгінде әлемде алдыңғы орынға шығып, жаһандық тілге айналып бара жатқан ағылшын тілін үйренуге бел будық. Жолға шықтық. Жол-жөнекей, Малайзияда  көз көрген, ойға түйген дүниелерді көзі қарақты оқырманға қаз қалпында жеткізуге тырыстық…

Астана. Әуежай. Талтүс. Сағат бірдің мұғдары. Малайзияға Ташкент арқылы ұшамыз. Тіркеуден өтетін уақытты күтудеміз. «Балам, сен де Малайзияға бара жатырсың ба?»,-деді жас шамасы қырық бестерді алқымдаған әйел адам. «Иа,-дедім. Түрінен, сөз саптасынан тоқығаны мол, пайым-түсінігі терең адам екені аңғарылып тұр. Бір жерде ұстаз болар деп топшыладым. – Сондағы Лимкоквинг деген университетке барамын». «Менің де балам сол оқу орынына бара жатыр еді. Жақсы болды ғой. Көз қырыңды сала жүрерсің»,- деді сөзін сабақтаған ол. «Жақсы, апай», – дедім өзімді кәдімгідей «зор» санап. Ол кісінің айтуынша, қызы мектепті биыл ғана аяқтаған. Малайзияға былтыр кеткен екі құрбысы дүркін-дүркін шақырып, «мұнда оқу жақсы, білімі сапалы әрі оқу төлемі де арзан» деп жанды қоймағанға ұқсайды. «Ер бала емес, қыз баланы жалғыз жарым танымайтын, білмейтін жат жерге жіберу бізге де оңай соғып тұрған жоқ. «Осында оқы» деп едік көнбеді. Әкесі екеуіміз ақылдаса келе, талабын қайтарып, тауанын шақпайық деп не болса да тәуекелге бел байладық», – деді апайым мұңдана. «Баланың меселін қайтармағандарыңыз дұрыс болған екен»,-дедім менде қарап тұрмай. «Енді, міне осындағы бір агенттік арқылы бара жатыр. «Бәрі жақсы болады» деп отыр. Оған қоса, мұсылман елі және құрбылары да бар…». Сөйтіп тұрғанда апайымның аласалау бойлы келген арманшыл қара торы қызы жетіп келді. Ұзын бұрымын әдеміліп жинап қойыпты. Жарасымды. Ибалы, ұяңдау көрінді. Қыз бала шешесіне қарап бой түзейді емес пе… Тіркеу де басталып кетті. Апайымыз көзі жасаурап,  қызына ақ жол тілеп шығарып салды. Иа, бұл өмірде анаңнан артық тілекші жан бар ма екен…

Екі сағат он минут ұшып, Ташкентке келіп қондық. Онда сегіз сағат ұшақ күттік. Қас қарайып, көз байланғанда ғана барып «темір қыранға» бірақ міндік. «Бісіміллә» деп Куала -Лумпурға жол тарттық… Алып «Бойнг» ұшағы бір ышқынып барып, жылдамдығын арттыра түсті. Жерден біртіндеп көтеріліп барамыз. Тұмсығын көкке созған «әуе кемесі» сәт санап жерден биіктей түсті. Тура терезенің жанындағы орындық «еншіге» тиіпті. Терезеге үңілемін. Ташкенттің о шеті мен бұ шетіне көз жетпейді. Биіктеген сайын самаладай жарқырған қаланың шамдары жымыңдап көз тартады. Әдемі көрініс. Бейне бір жұлдыздар жерге төгіліп қалған тәрізді… Біз олардың үстінен ұшып бара жатқандаймыз…

Ыстық шайдан соң, терезеге тағы үңілдім. Он мың метрден астам биіктікте келе жатырмыз. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда ұшақтың бозаңытқан қанаты ғана көзге шалынады. Терең ой мен болмашы тербіліс… Көз де ілініп кетіпті…

Таңғы алтылар шамасында ояндым. Стюардессалар жолаушыларға ыстық шай мен ішінде ірімшігі бар тоқаш үлестіріп жүр. Түннің пердесі түріліп келеді. Оразаны аштық. Жарты сағаттан соң Куала-Лумпурдың төбесі көрінетіні хабарланып жатыр. …Бұлттар. Әдемі. Не деген ғажап. Аппақ. Кіршіксіз… Ангор ешкінің түбітіндей биязы, ақ ұлпа қардай. «Мен сені әдемі ақ бұлттан жасап алғанмын»… Еркін Нұржанның мұңлы әні еріксіз ойға орала береді. Таудай алып аппақ бұлттарды жанай өтеміз. Кейде тіпті олар астымызда қалады. «Бәріміз пендеміз ғой, періште көкте ғана…». Тағы Нұржанның әні. Расында да қылаусыз тап-таза ақ бұлттар тек періштелерге ғана тән. Ауылдың қыз-келіншектері жиылып алып, жаңа қырқылған қойдың жүнін сабағанда әдеміленіп, ұлпаланып, дәл осылай бұйраланып жатар еді… Биік қорқынышты, бірақ керемет! Межелі жерге жақындағанда ұшақ біртіндеп төмендей бастады. Бұлты сирек жерлермен ақырындап құлдилап келеміз. Бәрі анық көрінеді. Алып бұлттарды жанай өтсек, селдір-селдір жұқа бұлттарды жарып өтеміз. Бұлттардан шыққан кезде көзге жап жасыл дала жарқ етіп түсті. Таңғы жетілер шамасы болатын. Жап-жасыл ел. Біз Қазақстаннан шыққанда жапырақтар сарғайып жатқан. Жыл он екі ай жаз болып тұратын Малай жеріне аман-есен табанымызды тигіздік. Аллаға мың да бір рақмет!

Түске қарай азын-аулақ долларымызды жергілікті ақша рингитке ауыстыру үшін Серік деген ініміздің көлігімен ақша айырбастау пунктіне тарттық. Ақшалары құнды. Бір доллар шамамен үш рингит яғни малайдың бір рингиті біздің елу теңгеге бара-бар. Жолда мотоцикл мінген полицей қуып жетіп, тоқтатты. Себеп, көліктің терезесінде тонировка бар. Мұнда олай жүруге тиым салынған екен. Полицей көліктің есігін ашып, машинаның бұрыш-бұрышын көзімен түгел тінтіп шықты. Сосын іште отырған Ғабит деген жігіт екеуміздің құжаттарымызды тексерді. Сөйтсек, бұл жақтың полицейлері оған да құқылы екен. Қазақтардан әбден зәрәзап болғаны көрініп тұр. Серік бауырымызға жарты сағат «дәріс» оқыды. Көліктің ішіндегі біздің құлаққа «қазақ» деген сөздер жиі шалынды. Анауың «не деп жатыр?» деп ағылшынша білетін Ғабитке қараймын. Ол «қазақтар сендер ылғи осылай жүресіңдер, өтірік айтасыңдар деп жатыр»,-дейді. Намыстанып қалдық, бірдеме дей қоярға тіл жоқ. Бір кезде Серік бауырымыз мұсылмандықты саудаға салды. Сөзі «бәріміз мұсылманбыз ғой дегенге» саяды. Оған анау тіптен бұлқан-талқан болды. «Мұсылман  адам заң бұзуы керек пе» деп. Қойшы, әйтеуір аш кенедей қадалған пәледен зордың күшімен құтылдық. Серіктің сөзіне сенсек, қазақтың жігіттері тіпті бертіңге дейін жеке куәлігін Қазақстанның халықаралық жүргізуші кәулігі деп жалға берілетін көліктерді алып жүргізіп келген. Сондай-ақ, балпаң-балпаң басып жүргенді жақсы көреді-міс. «Бірдің кесірі мыңға». Біраз шулатқанға ұқсайды. Тіпті есірткі сатып түрмеге өмір бойы кесілген бір қазақтың жігіті бар дегенді естідік… Көңіліміз түсіп кетті. Шетелде білім алып жатқан жастар қазақтың атына кір келтірмей жүруі керек қой.

Ертесінде таңертең университетке келдік. Есік алдында бір топ қазақтың қызы құшырлана темекі тартып тұр. Кешегі қарындас көзге бірден оттай басылды. Дәл өзі. Қысқа юбка мен тыртиған көйлек киіп алыпты. Қасында құрбылары да соның ар жақ бер жағы. Орысша сөйлесіп, қарқ-қарқ күліп, қою түтінді будақтата түседі. «Е, сенің мұнда неге келгенің түсінікті болды, қарындасым…». «Бетті бастым, тұра қаштым, жалма жанның» кері келді. Ол мені көрмеген болды, мені оны… Сол сәт қайран ананың арманы мен үміті көк түтінге айналып бара жатқандай болды… «Кешіріңіз, аманатыңызды орындай алмадым…»

Лимкоквинг университеті Малайзияның жаңа астанасы Путражайяның іргесіндегі Сайбержая деген қалашықта орналасыпты. Малайлықтар бұл жерді болашақта жоғары технологиялар орталығына айналдыруда жоспарлап қойыпты. Аталған оқу орынында шамамен төрт жүздей қазақ жастары оқиды екен. Кейбіреулер тіпті, «алты жүзбіз» дейді. Университетте осыдан үш-төрт жыл бұрын ғана олардың саны отыз-қырықтай болыпты. Ал қазір екі аттасаң қазаққа жолығасың. Бұған Қазақстанмен екі ортада жұмыс істейтін делдал агенттіктер өз үлесін қосқан. Екіншіден, Малайзияның өзге жоғары оқу орындарында оқып жүрген қазақ жастары мұнда көптеп ауысқан. Осында білім алып жатқандардан «неге осы университетке қазақтар  құмар?» деп тамыр басып, сұрап көрдік. Бақсақ, әуелі мұнда оқу сонша қиын емес көрінеді. «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» дегендей. Сонымен бірге оқу құнына елу пайызға дейін жеңілдік жасалады екен. Қазақ студенттері бұл жоғары оқу орынына «Лимқоқ» деп бейресми атау беріп, айдарлап та қойыпты…

Топта жеті қытай, алты парсы, бір арап пен бір тәжік және төрт қазақ бармыз. Бәріміздің мақсатымыз ағылшын тілін үйрену. Бүгінде кімнінің тілі мықты, сол әлемді билейді. Ағылшын тілі күн санап тамырланып, дамып барады. Мұнда аталған тілді үйрену үшін жыл сайын мыңдаған адам келеді екен. «Интернешнл хауыс» деген әлемдік ағылшын тілін оқыту жүйесінің Малайзиядағы бөлімі Лимкоквинг университетінде орналасқан. Топтағы Астанадан келген Регина деген қызымыз қазақша мүлдем білмейді. Елордада белгілі бір банктің бір бөлімінің білдей директоры. «Бірінші қазақша үйренгенің жөн болмас па еді?»,-деймін. Жақтырмай қарайды. «Біздің елде қазақшаның керегі қанша?»,- дегенді көзінен оқимын. Ұялған тек тұрмас. Қу қыз сондада сыр алдырмай, «қазақ тілін дұрыс оқыта алмайды. Не бір жөнді оқулық жоқ», деп қара аспанды төндіре жөнелді. «Елге оралысымен маған кел, мен-ақ үйретейін. Қазақ тілін оқытатын заманауи оқу құралдарын тауып берейін»,-деп уәде еттім. Ол үйренетін болып келісті.

Мұнда Қазақстаннан келдім десең, қазақ екеніңді білсе, парсысы бар арабы бар тіпті малайы да «как дела», «спасиба» деп білетін бір екі орысшасын айтуға дайын тұрады. Қай ұлттың өкілі болсын. «Жоқ, ол орыстың тілі, менің тілімде ол сөздер былай айтылады» деп түсіндіремін. Олар аңтарылып қалады. «Қалай сонда, бір елде тұрып екі тілде сөйлейсіңдер ме, сендердің  қазақтарың бізге солай үйреткен», -дейді. Мен оларға мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін, әрқашан бірінші орында тұратынан айтудан жалықпаймын… Әйткенмен, мұндағы қазақ жастарының түгелге жуығы бір-бірімен тек орысша ғана тілдеседі. Осы біздің жастардың патриоттығы қаншалықты деген ойға қаласың еріксіз…

Тобымыздағы ақтөбелік Мәдихан есімді жігіт «мына жақта қазақ болу қиын екен», – дейді.  «Неге» деймін таңырқай. -Екі күн бойы жалға берілетін үй іздедік. Жап-жақсы пәтер табамыз, келісеміз, жеме-жемге келгенде ұлтымызды сұрайды, «қазақпыз» дейміз, сол кезде үй иесі нілдей бұзылып, ат-тонын ала қашады. Үйден қағыламыз… Сосын осындағы жігіттер, «қазақпыз демеңдер, тәжікпіз не қырғызбыз» деп айтыңдар деп ақыл үйретті. Содан қырғыз болып бір үйді жалдап тұрып жатырмыз, – деді ол күліп. – Егер пәтер іздейтін болсаңыз, қазақпын деп ешқашан айтпаңыз». «Мен неге қазақтықтан сақтануым керек!?»

Бір қызығы, мұнда жастардың көбі, қыздары да жігіттері де   темекіге өте әуес. Тамақ ішіп жатып та, қоғамдық орындарда отырып да темекілерін түтіндете береді. Онысын тартып болысымен, отырған жеріне тастап, аяғымен мыжа салады…  Бағасы шамамен біздің ақшамен бес жүз теңгеден түспейді ол құрғыры. Сондай-ақ оның қорабының сыртында темекіден ауру болып қалған немесе одан зардап шеккен адамдардың үрейлі суреттері басылған. Соған қарамастан, темекі шегушілер өте көп. Біздің қазақтың қыз-жігіттері де қалысып жатқан жоқ…

Үзіліс кезінде университеттің радиосынан әр ұлттың өкілдері өз халқы, дәстүрі мен мәдениеті, жетістігі жайлы хабар беріп тұрады. Бірде сабақтан шығып келе жатсақ, Қазақстан жайлы айтылып жатыр екен. Ағылшын тілінде. Толық түсінбесем де, «Қазақстан» деген сөз жүрекке жылы тиіп, қуаныш сезімі тамыр-тамырды қуалады. Бар екен ғой мұнда да қазақтың отты  жастары. Кеудені мақтаныш кернеді. Бірге оқитын ирандық Әмірді тоқтатым. «Міне, біздің ел жайлы, менің Қазақстаным жайлы айтып жатыр, тыңда», -деймін қоқиланып. Бір қыз бен бір жігіт алма кезек сөз алып хабарды жүргізіп жатыр. Жігіттің есімі Азамат болды, қыздікін ести алмадым. Мінекей, қаншама студент тыңдап отыр ғой. Біздің дархан ел жайлы олар да білетін болды. «Қазір қазақша сөйлеуі тиіс»,-деп қоям Әмірге. Ол да бас бармағын көрсетіп қояды. Бір кезде жүргізушілеріміз орысшаға ойысты…. Әмір «мынау сенің ана тілің бе?», – деп менен сұрайды. «Жоқ, мен қателесіппін, бұлар орыстар екен. Бұл орыс тілі» -деймін намыстан өлердей болып. Қазақтың қызы мен жігіті жиырма минуттық хабарларын «До встречи, дорогие ребятамен»… мәреге жеткізді. Айтпақшы, бұл оқу орынында орысты емге таппайсыз. Басым көбі ирандықтар мен қытайлар. Оңтүстік африкалықтар мен пәкістандықтар және біраз арабтар бар. Онан кейінгі орында шамамен қазақтар болар. Ал осында оқып жатқан малайлардың өзі санаулы. Бұрыңғы посткеңестік елдерден біраз тәжік пен азын-аулақ қырғыз бар. Олар тек өз тілдерінде ғана сөйлеседі… Бұ жалғанда өз тіліңді сөйлескеннен артық еш бақыт жоқ шығыр…

Бір малай досым бар. Есімі Ризуель. Онымен «Апа кһабар?» деп малайша амандасам. Бұл «қал қалай» деген сөз. «Терима касих» (рақмет), «багус» (жақсы) дейді ол менің малайша бір екі ауыз айтқаныма балаша мәз болып. Ол малай халқының бай дәстүрі, асыл мәдениеті мен ұлттық тағамдарын айтудан жалықпайды. Менде қазақтың інжу-маржандарын оған айтып бағам. Екеуіміз әупірімдеп жүріп ағылшынша түсінісеміз. Мен одан «малай тілін білмейтін малай бар ма?» деп сұраймын. Ол менің сұрағыма таң қалады. Сосын «қызық екен, ондай сұрақ бола ма?» деп өзіме сұрақ қояды. Көзіммен жер шұқимын… «Ондай болуы мүмкін емес, өзі ана тілін білмейтін адам болмайтын шығар» деп ол тағы да маған таңдана қарайды. «Иа, мүмкін, болғанда қандай» деймін іштей… Оның сөзінше, Малайзияда тұратын байырғы ұлт өкілдерінің барлығы, оның ішінде, пайызы жағынан малайлардан кейінгі ең көп қытайлар мен үнділер де тегіс малай тілін біледі. Бұл сол өздері өмір сүріп жатқан елге, ұлтқа деген құрметтің жарқын көрінісі іспетті. Ал біздің елде тұратын жүзден астам ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлейтіндерін санай қалсаңыз, бес саусағыңыз толық бүгілмей қалуы мүмкін… Қазақтың жанын жақсы түсінетін Асылы Осман, Герағаң сынды бір шоғыр ғана бар… Өкінішті…

Топтағы тәжік Нәсім екеуміз көп әңгімелесеміз. «Бізде іс қағаздары тек тәжік тілінде ғана жүреді. Ешбір жиын орысша өтпейді. Тәжік тілін білмейтін тәжік жоқ», – дейді мақтана. Ол сондай-ақ «енді бір он жылдан кейін қазақ тілінде сөйлейтін адам қалмайтын шығар» деп өз болжамын да айтып қояды. Мен оған келіспей, «бұл уәжіңді неге сүйеніп айтып отырсың» деп шамданам. «Мұндағы қазақтардың қазақ тілінде сөйлескенін көрген емеспін. Бәрі жиналып алып, орысша қауқылдасып жатады». Сырт көздің пікірі бұл. Расында да тәжіктердің орысша шүлдірлегенін естісем құлағым керең болсын. «Иа, сендерде ұлттық мемлекет қалыптасқан екен, сендер бақыттысыңдар»,-деймін қызғаныштың қызыл иті ішімді тырналап. «Біздің президентіміз Эмомали Рахмон керемет адам. Ең бірінші кезекте ұлтты ойлайды, – дейді Нәсім жүзі бал-бұл жанып. -Президентіміз кез-келген  халықаралық мінберден тек ана тілімізде ғана сөйлейді». Менде біздің Елбасының да мықты екенін алға тартамын. Қазақстанда «көпұлтты» деген саясаттың көктеп жатқанын айтамын. «Біз ЕҚЫҰ-ның төрағасымыз. Біз… біз…. бізде жүз отыздан астам ұлттың өкілі тұрады. Оларды айрандай ұйытып ұстау деген оңай шаруа емес қой…»-деймін іргедегі елдің істеп жатқан шаруасына сүйсініп, біздің жетістігіміз осы деген сыңай танытып. «Тәжікстанда да атам заманнан бері сан ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып келеді»,- дейді сол кезде тәжік досым аузыма құм құйып…

Мохаммед деген араб студенті менімен дауласудан жалықпайды. «Сендер мұсылман емессіңдер, – дейді. – Өйткені, қыздарың қалай болса, солай ашық-шашық жүреді». Келіспеске әддің қалмайды. Мұндағы кейбір сылқымдарымыздың расында да жұрттан ерек киім киісіне қарап осында сән көрсетуге келген бе деп ойлап қаласың. Біраз қыздарымыздың ашық-шашық жүргенді жақсы көретіні байқалады. Иа, анау бір қазақтың қызы қашан көрсең ирактық па, парсылық па қырма сақалдың жетегінде салпаңдап жүргені. Ай десе ауызы, күн десе көзі бар. Ертең елге қай бетімен барады екен. Мына бір қарындасым қашан көрсең аузында темекісі, кім-көрінгенмен жыртыңдап, қарқ-қарқ күліп тұрғаны. Ал осындағы бірнеше тәжіктің қызы қашан көрсең, ұлттық киіммен жүреді. Басындағы байламын бір тастамайды. Қандай жарасымды. Осындайда ойыға белгілі этнограф ғалым, марқұм Жағда Бабалықұлының сөзі оралады: «Киімнің бұзылуынан әдебіміз азды. Өзіміздің дәстүрлік үлгіде тігілген киімдерімізді киюіміз керек». Ұлтымыздың тектілігін жоғалтып алмасақ игі. Кейбір бойжеткендердің жат іс-әрекетін көріп, «қызға қырық үйден тию салудан» қалып бара жатқан жоқпыз ба деп ойлайсың.

Малайлар кез-келген жиын, мерекеге қарасынан бастап шенеунігіне дейін ұлттық киімдерін киіп барады екен. Әйелдер жағы көбіне ашық түсті маталардан ұзын етіп тігілген әдемі көйлекпен келсе, ерлері де тізеден бірталай төмен түсіп тұратын тік жаға, көбіне түймесіз ұзын киініп жүреді екен. Әйелдер бастарына әдемілеп орамалын тақса, ерлер жағы біздікіне қарағанда, биігірек тігілген тақияларын тастамайды…

Бұл университетте білім алып жатқан студенттердің көпшілгі Қазақстандағы бірнеше агенттік арқылы келген. Ол жақтан Малайзияға жөнелткені үшін агенттік кемінде төрт жүз доллар сытырлатып алады. Бұл-бір. Содан мына жаққа келген баланы университетке тіркетіп, сол оқу орынына клиент әкелгені үшін және жеті жүз долларды қалтаға басады. Сонымен екі жеп биге шығады. Өкініштісі, бірқатар агенттіктер осындай мол ақша алып отырып, өз міндеттерін толық орындамайтын көрінеді. «Дәніккеннен құныққан жаман…» Алдыңғы студенттерді орналастырмай жатып, келесісін әкелуге кіріседі. Осындағы бірталай студент «агенттік әкелді деген аты ғана, одан кейін өз күнімізді өзіміз көреміз» – дейді налып. Тіл білмейтін жастарды жат елге әкеліп, «лақтырып» кету адам тағдырымен ойнау ғой. Құжаттарды созбақтап, кешіктіру немесе анаған-мынаған деп ақша сұрау дағдыға айналса керек. Көптеген жастар студенттік виза жасату, жатын орынды табу сынды агенттік атқаруы тиіс өзге де шаруаларды табандарынан тозып жүріп өздері жасайды. Мұндай келеңсіздік сонау қиырдан білім іздеп келген жастардың арманына «сызат» түсіруде. Студенттердің мұңы жанымызға батты. Бұл ретте «Sаlam study educational services» агенттігінің аты жиі аталады. «Дәніккен қарсақ құлағымен ің қазады»… Қазақстанның бірнеше жерінде бөлімшесі бар агенттік даңдайси бастағанға ұқсайды. Басы қасында жүрген өзіміздің қазақтың жігіттері. Біздің айтарымыз: «арман арқалап келген қазақ жастарының обалына қалмаңдар!».

Ағылшын тілінің екінші деңгейін де тәмамдайтын мерзім жақындады. Мұғалім «сәлем», «қал қалай», «жақсы», «мен сені сүйемін» деген сынды сөздердің әр тілдегі аудармаларын жаздырып жатыр. Бірінші болып Регинамыз шықты белсеніп. Бағанағы сөздердің орысшасын жазып, түсіндіріп жатыр. Бақытжан деген бауырымыз шығып, қазақ тілінде жігіттің қызға деген ғашықтық ерен сезімі көбіне «мен сені сүйемін» деген сөз арқылы білдірілетінін айтып, жазды. Регинаның «я  тебя люблюына» тілі келмей отырған топтағы студенттер  «мен сені сүйемін» деп шулай жөнелді. Канадалық оқытушымыз Грейк, «ғажап тіл екен», деді. Марқайып қалдық… Студенттер жапа-тармағай қазақ сөздерін дәптерлеріне түртіп алып жатыр. Онан кейін бұл сөздер қытайша, парсыша, тәжікше жазылды.

Ризуель досым сұрайды: «Қазақстанда көп ұлт бар дейсің, соның ішінде біздің малай нәсілі бар ма деп?». Қазақстаннан өз басым әл әзір малай көре қоймағанымды, соңғы санақ бойынша елімізде тұратын ұлт өкілдерінің саны жүз қырыққа жеткенін айттым.
– Сен Қазақстанға көшіп кел, бізде бір ұлттың бір өкілі болсын санға алынады. Жүз қырық бірінші ұлт боласың. Бәлкім бағың жанып бірнеше жылдан кейін ең аз ұлттың өкілі ретінде Ассамблеяның атынан Парламент депутаты болып қаларсың. Ол күледі.
– Ондай болуы мүмкін бе?
– Әбден мүмкін.
– Елдерің қызық екен…

Мәлейша. Өздері де, өзге жұрт та Малайзияны осылай атайды. Біз болсақ, орыстардың дыбыстауына еріп, «Малайзия» дейміз. Сондай-ақ халқын «малай» дейміз. Өзге жұрт «мәлей» дейді. Өздері де. Малайлардың асханасы өте бай. Әсіресе, шөп шалам мен жеміс жидекке. Балық пен мал етінен жасалған тағамдар да баршылық. Бірақ, сиыр мен қой еттерінің дәмі өзгешелеу. Жасық ет сынды, көк татып тұратындай. Ал ең көп жейтін тағамдары тауық еті мен күріш. Сонымен қатар, тұздығының өлердей ащы болғанын ұнатады. Алғашында тілімізді қуырып алып жүрдік. Кейін ащы етпеуді сұрайтын болдық. Бір қызығы, тамақпен бірге өмірі нан жемейді. Кеңес одағы нанға әбден үйретіп тастаған біздер бастапқыда нансыз ас іше алмай жүрдік…

Малайзияның туынан қадір қашқан ел екен. Байрақтарын көрінген жерге іледі. Үйлерінің төбесіне де, асханалардың алдына да, тіпті жол бойына да тізіп тұрып іліп тастайды. Жазғы кафелердің ауласынан да желбірген туларды көресің. Оңға қара, солға қара көзіңе американың туына ұқсас, ақ қызыл жолағы бар, және күн мен айдың суреті бейнеленген байрақты бірден байқайсың. Көбі күнге мүжіліп, кір-қожалқатанып, жұлым жұлым болып қалған….

Мұнда біздегідей қол көтерсең болды тоқтай қалатын машина жоқ. Халыққа арнайы таксилер ғана қызмет көрсетеді. Бұл қауіпсіздік үшін таптырмайтын дүние. Арнайы тұрақтары бар. Бағалары да тұрақты. Үстінен үстемелеп қалай болса, солай баға қою жоқ. Көліктердің тізгіні түгел оң жағында. Тағы бір қызығы, қоғамдық көліктер ірі мегаполис Куала-Лумпурдың өзінде аз. Біздегідей ерсілі-қарсылы ағылған автобус жоқтың қасы. Тек туристік автобустар жиі көзге түседі. Олардың ішінен аузы-мұрнынан шыға толып бара жатқан адам да  көрмейсің. Түрегеп тұрған адам сирек. Осының өзі-ақ «Азия жолбарысына» баланатын ел халқының әлеуметтік жағдайының қай деңгейде екенін көрсетсе керек. Халықтың көбінде өз көліктері бар. Жаяу-жақыбайларының қарасы аз.  «Протон» сынды отандық автоөнәркәсіп шығарған көліктердің қызығын біраз халық көріп отыр. Неміс пен кореяның, жапонның көліктерінің барлық түрі бар. Бір айта кетерлігі түгелег жуық жаңа. Сондай-ақ мотоцикл мінетіндер де өте көп. Автожолдар тек бір бағытта ғана.

Куала-Лумпур. Көк тіреген зәулім ғимараттардың санынан жаңылысасың. Әдемі, таза қала. Демалыс күндері де көшеде тығын көрмедік. Туристердің қарасы мол. Әсіресе, мойындарына бір-бір фотоаппараттары мен видео камераларын асып алған еуропалықтар жиі ұшырасады. «Малай егізін» көруге асық жұртта қисап жоқ. «Petronas Towers» деп аталатын қос ғимараттың биіктігі 451,9  метр. 88 қабатты нысан әлемдегі ең зәуілім ғимараттардың бірі. Ислам мәдениетінің элементі бар ұлттық негізге сүйеніп жасалған ғимарат болып саналады екен. Көкпен таласқан «малай егізін» көруге алты құрлықтан айына шамамен үш миллионға жетеқабыл адам ағылады…

Елтілек,  Сайбержая-Кула-Лумпур.


 

Advertisements

5 responses to “Малайзияда оқып жүр талай қазақ баласы (ұлтына көк тиын пайдасы жоқ, мұратсыз…)

  1. көп жерге барсаң қазақ екеніңе ұяласың шынымен.
    Қайта әйтеуір мен барған жерде маған дейін ешбір қазақ оқымаған боп шығады, соған шүкір. Әйтпесе кей құрбыларыма алғашында жаман көзбен қарап, енді мына қазақ не істер екен деп жаман сын көзбен қарайтын жағдайлар баршылық.

  2. Анау қырда қазақ тұр, бастарында азап тұр
    Мына қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s