Әшімовтың бастамасын Мәсімов «тұншықтырып» тастады

Қоян жылымен бірге жарыса кірген есеп беру отырысы Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне келіп жетті. Ведомоства басшысы Нұрғали Әшімовтың есебін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың өзі барып, тыңдап қайтты. Бұл жерде, әрине, «бұнда тұрған не бар, елдің бәрі есеп беріп жатыр? Аттандап не көрінді?» дейтіндер де табылар. Бірақ, мені қызықтырғаны басқа дүние. Бекерде мемлекеттік тілге ашықтан-ашық түкіре салатын министрлік өкілдері бір жылдық есебі мен алда тұрған мақсат-міндеттерін министр Премьер-министрге бастан-аяқ мемлекеттік тілде жеткізуді жөн көріпті. Мұртты Премьерді қоспағанда тек екі баяндамашы ғана ресми тілде ой қорытты. Оның өзі қазақ ұлтынан емес. Бірі – Парламент Мәжілісінің депутаты Валерий Котович, ал екіншісі – Экофорумның төрайымы Светлана Могилюк.

Қош делік! Министрлік өткен жылы қоршаған орта сапасын тұрақтандыру және жақсарту, сондай-ақ, гидрометеорологиялық және экологиялық мониторингті жетілдіру сияқты негізгі бағыттар бойынша жұмыс жасаған. «2010 жылы ауаны бүлдіретін зиянды заттардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға төмендеді. Яғни, ластаушы заттар төгінділерінің рұқсат етілген көлемі 2,8 млн тоннаны құрады. Ол өткен жылмен салыстырғанда 1,75 пайызға аз. Қалдықтарды қайта кәдеге жарату ісі де біршама жақсарды. Бүгінгі таңда қалдықтардың 21 пайызын қайта өңдеуге қол жеткізіп отырмыз. Табиғатты пайдаланушы ірі компаниялардың жұмысына бақылау күшейтілді», – дейді Қоршаған ортаны қорғау министрі. Экологиялық заңнамаға қатысты 10509 тексеріс жүргізіліп, 8512 заң бұзушылық анықталыпты. Барлығы 8402 нұсқама беріліп, 6 млрд-қа жуық теңге өндіріліп алынған.

Расында өткен жылы министрлік табиғатты пайдаланушы ірі компанияларға біраз шұқшиды. Қия басқанын дер кезінде нысанаға алып, құзырлы органдарға жетектеп апарып салып отырды. Еліміздің экологиялық қауіп­­сіздігі тұрғысындағы қадағалау күшейту мақсатында  яғни, қоршаған ортаға келтірілген залал көлемі 130 млн теңгеден асып түсетін болса, онда қылмыстық жа­уап­кершілікке тартуды көздейтін «Қазақстан Республикасының экологиялық мәселелер бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын әзірледі. Құжатты Үкімет қабырғасында таныстырып, «мақұлдаймыз» деген министрлер кабинетінің қолын қойдырып, бармақтарын бастырып алған соң, шетелдік алпауыттарға қыр көрсетіп өткені бар. Сол жылы министрлікте өткен алқа отырыстарының бірінде біраз компа­ниялардың тәртібін қараған болатын.  Пайдасын көріп болған соң, күл-қоқысын далаға шашып кетуді әдетке айналдырып алған біраз компания басшыларын шақырып алып: «Экологиялық жауапкершілікті қатайтуға қатысты заң жобасын енгіздік. Атап айтқанда, Қыл­мыстық кодекске өзгерту енгізілетін бо­лады. Бұл салада салақтық танытқан қандай да бір компанияларға жеңілдіктер жасалмайды. Егер заң бұзсаңыздар, кешіріңіздер, бірден зонаға барасыздар. Қай елдің азаматы екендігіне қарамай, барлығы да жауап­кершілікке тартылады. Естеріңізде болсын! Табиғатты қорғау бағдар­ла­маларымен ойнауға болмайды. Сіздер Қазақстаннан кетіп те үлгере алмайсыздар», – деп ашу шақырғанын ел әлі де ұмыта қоймаған болар.

Сол айтқан сөзінде тұрып қоршаған ортаны біраз былыққа батырған аты-шулы Karachaganak Petroleum Operating B.V. (KPO) компаниясымен соттасып жүріп, 1,9 млрд теңге өндіріп алыпты. Дегенмен ауру қалса да, қанына сіңген әдетін тастамайтындар тағы бар. Сондайлардың бірі – «Арселор Миттал Теміртау» кәсіпорны. «Ол 2008 жылдан бері қоршаған ортаға техногендік әсерді азайту талаптарын  дұрыс  орындамай келеді. Компания бүгінгі күні облыста ғана емес, республика көлеміндегі ірі табиғат пайдаланушы кәсіпорын болғандықтан компанияға өткен жылы инспекциялық тексеріс барысында  7 млн теңге көлемінде талап қойылды», – дейді Нұра-Сарысу экология департаментінің бастығы Ардақ Райымбеков.

Тек, Мәсімов қана жиылыстың сәнін кетіріп алды. «Я внимательно слушал ваш доклад…» деп өз сөзін миығынан күліп бастаған мұртты премьер «Сары…, Сары булак…, Ссс…», – деп  тормозит етті де қалды. Сол мезетте отырғандардың арасынан жүрек жұтқан біреу «Сорбұлақ» деп сыбырлап қалды. «Да, да… Сорбулак» деп Мәкең де мәз болды. Сөйтсек, оның айтқысы келгені – Орал өзені мен Тобыл-Торғай су бассейнінің экологиялық жағдайы сондай-ақ, Сорбұлақ көліне құйылып жатқан сарқынды суларының жиналу жағдайына байланысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу екен.

Айтпақшы, ол тек есеп куа бермей дамыған елдердегідей экологиялық мәселелерге де ерекше ден қоюды тапсырып жатты. «Бүгінде біз, көп жағдайда, экологиялық мәселелермен айналыспаймыз. Себебі, бізді экономикалық даму, өндіріс мәселесі ғана қызықтырады. Экология мәселелері екінші кезекте қалып қойса, экономикалық дамудың қажеті щамалы. Сондықтан осы экология мен экономика арасындағы үндестікті табу  министрліктің басты міндеті болуы шарт», – деп салды. Осылайша, әлқиссасы қазақшамен ашылған алқа отырысы мұртты Премьердің тепкісімен ресми тілде тәмәмдалды.

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s