Қайсаров «құлаған» көпірден Қасымов қалай өтті?

Кеше атынан адам түгілі албастының өзі айналып өткен Лингвистикалық комиссия өз жұмысын аяқтады. Мырзатай Жолдасбеков бастаған комиссияның алдындағы қатал сыннан өтініш білдірген 22 адамның біразы өте алмады. Тіптен сенімсіздік білдіріп бірнешеуі емтихан тапсырудан бас тартты. Бұл маңызды да емес. Бірақ жұрттың көкейінде жалғыз сұрақ: Қайсаров «құлаған» көпірден Қасымов қалай өтті?

Иә, расында қазіргі Президент Нұрсұлтанға негізгі қарсылас боларлық ауыр салмақты үміткер сыннан сүрініп кетті. Есесіне, «Қазақстан патриоттар партиясы» қоғамдық бірлестігі атынан түсіп жатқан Ғани Қасымов жақсы деген бағамен өтіп кете барды. Ғани Қасымов кім? Уәлихан Қайсаров кім? Бірі – стакан сындырғыш генерал, ал екіншісі салмақты саясаткер, экономист. Екеуін де ел біледі. Бірі – биліктің, бірі – оппозиция өкілі. Екеуі де бұрнағы жылғы хандық таласына қатысып бақтарын сынап көрді. Ол жолғы сыннан да Қасымов «сүрінбей» өтіп, құжаттары «дұрыс емес» жаламен Қайсаров өтпей қалған болатын. Бар айырмашылық осы секілді.

Ал тілдік тұрғыдан келгенде қос тұлғаның арасы жермен көктей. Жұрт алдында «қалай болған күнде де қазақша сөйлеймін» деп уәде берген Қайсаров қайсарлық танытып, мемлекеттік тілді бағындырып шықты. Бүгінде таза сөйлеп, қазақ тілінде ойын еркін жеткізіп, журналистерге сұхбат беріп те жүр. Ал генерал Қасымов қазақ тілінде сұхбат бермек түгілі, қойған сұрақтың өзін түсінсе жақсы ғой. Сол үміткеріміз өтініш берген күні-ақ мемлекеттік тілден емтихан тапсырды. Сенат депутаты Ғани Қасымов үш орфографиялық, бес пунктуациялық және екі синтаксистік, жалпы жиыны он қате жіберіп «сүрінбей» өтті. Мырзатай бастаған лингвистикалық топ мырзалығы ұстап сенаторды лайық деп тапты. «Ол емтихан барысында 10 қате жіберді. Әйткенмен, лингвистикалық комиссия Ғани Қасымовты «мемлекеттік тілді меңгерген» деген қорытынды шығарды», – деп атап өтті комиссия төрағасы М.Жолдасбеков. Сынақ барысында үміткер Ғани Қасымов лингвистикалық комиссияға «Мен деп ойла» әнін шырқап берген екен. «Ол әнді жақсы айтты», – деді лингвистикалық комиссияның төрағасы.

Ал қазақ тілінде еркін сөйлеп келген Қайсаров үш кезеңнің біріншісінен 28 қате жіберген. Екінші мәтін оқу барысында да көптеген қателіктер кетіпті. «Президентікке кандидат еркін сөйлей білуі керек. Ал Уәлихан Қайсаров «Халықаралық ынтымақтастық аясындағы Қазақстан» деген тақырыпқа сөйледі. Бұл өте жақсы тақырып. Соған қарамастан ол тақырыптан ауытқып  кетті. Осындай мәселелердің барлығын толықтай қарап, сараптай келе ол қазақ тілін еркін меңгермеген деген қорытындыға келдік»,– деп атап өткен Жолдасбековтің еркін ойлау түгілі орта деңгейде де сөйлей алмайтын Қасымовқа неге жанашырлық танытқаны жұмбақ күйінде қалып отыр.

Жолдасбековтың айтуынша, лингвистикалық комиссия шешімінің ешқандай  да саяси астары жоқ, біреулердің тапсырысы емес. Ол сынақ таза мемлекеттік тілге деген талаптардың аясында қабылданған. «Қазақстан сияқты елді басқаратын  адам мемлекеттік тілді толық меңгеруі керек. Ол саясаттан да, экономикадан да халықаралық қатынастан да үлгілі адам болуы қажет. Жалпы Президент болатын адамдарға қойылатын талаптар біздің Конституцияда айқындалған. Соның бірі – Президенттікке кандидат мемлекеттік тілді еркін меңгеруі керек. Біздің комиссия осы міндет аясында жұмыс істеді. Комиссия құрамында филология саласындағы елімізге танымал ғалымдар бар. Сондықтан комиссияның Мемлекет басшысы болам деген кез-келген адамның мемлекеттік тілге қатысты мүмкіндігін анықтауға қауқары толық жетеді», – дейді. Олай болса, үміткерлердің жазған шығармалары неге қалың жұртқа жария етіліп, өз иелеріне табысталмайды?

 

Сайлау – дерек.

Бес үміткер, атап айтқанда, Уәлихан Қайсаров, Қанат Есжанов, Майя Қарамаева, Толыбай Баймурзин және Адалбек Құнанбаевтар мемлекеттік тілден емтиханды тапсыра алмады. ОСК бұл азаматтарды президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. Орталық сайлау комиссиясы өтініш бергендердің ішінен әзірге жалғыз үміткерді, 700 мыңдай қол жинап үлгерген Нұрсұлтан Назарбаевты ғана ел Президенттігіне кандидат ретінде ресми түрде тіркеді.

Тағы бірнеше үміткер ойларынан айнып қалды. Бірі – комиссия құрамындағы азаматқа жеке өкпесінің барын айтып мұң шақса, тағы бірі – бекітілген ережелерге бағынғысы келмейді. Соның бірі – спорт шебері Жақсыбай Базылбаев. Ол комиссия мүшелерінің білім деңгейіне күмән келтірген. Ал Біржан Ділмағамбет комиссия құрамында өзіне ұнамайтын адамның отырғанын айтып, сынақтан бас тартты. Айтуынша, 13 жасында республикалық баспасөз бетіне жеке өміріне қатысты бір мақала шыққан екен. «Сол кезде фактілерді бұрмағалан автор енді комиссия құрамында отыр, ондай адам тағдырымды шеше алмайды» – деп қолын бірақ сілтеген болатын.

Президент болу арманымен Ақтөбе тұрғыны Мейрамгүл Қожағұлова да қоштасып отыр. Ол сайлау жарнасы үшін төленетін қаржыны таба алмаған. Бір қызығы президенттікке үміткерлерді «Жігіт сұлтаны» байқауынан да қатал сынға салып тексеру керек деген  Мұрат Телібеков «мені комиссия емес, халық бағаласын», –  деп өз ұсынысынан бас тартты.

Қызық – дерек:

3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауға кандидаттарды ұсыну мерзімі 20 ақпан күні аяқталды. Осы аралықта Мемлекет басшысының лауазымынан үмітті 22 адам өтініш берді. Олардың арасында емші-экстрасенс те, күзетші де, зейнеткерлер де бар. Өз кандидатурасын ұсынған үміткерлердің ең жасы – 1968 жылы туған Құнанбаев Адалбек Оқанұлы.

Кезектен тыс президент сайлауын өткізу үшін Үкімет қорынан 4 млрд 760 млн теңге бөлінбек. Ол 2005 жылғы науқанмен салыстырғанда 1 млрд 697 млн теңгеге көп. Бір қызығы – биылғы саяси додаға қатыспақ болған үміткердің үшеуінің әкесінің аты – Әбішұлы екен.

 

Advertisements

2 responses to “Қайсаров «құлаған» көпірден Қасымов қалай өтті?

  1. әттең, осыдан соң, болашаққа сеніммен қараудан сескенетіндейсің тура?!

  2. Уәлихан Қайсарды құлатқан күннің ертеңінде ол кісіні Орталық сайлау комиссиясының дәлізінде кездесіп қалдым. Сенатор болып тұрған кезінде ауылдағы үйімізге келіп, әкеммен жақсы әңгіме-дүкен құрып, анамның бал қаймағымен шай ішіп кеткен болатын. Әкемді сенатор кеңесшісі қылып алған. Сонда қарапайымдығын және тұлғалығын байқадым. Сол киім ілгіште кездескенде де танып, амандасып қал сұрастық. Сонда лингвистикалық комиссияда отырғандарға көңілі қалып, «Құдайдан қорықпайтындар екен комиссияда отырғандар» дегені әлі есімнен кетпейді…

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s