Қазақ елі «Мәңгілік Президентін» осымен төртінші рет ұлықтады

Бүгін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің кезекті инаугурациясын өткізді. Нақтырақ айтсақ, Қазақ елі «Мәңгілік Президентін» осымен төртінші рет ұлықтап отыр.

Салтанатты шара Тәуелсіздік сарайында өтті. Сағат тілі тұп-тура 10.45-те  соққанда Ақордадан сүліктей қап-қара көлігімен шыққан Президент Тәуелсіздік сарайына қарай ат басын бұрды. Сән-салтанаты жарасқан көлік кортежі жеті дүркін артиллериядан оқ ату рәсімімен қарсы алынды. Сарайға кіріп, сахнаға шыққан соң Конституциялық Кеңесінің өзгермейтін төрағасы Игорь Рогов ресми тілде: «Қазақстан Конституциясының 12-бабына сәйкес, Қазақстан президенті халыққа ел Конституциясы мен заңдарын қалтқысыз орындауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына кепіл болуға салтанатты түрде ант берген сәтінен бастап қызметіне кіріседі», – деп хабарлады.

Патшамыз ақ киіздің үстінде тұрып, Ата Заңымыздың 42-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Конституциясына оң қолын қойып тұрып: «Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатал сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін!», – деп Ант берді. Мемлекеттік Әнұраны орындалды.

Осыдан соң Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Нұрсұлтан Назарбаевқа президент куәлігі мен арнайы төсбелгісін тапсырды.

Бір қызығы, кезекті Президент сайлауы қалай алқын-жұлқын өтсе ұмытпау… кешіріңіздер  ұлықтау рәсімі де солай едел-жедел өтті. Орталық сайлау комиссиясы қорытынды жарияланып болысымен таң атырмай ұлықтаудың уақытын да белгілеп жіберді. «Маған тағдырын табыстап, ақ киізге қайтадан көтерген, ел тізгінін сеніп ұстатқан ардақты халқыма ақжарма алғысымды айтамын», – деп Анттан кейін сөйлеген сөзінде ерекше тебіренген Н.Назарбаев таққа отыру рәсімін басы артық у-шусыз өткізгенді жөн көрген секілді. Президенттің ант қабылдау рәсіміне Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары, облыс әкімдері, Конституциялық Кеңес мүшелерi, Жоғарғы Сот судьялары, қоғам қайраткерлері мен елімізде тіркелген шеткелдік димломатиялық миссиялардың өкілдері қатысқанымен шараға мамандардың айтуынша ешқандай шетелдік қонақ шақыртылмаған.

Біз Назарбаевты ұлықтаймыз, оны ұмытпаймыз. Халық та ұмытпайды…

Үкіметтің өкілеттілігі доғарылды

Айтпақшы, Президент ел жұртыма қалтқысыз еңбек етем деп ант беріп болған соң 2007 жылдың 10 қаңтарынан бері ешқандай өзгеріссіз отырып қалған Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың билігі өз жұмысын тоқтатты. «Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа! Қазақстан Республикасы Конституциясы 70-бабының 1-тармағына және Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының жаңадан сайланған Президентінің алдында өз өкілеттігімізді доғарамыз. Біздердің біріміз бұл жаңа құрамда болармыз, не болмаспыз. Бұл айтарлықтай маңызды емес. Ең маңыздысы, Мемлекет басшысы зор сеніммен жеңіске жетуі», – деп атап өтті Кәрім Мәсімов өзінің соңғы мәжілісін өткізіп тұрып.

Алайда, жаңа үкіметтің қашан құрылатыны әлі белгісіз. Жаңа үкімет құрылғанға дейін мұртты Мәсімов өз міндетін уақытша атқара тұратын болды.

 

Advertisements

6 responses to “Қазақ елі «Мәңгілік Президентін» осымен төртінші рет ұлықтады

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s