Сенаттағы «шок!» немесе Жоғарғы соттағы «төңкеріс»

Атам қазақ жеке ел болып, тәуелсіздік алғалы болып көрмеген оқиға. Парламенттің жоғарғы палатасы Сенатта кеше ерекше жағдай болды. Кешке қарай шұғыл түрде Сенат отырысы шақыртылды. Отырғандар арасында сымдай тартылып Қаржы полициясының төрағасы Қайрат Қожамжаров пен Жоғарғы соттың төрағасы, бұйығы мінезді Мұсабек Әлімбеков көрінеді. Жұрт аң-таң. Депутаттар да біріне-бірі қарайды. Көп кешікпей жылыстап есіктен президент әкімшілігінің төрағасы Аслан Мусин енді.
«Қаржы полициясы Мемлекет басшысына Жоғарғы Соттың судьялары – Алмаз Тәшенованы, Сайлаубек Жәкішевті, Марлен Қамназаровты, Мәрзия Балтабайды, Бақытжан Жақыповты және Мақсұт Әбілқайырды қызметтерінен босату туралы ұсыныспен шықты. Бұл лауазым иелері заңмен көрсетілген, соттарға қойылатын талаптарды сақтамаған. Қаржы полициясы көрсеткен дәйектер бойынша бас прокуратура олардың үстерінен қылмыстық іс қозғады», – деді Президенті әкімшілігінің жетекшісі мінберге шықпай жатып. Мусиннің мұнысы Сенатты селк еткізді. Депутаттар гуілдіп ала жөнелді. Тек Қожамжаровтың қопарма баяндамасынан кейін ғана қалаулылар қалғып-шұлғып өз қалыптарына түсе бастады. Оның айтуынша, Бас прокуратураның санкциясы бойынша Жоғарғы Соттың бірқатар лауазым иелерінің әрекеттері тексеріліп, олардың жемқорлық қылмыстарға қатысы барлығы анықталған. «тексеру барысында Жоғарғы Соттың азаматтық және әкімшілік істер бойынша қадағалаушы сот алқасының төрайымы Тәшенова мен Жоғарғы Соттың судьясы Жәкішев заңсыз ақы ала отырып, «Фикарел» АҚ-ының пайдасына шешім шығарған, сөйтіп, мемлекетке 212 миллион теңге шығын келтірген. Сонымен қатар, Жоғарғы Соттың судьялары Жақыпов, Балтабай, Әбілқайыр және Қамназаровтар азаматтардың құқықтары мен мемлекеттің мүддесін бұза отырып, жеке тұлғалардың пайдасына сот шешімін шығарғаны, соттасушы тараптармен сот ісінен тыс қатынастар орнатқаны, тергеу амалдарына кедергі келтіргені, жалған кәсіпорындардың мүдделерін жоқтағаны анықталды», – деді ол. Қос мықтының баяндамасынан кейін Парламент Сенаты «Жоғарғы соттың 6 судьясы қызметтерінен босатылсын» деген шешім шығарды. Оған 44 депутат қолдап дауыс беріп жіберді.
Иа, тосыннан келген топырлата қуып шығу туралы жарлыққа қарапайым жұрт түгілі депутаттардың өздері де аңтарылып қалды. «Мынандай жағдаймен ешқашан бетпе-бет келген емеспін. Барлығымыз қазір бұл туралы не айтарымызды да білмей дал болып отырмыз. Жоғарғы қадағалаушы органның қызметкерлері жемқорлыққа жол берсе не болғанымыз? Олар биліктің бетпердесі, өзгелерге үлгі болатын, әділдікті басып айтып беретін адамдар ғой. Біз өз өмірімізді осылардың қолына тапсырамыз. Олардың қолында адам тағдыры тұрады. Мынандай жемқорлық жайлаған соттарды көзге елестетудің өзі қорқынышты болып тұр. Егер осы жерден жемқорлықтың белгісі анық табылатын болса, барлық басшылық, соның ішінде Мұсабек Әлімбеков қызметінен кету керек», – дейді Ғани Қасымов дегбірі қашып тұрып.
Осыдан соң қалың жұрттың назары Президент Әкімшілігінің басшысы Аслан Мусин, Қаржы полициясының төрағасы Қайрат Қожамжаров, Жоғарғы соттың судьясы Мұсабек Әлімбековке ауған еді. Алайда, олар сенаторлар у-шу болып жатқанда ебін тауып ертерек зытып кетіпті.
Осылайша, Жоғарғы соттың 6 бірдей судьясы қызметімен қош айтысты. Олардың үстінен бас прокуратура қылмыстық іс қозғаған. Қазір тергеу амалдары жүруде, одан кейін сот болады. Баяғыда ел билеген шешендеріміздің бірі жұрт арасында дүрбелең туып, оған ақыл айтар азаматтардың біразы араласып кеткенде, «Ет бүлінсе тұз себеміз, тұз бүлінсе не себеміз?», – деп шарасыздық танытқан екен дейді білетіндер. Сол айтпақшы, тентегін түзеп, әділдіктің қалтқысыз қорғаны болады деген сот пен судьялардың өздірі былыққа батып жатса жатса не істеуге болады? Бұл әрине, парадокс!
Пы Сы
Жоғарғы палатаның қудалау туралы шешімінен кейін Парламенттен «какай» болып шыққан судьялар отырыстан соң жұмыс орындарына кіре алмай қалыпты. Қайта барғандары Жоғары соттың есігінен кері қайтыпты-мыс…

Advertisements

3 responses to “Сенаттағы «шок!» немесе Жоғарғы соттағы «төңкеріс»

  1. Нағыз сұмдық мында екен ғой, енді Жоғарғы соттың төрағасы Мұсабек Әлімбеков те кетуі керек қой.

  2. Е, сорлылар біреудің сорын қайнатам деп соры қайнаған екен ғой! Суреттерін инеттен таппадық суретімен жарияласа!

  3. әшкерленген «шок» жай ғана шоу ғой! ал әшкерленбей жатқан ілі қанша өшіп бітпеген, мазданған мардымсыз былықтың шоғы бар!

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s