Байланыс неге қымбат, министр мырза?!


Үкімет сағатында халық қалаулыларының алдына шығып, халықтың 100 пайыздан астамы ұялы байланыспен қамтылғанын айтып мақтана қоймақ болған Көлік және коммуникация министрі  Мәжіліс депутаты Сейітсұлтан Әйімбетов «ұятқа» қалдырды. 

Жұмағалиев мырза қолтықтай келген «Инфо-коммуникациялық технологиялар саласын дамыту нәтижелері туралы» заң жобасына қосымша баяндама жасаған  Әйімбетов: «Статистикалық деректерге  жүгінбей-ақ, біз  халықтың 100 пайыздан астамының ұялы байланыспен қамтылғанын  мақтанышпен айта аламыз. Әрине,  бұл зор жетістік. Алайда соңғы екі жылда тарифтер бағасының арзандағанымен,  байланыс құны өсіп келеді. Мәселен, 2010 жылы  бағаның орташа  өсімі 2008 жылмен салыстырғанда  7,6 пайызды құраған. Ал қызмет көрсету сапасы сын көтермейді», – дейді Мәжіліс депутаты.

Депутаттың айтуынша, Халықаралық валюта қорының 2010 жылғы деректері бойынша ТМД елдері нарығында ұялы байланыстың бір минуттық құны  Қазақстанда  орташа бағамен алғанда 18,35 теңге болып тұрғанда,  әшейінде «күн көре алмай отыр» деп күлкі қылатын Қырғыз елінде – 3,2 теңге болыпты. Өзбекстанда – 4,47, Грузияда – 7,49, ал Украинада – 9,86 теңгені құраған. Ол аздай өзге желілерге соғылатын қоңырау құны да көш бастап тұр екен. «Егер 2011 жылы «желі ішінде» қоңырау шалуға біз орташа 13 теңге  төлесек, «басқа желілерге» 28 теңге төлеп келдік.  Байланыс операторларының басқа желілерге қоңырау шалуға арналған «үстеме тарифтері» халыққа салмақ салып қана қоймай, абоненттің төлемін екі есе қымбаттатып отыр», – деді министрге бір қарап қойып.

Әрине бұл үстеме табыс «жоқшылықтан» қосылмайтыны даусыз. Байланыс операторларын «кедей» деп ешкім айтпайды. Бәрі де сол «өзім би, өзім қожамын» дегеннің кері. Ресми деректер келтіріп көрелік: Статистикалық деректер қазақстандық операторлардың  табысының  жыл сайын үдемелі түрде өсіп  келе жатқанын көрсетеді. Отандық байланыс компаниялары 2010 жылы 261 млрд. теңге (108 млрд-қа жуық АҚШ доллары) табыс тапқан. Бұл 2009 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға көп көрсеткіш. Іштей есептей беріңіз. Қалай болған күнде де «жоқ деп!» жылауға еш негіз жоқ. «Сондықтан,  барлық ұялы байланыс операторларының басқа желілерге  қоңырау шалуға арналған үстеме-тарифтерді алып тастайтын уақыты жетті деп ойлаймыз. Өйткені бұл оператор-компаниялар инфрақұрылым, офис және тағы басқа шығындарын баяғыда-ақ  өтеп алған», – деп атап өтті депутат.

Айтпақшы, отырыста  Көлік және коммуникация министріне Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те қазақ тіліндегі SMS бағасының қымбат екендігін айтып, базынасын білдіріп жатты. «Қазақ тіліндегі SMS бағасы латын жазуымен терілген басқа хабарламаларға қарағанда екі есеге қымбат. Бұл құқық бұзушылық болып табылады. Қазақстанда жұмыс істейтін мобильді операторлар осындай бағалар қоя отырып, мемлекеттік тілді кемсітушілікке жол береді», – дейді ол. Алайда осыған байланысты байланыс компанияларына қандай да бір шаралар қолданыла ма, жоқ па деген сауалға  Асқар Жұмағалиев мырза  түсіндірме беріп жатуды артық көрді ме, жауапсыз қалдырды.

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s