Неге су перісі Сүлеймен болған?

waterМЕНІҢ КОДЫМ – Н2О
немесе
неге су перісі Сүлеймен болған?

  1. Су туралы ештеме білмейміз

 Су – жер әлемдегі ең әдеттегі дүние. Әрі барша тіршілігімізбен тығыз байланысты. Бірақ, тылсымға толы стихияның бойына қандай құпияны бүгіп жатқанын біле бермейміз. Ол қайдан пайда болды? Біздің планетамызға оны кім және не үшін жайғастырды? Мүмкін бұл сауалдардың бәріне жауапты берсе, тек судың өзі ғана бере алар. Бүгінде жер бетіндегі су әу басында тәңір дүн-дүниені жаратқанда қаншалықты көлемде болса, сол қалпынша сақталған.

Смоленскі мен Калининградтың митрополиті Кирилл:

– Қасиетті жазбаларда су тек физикалық субстанция емес, оның құдіреттілігі терең, әріде екендігі баяндалады. Ол – жұмбақ та   тылсым дүние. Осы меңіреу тұңғиықтық, белгілі бір өлшемде, тұрмыс кешу идеясымен тығыз байланысты, – деп, одан әрі баруға қайранының шамалылығын аңғартқан.

Дүниеде судан жұмсақ әрі оп-оңай бәленбай түйіршікке айналып шашылып кететін зат жоқ. Ол соған қарамастан тамшысымен тасты теседі, дүлей екпінімен небір жарды, бөгесінді орып түседі. Ешкім оны жоқ қылып жібере алмайды, бірақ кез келгеніміздің белгілі бір көлемде ауыздықтауға мұршамыз жетеді.

«Әлсіз мықтыны жеңеді, жұмсақ қаттыны илейді, мұны бәрі біледі. Бірақ дәл солай әрекет етуге дәттері жетпейді» деп жазды осыдан екі жарым мың жыл бұрын су жөнінде қытайдың философы Лауцзы.

Нобель сыйлығының лауреаты, АҚШ ғалымы Курт Вютрих:

– Су мейлінше егжей-тегжейлі зерттелген. Басқа сұйық заттармен салыстырғанда, ол әдеттен тыс физикалық, химиялық қасиеттерге бірдей ие, – дей тұрып, одан әрі қарай тісі батпайды.

Австрияның зерттеушісі Аллоис Грубер бірде-бір ғалым неліктен температураның минус кезінде су тығыздығының көлемі ұлғайып, плюс кезінде кішірейетінін түсіндіре алмайтынына қайран. Ал кез келген сұйықтық мұндай жағдайда басқаша күйге ұшырайды, яғни, суықта – кішірейіп, ыстықта – үлкейеді.

Міне, судың осы таңғажайып қасиетін адамзат баласы ежелден аңғарып, оны тұрмысында қажетіне жарата білді. Жер шарының солтүстігін мекен еткен халықтар аяз болар алдында қабақтағы тастың жарығына су құйып, мұздың қысымымен бәленбай жылғы құрсауынан ажыратып, оны кейін баспана салуға материал ретінде пайдаланған.

Оңтүстік өңірде тастың жарығына сына қағып, ал сынаға су құйып ісіндіріп, миллион жылдық тұтасқан шеңгелді сөгіп жіберген.

Бертінде ғана ғалымдар зерттей келе судың кішкентай түтікшелерге түскеннен кейін жасушалары арқылы жылжып, ғаламат қысым тудыра алатынына көздерін жеткізді. Соңыра, ылғал тиіп ұрықтанған дәннің жер астында 400 есеге дейін атмосфералық күшке ие екені дәлелденген. Қылдай нәзік бәйшешектің асфальт жолдың тас қорғанын қақ жарып өсіп шығатыны осындай әлеуеттің құдіретінен.

Лондон университетінің зертхана меңгерушісі, профессор Мартин Чаплин:

– Су – өзіндік таңғажайып қасиетке ие кішкентай ғана молекула, – дейді. – Бұған ұқсас осындай құбылыстарға толы молекулаларды табу мүмкін емес.

Ресей жаратылыстану ғылымы академиясының мүше-корреспонденті, ғылым докторы Александр Солодилов:

– Судың бойындағы көп қасиеттің болымсыз біреуі болмағанда, жердің бетіндегі тіршілік те күйрер еді, – деген ойды көлденең тартты.

Неліктен судың газ тектес (бу), сұйық, ұнтақ (қар), қатты (мұз) 4 түрлі физикалық формада болатынына күні бүгінге дейін ғылымда жауап жоқ. Неге күллі сұйықтықпен салыстырғанда судың беті томпайып тұрады? Неге жер жүзіндегі еріткіш нәрсе су? Ондаған атмосфераның кедергілерінен өтіп, қандай алып ағаш болса да жықпылымен ұшар басына өрлеп баратын нендей құдіреті бар?

Мәскеу мемлекеттік университеті биология факультетінің профессоры, ғылым докторы Владимир Воейков:

– Біз алға қарай үлкен қадам жасадық. Сондағы ұққанымыз, су туралы ештеме де білмейді екенбіз, – деп, ашығынан мойындады. – Осыған көзіңді жеткізгеннен кейін «білсем» деген ынтызарлық сезімі еріксіз бойыңды жаулайды.

  1. Судың ес-жадысы бар

 Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Оңтүстік шығыс Азияда жаңа биологиялық қарудың түрін ойлап табу қызу қолға алынды. Жаппай қырып-жоятын зұлматты әзірлеуші әскери институтта бірнеше жылдан бері тынымсыз еңбек атқарылды. Нешеме мәрте зертханада жасырын басқосулар болды. 1956 жылы бәленбай сағатқа созылған сондай құпия отырыстардың бірі еріксіз аяқсырады. Қатысушылар әлдебір нәрседен уланып, жедел түрде ауруханаға жөнелтіледі.

Ізінше тергеу жүргізіледі, бірақ салдардың ұштығын таба алмай, тығырыққа тіреледі. Мәжіліс кезінде столда графиндегі кәдімгі судан басқа бөгде зат болмаған. Ғалымдар одан өңге ештеме ішпеген. Суды тексергенде құрамында жат дәнеңе ұшыраспаған. Химиялық құрамы – Н2О. Нәтижесінде сараптамашылар «уланудың себебі – кәдімгі су» деген қорытынды береді.

20 жылдан кейін фантастикалық болжам шындыққа ұласады. Ол – адам айтса нанғысыз жайтты көлденең тартады: судың ес-жадысы бар екен. Әлемнің көптеген елдерінде жүргізілген сынақтың нәтижесі көрсеткеніндей су кез келген әрекетті қабылдап, есінде ұстап қалатыны дәлелденген. Өзін қоршаған кеңістікте болып жатқан құбылыстардың барлығын жадында тоқиды. Суға бар болғаны дүниенің не екенін білу үшін тисе болды, қасиетін әп-сәтте пайымдайды. Және осы ақпаратты мүлтіксіз сақтайды. Бұл қасиетін ата-бабаларымыз ежелден аңғарса керек. Қарапайым суды күміс құтыға құйып дем салып, емдік ішімдікке айналдырған.

АҚШ Пенсильван университетінің профессоры, Халықаралық ғылым академиясының мүшесі Рустум Рой:

– Кіршіксіз таза күміс су – бүгінде ең керемет дәрі. Оның шипалылығы сондай Ауғанстандағы, Ирактағы Америка әскері осы суды ғана пайдаланады. 100 миллионға арналған бір атом жарадағы барлық микробты өлтіріп, зарарсыздандырады. АҚШ президенті дизенфекция үшін қолын осы сумен шаяды. Бұл судың не ғаламаты бар деген сауал еріксіз көлденеңдейді. – Әлемдік деңгейдегі ғалымның өзі дал.

Ақпаратты бойына сақтай отырып, су жаңа бір қасиетке ие болады. Бірақ соған қарамастан оның химиялық құрамы бастапқы қалпында қала береді.

Осы уақытқа дейін ғылымда судың химиялық құрамы маңызды деген тәңіри ұғым қалыптасқан. Ендігі сенсациялық жаңалық – судың химиялық құрамы түкке тұрғысыз екен. Бар құпия құрылымында болып шықты.

Судың құрылымы тек қана молекулалар жиынтығынан тұрады. Молекулалар жиынтығы өзара бірігіп топ құрады. Бұл топты кластерлердеп атайды. Ғалымдардың пайымдауынша дәл осы кластерлер ес-жады ұяшығы болып табылады. Осылардың өзіндік ерекше қасиеті арқылы су магнитафонның таспасындай көргенін, естігенін, сезінгенін қалтқысыз жазып отырады.

Шам жаққанда су құбылатынын адамдар білмейді. Тексеру кезінде байқалғанындай технологиялық ықпалдылықтың күшімен, яғни, жоғары вольтты электр өрісінен су өзгереді. Әрине, су – су күйінде қалады. Бірақ оның құрылымы, образды айтқанда, жүйке жүйесі кез келген болымсыз әсерге бой алдырады.

Заманауи аспаптар әрбір ұяшықта 440 мың ақпараттық панельдер бар екенін анықтады. Қоршаған ортада оның әрқайсысы өзіндік әрекетке жауап береді.

Егер кластерді белгілі бір молекулалардың тобы десек, онда оның өмірі ұзақ емес. Құрылым ретінде қарасақ молекулалар белгілі бір уақыттарда ыдырап, орнына жаңа молекулалар кірігіп отырады. Мұндай жағдайда кластер тиімді де ұзақ өмір сүреді.

Дәл осы кластерлік құрылымның тұрақтылығы судың жадына тоқып, есіне сақтап қалатын гипотезалық қабілетін дәлелдеп берді.

Осы ретте Рустум Рой: «Мүмкін су – дүниедегі жалғыз құн жетпейтін өзінше бөлек компьютер шығар. Бәлкім, ғаламның ақпараттар қорын сақтайтын ес-жадысы. Мұндай құдыреттіліктің сыры неде? Бұл кәдімгі әліп-би сияқты. Әріп танымасақ, әліпті таяқ деп білмейміз. Сөзді ұғынып, сөйлемді оқи алмайсыз. Сондықтан моликулярлық құрылым – су әліп-биі. Оны оқи алсаңыз сөйлем құра аласыз, оны өзгерте аласыз», – дейді.

  1. Су мен адам эмоциясы

1881 жылы қыста «Лара» кемесі Ливерпулдан Сан-Францискоға аттанады. Сапардың 3-ші тәулігінде кемеде өрт шығып, аз ғана адам аман  құтылады. Араларында капитан Нэль Керри де бар еді. Апатты бастан кешкен бейшаралар уақыт озған сайын шөлден қаталайды. Үш апта бойы теңізде бағыт-бағдарсыз сандалған олар, ақырында Алланың жәрдемімен жағалауға ілігеді. Шындыққа тура қарап үйренген капитан оларды не құтқарғанын кейіннен былай суреттейді: «Біз тұщы суды армандадық. Көкжиекпен ұштаса жалғасқан ұшы-қиырсыз көк теңізді ауыз суға айналғандай елестеттік. Мен бар күшімді жинап, қайықтың ернеуінен еңкейіп барып суды қолыммен іліп ап ұрттағанымда, ол шындығында да тұщы су болды», – дейді.

Ресей жаратылыстану ғылымы академиясының академигі, профессор, ғылым докторы Константин Коротков:

– Біз суға әртүрлі факторлармен әсер етіп, эксперимент жүргізіп көрдік. Магнит пен электр өрістері қолданылды. Басқа да нысандар сыналды, соның ішінде адамды да араластырдық. Адамның эмоциясын пайдаланып көрдік. Көзіміз жеткен нәрсе – жағымды, жағымсыз эмоциялар бәрінен де ықпалды күшке айналды.

Коротковтың зертханасында адамның суға қаншалықты эмоциялық ықпалдылығы бары жөнінде көптеген тәжірибелер жүргізілді. Бір топ адамды жинап алдарында тұрған колбадағы суға ең жағымды сөздерді – мейірім мен сүйіспеншілік, қайырымдылықты іштей айтқызады. Содан кейін шыны  құтыны айырбастап, бұған керісінше тасжүректік пен қатыгездік, жеккөрушілік сияқты жағымсыз жайтты айтқызады. Бұдан соң ізінше тексергенде, мейірім шуағы төгілген судың энергиясы артып тұрақтанған да, лағнат айтылған құтыдағы судың энергиясы төмендеп кеткен. «Жақсы сөз – жарым ырыс» екені осыдан көрінеді.

– Мен судың ес-жадысы бар деп есептегеннен кейін, жұртшылыққа оның дәл солай екенін көрсетуге тырыстым, – дейді Жапон зерттеушісі Эмото Масару.

Ғалым Эмотоның зертханасында қилы-қилы әсерге ұшыраған судың құрамы зерттеледі. Түршіккен тамшының реакциясы креагендік камерада қолма-қол қатырылады. Микро толқынды пеште қызған судың бейнесі, қалта телефонынан тартынған судың көрінісі, рахмет айтылған, кешірім сұраған, жеккөрініштік білдірілген судың молекулалар тізбесі әр алуан нышанға енген. Әрине, жақсы лепес естігенінің формасы эстетикалық жағынан көз тартады. Балағатқа ұшырағаны ешқандай нобайға келмейді.

Заманауи технология жасанды жолмен судың құрылымын түзуге, яғни энергиясын арттыруға жол ашты. Зертхана жағдайында бүршік жарған соя тұқымын әлгіндей сумен суғарғанда, оның кәдімгі сумен ылғалдандырылған өскінге қарағанда фатондық сәулеленуі 6 есе жоғары болған. Тәжірибе көрсеткеніндей құрылымы түзілген сумен бапталған көкөніс мерзімінен ерте пісіп және оған ешқандай тыңайтқыш заттар қосылмағанның өзінде микроэлементтері мен белогы мол құнарлы болады. Бір қызығы бірдей көлемдегі алқапқа су салғанда, құрылымды су жай суға қарағанда 25 пайыз аз жұмсалған. Не топыраққа, не суға тыңайтқыш араластырылмаған еді. Екі түрлі судың да химиялық құрамы – Н2О. Тек, біріншісінің құрылымы өзгертілген.

Бір судың нәрі неліктен екі түрлі нәтиже беретініне бүгінде ғылым тарапынан жауап жоқ.

Адам жасына қарай 70-тен 90 пайызға дейін судан тұрады. Қалыпты жағдайда жүру үшін үлкен адам тәулігіне кемінде 2,5 литр су ішеді. Және 1,5 литр суды душ, ваннаға шомылып, денесі арқылы қабылдайды.

Алайда, су үйге келгенше ұзақ та азапты жол шегеді. Ертеде елді қоныстандырарда су қоры мол мекендер таңдалатын еді. Бүгінде мұндай өлшем ешқандай рөл ойнамайды. Ол жерде су бар ма, жоқ па ешкім басын қатырмайды. Құбыр арқылы, жоғары қысымның күшімен мыңдаған шақырымнан тарта салады.

Табиғатта су ауанымен ағады. Ал құбырдағы су мыңдаған мәрте шұғыл бұрылыстарға тап келеді. Әрбір осындай бұрылыста оның жаратылыстағы құрылымы бұзыла береді, бұзыла береді.

Ресейдегі су құрылымын зерттеу жөніндегі зертхананың меңгерушісі Леонид Извеков құбыр суының әртүрлі кристалды формада болатынын, бірақ бәрі деформацияға ұшырағанын; ондағы молекулалар нобайы ешқандай әдемілікке, симметрияға симайтынын дәлелдеген.

Австрия зерттеушісі Аллоис Грубер:

– Панельдік жылу жүйесінде ветализирленбеген су ағып жатыр, әбден борсып кеткен. Ол үйдегі өсімдіктерден, хайуанаттардан, адамдардан энергияны өзіне тартып алады. Энергияны ұрлаушы жымысқы қасиетке ие, – дегенді айтады.

Көптеген ірі қалаларда құбырдағы су тұйықталған циклмен жүреді. Агрессивті түрдегі химиялық қосындылармен тазартылып, бірнеше әлеуетті сүзгілерден өткен соң, ол жадына биохимиялық зат пен көрген зорлық-зомбылығын тоқыған қалпы үйімізге қайтып оралады. Бұдан да сорақысы – ақпараттық ластануы. Жүздеген шақырымға созылған құбыр арқылы мыңдаған пәтерлер мен үйлерден өтіп, бәле-бәтердің бәрін бойына жинап отбасыңдағы шүмектен ағады.

– Біз суды рух тұрғысынан ластаймыз, – дейді Аллоис Грубер. – Былапыттауымыздың ауқымы – алапат. Неліктен? Барлық қызғаншақтық пен күллі ашу-ыза, шытынаған шамқорлықты су өзіне оп-оңай сіңіріп алады. Біздің ағзамызға барғанда ол өлі күйінде барады.

  1. Тіршілік иесінің тұлғасына судың тигізер әсері

Ғарышқа барғанда ең әуелі іздейтініміз – су. Өйткені, жер бетінде сусыз өмір жоқ. Еш шүбәсіз білетініміз, алғашқы тірі ағзаның өзі суда тіршілігін бастаған. Кейін келе бейімделіп, судан тысқары өмір сүре алатындай дәрежеге жеткен. Мұны және кездейсоқтық деп қарауға болмайды. Інжілдің алғашқы сөзі де су қақында басталады. Әлемнің жаратылуы, адамның пайда болуы, судың маңыздылығы айтылады.

Иленген бір уыс балшықта әлі жасалмаған барлық керемет мүсіндер жатса, суда – болашақ тіршіліктің болмысы мен өркені жатқан еді. Су ғана тәңірілік жаратушы қасиетті бойында ұстады. Кішкентай бактериядан бастап, күллі жан иесі бүгінгі қаліне жете алды.

Шамасы ешқандай ғылым Адамның қалай жаратылғанын, жаратылу процестерін, қандай пропорциялар қолданылғанын айта алмайды. Ал, Құранда Алланың рахымымен осы акцияға судың қатысқандығы жөнінде баяндалады.

Тек суда ғана кез келген тұқым, кез келген эмбрион өмір жолын бастау мүмкіндігіне ие. Су ғана оның өсіп, сақталуына жағдай туғызады. Тіршілікті қоршаған су – өзінше алып компьютер, ол барлық биологиялық бағдарламаны ашуға ықпалды. Және оны өзгертетін де – су.

Ресей жаратылыстану академиясының мүше-корреспонденті Александр Солодилов:

– Біз суға болымсыз ғана магнит өрісінің импулсімен әсер етіп көрдік, – деді. – Бұл өріс жердің кәдімгі табиғи магнит өрісінен ондаған миллион есе әлсіз еді. Бүгінгі заманауи ғылым көзқарасымен ол түкке тұрғысыз.

Осындай жолмен өңделген суға балық жіберіледі. Олардан пайда болған шабақтар сойып қаптап қойғандай бір-бірінен аумайды, бірақ өздерінің әуелгі тұқымдастарынан мүлде бөлек болып шығады. Эксперименттің нәтижесі көрсеткендей, олардың пішіні мен тұлғасы ғана емес, мінез-құлқы да бөлек. Сыртқы әсерге бірдей түшіркенеді. Қарап тұрып бұл балықтар шоғырына ұжымдық ақыл-ой біткен бе деп ойлайсың. Мұны фенотиптік өзгеріс деп атайды.

Енді ғылым алдына жаңа бір мәселе көлденең тартылды. Егер, су осылай тіршілік иесінің тұлғасын ғана өзгертіп қоймай, оның инстинктік қасиетіне елеулі нұқсанын тигізсе, онда ойлану керек. Мұндай өңделген суды әбден зерттеп алмай, тұтынуға шығаруға болмайды. Ол биологиялық қару тұрғысында таралуы мүмкін.

  1. Дейтерий – ауыр су немесе туған жердің суы

1932 жылы әлемді сенсация кезді. Американың физиктері Гарелд Юрий мен Эльберт Босборонь кәдімгі судан басқа табиғатта ауыр су бар екенін жаңалық ретінде ашты. Ол – дейтерий 2 О (D2О). Дәл осы дейтерий ең зұлмат қару сутегі бомбысын жасап шығаруға негіз болды.

Бүгінде радиоактивті сәулеге ұшырау қандай күйге түсіретіні әркімге белгілі. Сөйтсек одан да қатерлі салдарға апаратын залал бар екен. Ядорлы полигонның ауқымынан асып түсетін мыңдаған шақырымдарға созылған үлкен аумақта – судың құрылымын өзгертсе жетіп жатыр. Бұл үшін сынақты әуеде, жер бетінде, жер астында жасаудың айырмашылығы жоқ.

Қазақ университетінің биофизика кафедрасының меңгерушісі, профессор, ғылым докторы Виктор Инюшин:

– Судағы өзгеріс күрделі түрде жүріп, оның ес-жадысы өзгереді. Ол суды адам да ішеді, мал да ішеді. Екеуінің де әңкі-тәңкісі шығады, – деп, қайраны таусыла иығын қусырып, алақанын жайды.

Жарылыс кезінде пәрен күшке ие толқын пайда болып, ол жерге келіп соғылады да тез басылады. Ал, одан кейін су 30 күн бойы тербеліп жатып алады. Мятник сияқты тербелген толқындар жаңа потологиялық жүйені түзеді. Бірден байқалатыны – мұндай сынақтан кейін өзіне-өзі қол жұмсайтындардың қатары күрт артады. Қалыптағы шамадан 2,5-3 есеге барады. Дәрігерлер мұның сырын түсіндіруге дәрменсіз.

Адамның миы 85 пайыз судан тұрады. Ағзаға бүлінген су түскеннен кейін өзгеріс жүреді, екіұдай шиеленіс пайда болады. Осының нәтижесінен мидың биопазмасы бүлінеді. Содан барып адам өмірге деген құштарлығын жоғалтып, мына жарық дүниемен қош айтысуға біржола бел буады.

Австрияның зерттеушісі Аллоис Грубер:

– Адам сумен қандай қатынас жасайды, сондай нәтижеге қол жеткізеді, – дейді. – Егер ол суға жақсы оймен қараса, ризашылығын білдірсе, алғысын жаудырса, судың сапасы артады. Су адамға жағымды әсер етіп, оның ағзасына жұғымды болады.

1472 жылы Аббат Карлл Гастинсис белгілі де сыйлы бір әйелдің дертінің емін біледі деген пайыммен ұсталып, сұраққа алынып, ақыры зынданға тасталады. Түнекте отырған тұтқынға күн сайын бір тілім нан мен борсыған бір шөміш су береді. Қырық күннен кейін күзетші Карлдың әлсіреп мұқалғанын емес, денсаулығы нығайып бұрынғысынан да әлденгенін байқайды. Бұл көрініс – Аббаттың тосын күшпен байланысы бар екен деген ойға оны шүбәсіз итермелейді. Соңыра қатал жазалаудан соң, Гастинсис күнделікті олар әкелген борсыған суға Алланың жіберген сынағына ризашылығын білдіріп, дұға оқығандығын мойындайды. Содан кейін судың дәмі тұщы, салқын, кәусар болған екен.

Орэайма – Венесуэлла үндістері пимон тайпасының тілінен аударғанда «су анасы» деген мағынаны береді. Осы жерге 2005 жылдың қаңтарында Ресейдің бір топ биофизиктері судың таңғажайып түрі бар деп, сапарға аттанады. Ғалымдардың айтуы бойынша, ол жерге жан баласының аяғы тимеген, яғни, су адамзатпен ешқашан байланыста болмаған. Мұндай су жер шарында жалғыз Венесуэллада бар екен. Елсіз жынысты орманмен үш тәулік сапар шегіп, соңында 800 метрлік құлама биік шыңға шығу интузязимді қажет етеді.

Петербордағы Коротковтың зертханасында су энергетикасын анықтайтын аспап ойластырылған. Оның қызметінің барлығы керлияна әсеріне арқа сүйейді. Әлеуетті электро-магниттік өріске орналастырылған заттың барлығы жарық шығара бастайды. Нысан неғұрлым мол энергияға ие болса, ол со ғұрлым жарық сәуле шашады.

Осындай жолмен Венесуэлла суын кәдімгі сумен салғастырады. Сонда көз жеткізгендері, әлгі су – әдеттегідей 2-3 есе емес, 40 мың есе белсенді болып табылған.

Бұл шынтуайтында – екі басқа субстанция. Мұндай су ағзаны бірден ширақтыққа әкеледі, барлық жүйенің өз міндетін тыңғылықты атқаруына елеулі түрде ықпал етеді. Сондықтан ол жердегі тұрғындар сергек те көңілді көрінді. Суларының ластанбауын жақсылап қаперлеріне түйгендей, бүгінгідей жойқын өркениеттің өлкелеріне келуіне ешқандай құштар емес.

1632 жылы күздің соңында Гэрсинидегі Энингир деревнясынан тұлдыр жетім, әке-шешесінің атын, өзінің туған жерін білмейтін міскін халдегі бақташы Гэнс ендігі несібесін іздеп, оңтүстік Италияға бет алады. Оның жолы Констанск эпархиясының Рейгадағы Вальстпут тауы арқылы өтті. Кенет оның өне-бойын тылсым дүние билеп, көкірегіне жарық сәуле енгендей болады. Әлденебір әлеуетті күш оны қажетті бағытқа қарай дедектете жөнеледі. Ну тоғайға ұшырасады. Оған секемдене кіріп, бажайлай қарайды. Анандай жерде сылдырап бұлақ ағып жатыр екен. Қаталаған бейшара таяп барып, жүрелеп отыра қап қолымен көсіп ап су ішеді. Арада көп жылдар өткен соң ол өз немерелеріне судың қалай ақыл-есін оралтқанын баяндайды. Шөлі қанғанда барып бейшара бұл жерді жадына түсіреді, әке-шешесін есіне алады, туған үйі мен өлкесін таниды.

Бүгінгі ғылым дәлелдегеніндей, адамның ағзасындағы су құрылымы оның туған жеріндегі су құрылымымен айна қатесіз бірдей екен. Ешқашан өзгермейді. Сондықтан біздің кіндік кескен жермен ішкі байланысымыз ең соңғы деміміз біткенше сақталады. Әрі, Отан деген сөз тек қана асқақтаған поэтикалық мәнге ие емес, нақты физикалық мазмұнға толы. Әлемде бірдей тұрғыдағы су және жоқ. Осыны екшегенде, қасиетті ұлттық құндылықтарды елемейтін, экспортталып кеткен Олжасқа туған жердің суын ара-тұра ішкізіп тұру керек пе деп ойлайсың.

  1. Жанатын су

Су жер қойнауындағы қыртыстардан өтіп жарыққа шыққанша, не түрлі минералдарды, тау жыныстарының құнарын, топырақ нәрін бойына сіңіріп, олардың биологиялық, энергетикалық ерекшеліктерінің ақпараттарын алып келеді. Ал, бүгінде тұрмысымызға дендеп енген үлкен бутылдағы,  өндіруші «әлемдегі таза су» деп дақпыртын асырған керемет «кристалдың» халі нешік екенін біле бермейміз. Иә, ол шынтуайтында таза, мөлдір, тіпті кейбіріне тыңайтқыштар да қосылған, соған қарамастан – өлі.

Өлі су дейтініміз энергетикасы жоқ, тірлік нышанынан ада-күде. Адам ешқашан табиғи таза су мен жасанды тазартылған судың аражігін ішкен кезінде дәмінен ажырата алмайды. Ал, жануарлар бірден айырады. Қатар тұрған ыдысқа «өлі су» мен «тірі су» құйылғанда жылқы, қой, ит «тірі суға» бас қойған. Бұлай болатыны олар әлі тәңірінің төл баласы болып келе жатқандығынан шығар.

Таяуда табиғи судың тағы да бір бірегей, айтса нанғысыз құдіреті ашылды – су жанады екен.

Мәскеу мемлекеттік университеті биология факультетінің профессоры, ғылым докторы Владимир Воейков:

– Оның жанатыны – табиғи жолмен құрылымы айырықша түрде түзілгендігінен, – деген уәж айтты.

Жану дегеніміз – қатаң түрде ғылым тілінде, жылу мен жарық бөле тұрып тотығу. Су қоршаған ортаның температурасында жанады, ал одан шығатын жарық аса сезімтал құралдардың көмегімен көрінеді.

– Кислород үздіксіз белсенділікпен бөлінеді де, табиғатта беймәлім бір органика жанады, біз одан бөлінген жарықты сол сәтінде көреміз. Процесс  –өте баяу, созылыңқы. Кәдімгі оттай лапылдап алауға айналса, құдай оның бетін әрі қылсын, тып-типыл ететін еді, – деп, В. Воейков үрейлене сөйледі.

1940-шы жылғы 3-ші маусымда Кеңес елінің Германиядағы өкілдігіне беймәлім бір қағаз тасталған. Оның авторы шұғыл түрде байланысқа шығуды өтінеді. «Егер бұлай болмаған жағдайда, Гедрихтағы менің жұмысымның еш мәні қалмайды» деп жазады Брайдан Бархан деген лақап атпен танымал агент Вили Леман. Ол құпия сынақ полигоны және ондағы суды қолдана отырып, шикі көмірден синтетикалық бинзин өндіру тәсілі жөнінде хабарлауға асықты.

1913-ші жылы император Вильгем аса ірі білгір химиктің бірі Франсо Фишерге Германияны сұйық отынмен қамтамасыз етуді тапсырды. Өз мұнайының жоқтығы Германияның болашақ соғыстағы позициясына нұқсан келтірер еді. 1941-ші жылға қарай неміс ғалымдары көмірді суландыру тәсілімен жанар май өндіру технологиясын меңгерді. Әйткенмен, бұл – әдеттегі табиғи мұнай өнімдеріне қарағанда 10-12 есе қымбатқа түсті. Оның сапасы әскери техниканың техникалық сипатын төмендетіп жіберді.

Соғыстан кейін суды қолдана отырып жанар май алу тәсілі тиімсіз деп танылып, тоқтатылды. Соңғы он бес жылда осындай отынды ойлап табу жолында қытай зерттеушісі Чжан Гуохуа тынымсыз ізденіп келеді. Ол өз көлігіне түрі сүтке ұқсас иммульгирленген ерітіндіні қолданады. Оның пропорциясы – 79 пайыз дизельді отын, 20 пайыз құрылымы түзілген су, 1 пайыз иммульгатор. Бұл мотордың қуатын 5 пайызға арттырып қана қоймайды, қоршаған ортаны ластайтын кенжірден шығар газдың мөлшерін азайтады. Және жанармай 20 пайыздан жоғары деңгейде үнемделеді. Бүгінде қытай үкіметі бұған айырықша мән беріп отыр.

Мәскеу мемлекеттік университеті биология факультетінің профессоры, ғылым докторы Владимир Воейков:

– Көптеген химиктердің де жадында жоқ шығар, егер бензиннің құрамындағы суды бір тамшысын қалдырмай айырып тастаса, ол бензин жанбайды. Бұл ғылымда 19-ғасырда белгілі болған жайт. Ал бензиннің құрамында белгілі мөлшерде үнемі су болады. Кез келген нәрсенің жануы үшін әрқашан да мардымсыз түрде болсын судың қатысуы қажет, – дейді.

  1. Суми немесе ағзадағы су

Парсы жұртында мынандай бір аңыз бар. Алысты болжағыш данышпан «Уақыт таяп қалды, арнайы су әзірлеп жинап қоймасаңдар, судың бәрі тартылады. Одан кейін оның орнына басқа су пайда болады, бірақ оны ішкендердің бәрі ақылынан алжасады» деген хабар таратады.

Бұл пайғамбарлық сөзді бір адам ғана қаперіне тоқып, су қорын жинапты. Данышпанның айтқаны дәл келіп әлгі күн туады, су қоймаларының бәрі құрғайды. Жөн сөзді тыңдаған әлгі адам өзі жинаған су қорымен жан сақтайды.

Содан кейін құдықтар мен өзендер қайтадан суға толады. Жұрттың бәрі жапырыла құныға су ішеді, ішеді де ақыл-естерінен айырылады. Данышпанның сөзін құп алған әлгі пенде бұрынғысынша өз суын іше береді, сөйтіп ақыл-есін сақтайды. Өңшең ақымақтардың ішінде жалғыз есі бүтін өзі ғана қалады. Өңге жұрт оны ақымақ деп есептейді. Бұл сөзге шамданған ол бұрынғы суды төгіп тастап, жаңа суды ішіп салады. Табанда ақыл-есінен айырылып шыға келеді, ақымақтар оны «бейшараның енді есі кірді» деп ойлайды.

Пенсильван университетінің профессоры, АҚШ-тың халықаралық ғылым академиясының мүшесі Рустум Рой:

– Мидың негізгі құрамы (85 пайыз) бұл – су, – дейді. – Су мен оның жылдам қозғалатын малекулалары мидың қабылдап қалу бөлігін құрайды. Сөйтіп, белгілі бір мөлшерде су – мидың ақпараттар жиынтығын қалыптастыруына ұйытқы болады.

Нобель сыйлығының лауреаты Курт Вютрих:

– Адам ағзасын алып қарайтын болсақ, суды көреміз. Жүрек, өкпе, бұлшық еттер, миға қарапайым ғана яймар экспериментін қолдансақ, одан сіздердің көретіндеріңіз – су. Сіздің басыңыз толған – су. Бізде шынын айтқанда судан басқа ерекше ештеме жоқ, – дейді.

Жапон зерттеушісі Эмото Масару:

– Міне, мынау – су, – деп бастады әңгімесін қолындағы колбасын көрсетіп. – Бұл суда көптеген ақпарат түрлері бар. Егер осы суды адамның денесіне жіберсек, адам денесі әлгі ақпараттарды сіңіріп алады. Әрі ол адамның хал-жағдайын өзгертуі мүмкін.

Бұған мысал: дәрігер пациенттің саусағынан қан алып, оны микроскоппен зерттейді. Нәтижесінде, қанның бойындағы энергиясы мен белсенділігі төмен екені белгілі болады. Және жүрегінің дімкәсі, өкпесінің кінәраты бар болып шықты. Содан кейін құрылымы түзілген бір жұтым су іштіріп, 12 минуттан кейін қайта әлгі адамның саусағынан қан алып, микроскопқа үңіледі. Ендігі көрініс басқаша. Клеткалар тіріліп, ширақтық таныта бастаған. Олар өздерінің электрондық зарядтарын қалпына келтіріп, бір-бірінен алшақ кетіпті. Яғни, олар кисларод тасымалдай алады. Мына клетканың ішінде жаңа ядро пайда бола бастапты. Шынтуайтында, бұл таңғажайып нәрсе, осыншама өзгерісті қарапайым су жасады.

Шығыстың дәстүрлі медицинасы көптеген ғасырдан бері ағзадағы су үніне, діріліне негізделген. Пулсь – үн тонының дұрыс көрсеткіші болып табылады. Ол – әлеуетті, әлсіз, суық, ыстық болып саналады. Осының нәтижесінде тәжірибелі дәрігер өзіндік амалмен ағзаны энергетикалы түрде сканерлеп, диагноз қойып, ем-дом шараларын жасайды.

Тибет дәрігері Огун Болсон:

– Біз сумен емдемейміз, – дейді. – Өйткені адам, оның денесі – судың өзі. Ол тек мандраны оқып, өзінің тұла бойындағы бұзылған суын тазартады.

Бұл тылсымға толы ықпалдың механизмі қандай екенін ешкім білмейді.

Барлық әлемдік діндерде ас ішердің алдында аят оқылады немесе ірі діни мерекелерде тағамды хаят нұрымен әрлендіреді. Мұның қажеті қанша деген ойға қаласың. Және осылай жасау дұрыс деген байлам қайдан шыққан? Ғылым енді ғана ұғуға талпынып жатқан жайтты ата-бабаларымыз неге ежелден жанына сенімді серік етті? Сөйтсек, құран оқыған сәттегі әуезді тербеліс ырғағындағы чистот 8 герцке тең екен. Бұл жердің электро магнитті өрісінің тербелісімен сайма-сай келеді. Сондықтан аят судың құрамына енетін барлық үйлесімді құнарды қалыптастырады.

Су кластерін түзу арқылы қандай нәтижеге жетуге болатынын білеміз. Сондықтан дастархан басына жақсы көңіл-күймен келіп жайғасқан орынды. Лажы болса агрессивті, қабағы тұнжыраған адамдармен бірге отырып ас ішпеген жөн. Оның жағымсыз энергиясы тікелей денсаулықты бүлдіруге әрекет етеді.

1995 жылы доктор Эмото Масарудың зертханасында тұңғыш рет судың музыкаға әсерін анықтады. Бірінші суға музыка тыңдатып, оны шұғыл түрде қатырған. Содан кейін микроскоппен қарағанда су бойындағы әртүрлі кристалдарды көрген. Бахтың шығармасының образы алмас алқа сияқты, Моцарт – алты тармақты керемет әшекей, Бетховеннің әуені сәл симметриясын сақтамағанымен күміс шыныдай көз тартады. Ал, ауыр рокқа келгенде малекула кластері шашырап кеткен.

Эксперимент көрсеткеніндей, агрессия су ес-жадысын шұғыл түрде өзгертеді. Ондай су салмақты адамның өзіне «жел» бітіруі мүмкін.

  1. Ниет пен су

Доктор Эмото тағы бір қызық тәжірибе жүргізеді. Үш шыны банкіге күріш салып, оған су құйяды. Содан кейін бір ай бойы күнде біреуіне рахмет айтқан, екіншісіне «сен жындысың» деген, ал үшіншісіне көңіл бөлмеген. Бір айдан кейін алғыс алған күріш жағымды жұпар шашып, көпіре бастайды. Екінші банкідегі дән қарайып кетеді. Үшінші банкі шіри бастайды. Доктордың айтуы бойынша бұл сынақ, маңызы зор өмірлік сабақты көрсетеді. Әсіресе, бұл бала тәрбиесіне көбірек ұқсайды, сондықтан қашан да ұрпақтың қамын жеу керек. Оларға бармақтайынан айырықша көңіл бөліп сөйлесіп, аялап, мейірім-шуаққа бөлеген ләзім. Ата-ана тарапынан немқұрайлылық сәби болашағына залалын тигізеді.

Жеккөрушілік, ашу-ыза, шамдану басқа адамды ғана шамырқандырып қоймайды, өзіңе кері қайтып оралады.

Рухани тұрғыда ой деңгейінде кімде-кім жағымсыз ниетін біреуге жолдаса, ағзаның 75-90 пайызын құрайтын өзінің бойындағы суын ластайды. Жағымсыз энергиямен зарядтайды.

Әлемнің көптеген зертханаларында бірнеше дүркін мынандай тәжірибе жасалды. Бір ыдыстан алынған суды екі шыныға бөліп құйған. Оның біреуіне құрылымы мен қасиетін өзгертетіндей ықпалды түзілімдер жүргізеді. Шамалы уақыт өткеннен кейін, екінші колбадағы су да дәл сондай құрылым мен қасиетке өздігінен ие болған. Сөйтсек, су өте-мөте әлеуетті шамада фотографиялық жадыға ие екен.

Ресейдің медицина ғылымдары академиясының академигі Влаиль Казначев:

– Біз суды күн тұтылар алдында зерттеп көрдік. Сонда судағы коневтік мән бір жұма бұрын күннің тұтылатынын хабардар етіп тұрды, – дегенді мәлімдеді.

Иә, мына Алла жартқан 18 мың ғаламның өзі – тұтас бір дүние. Жер шары, соның ішінде біз өз ара керемет ақпарат ағымымен үздіксіз байланыстамыз. Планетамыздағы ақпарат алмасу механизмінде де су шешуші рөлге ие. Ол күллі табиғатты басқару орталығы болып та табылады.

Дем салынған қасиетті сумен ауру малды, өліп бара жатқан өсімдікті суғарса қалпына келеді. Бұл – факт. Ешқандай физик, химик мұның сырын түсіне алмайды.

18 қаңтар күні проваславия мерекесі крещениенің қарсаңында құбырдан екі колба су алып, біреуін таңертең ерте шіркеуге апарып қасиетті ырым мен жоралғы жасалатын ыдыстың қасына қояды.

Жылда 19-шы қаңтар күні құдайға сенетіндер де, сенбейтіндер де храмға асығады, тезірек барып дем салынған қасиетті судан алып қалғылары келеді. «Ол ерекше қасиетке ие» деген ұғым бар. Осы ұғымды растау немесе жоққа шығару үшін әлгі екі колбадағы су зертханаға әкелінеді. Креагендік камерада суды қатырады. Микроскоп арқылы суретке түсіреді. Краннан алынған судың кристалы қап-қара бұжыр-бұжыр, өте қораш. Ал храмда болған судың кристалы зергердің қолынан шыққан алмастай таңдай қақтырады – алты тармақты симметриялық мың құбылған гауһар.

Бұл – қазақ халқының шошынған баланың төбесіне ыдыстағы суды ұстап, оған қорғасынды ерітіп құятын салтына ұқсас амал. Бала неден шошынса, соның бейнесі көрінеді деген мистикалық ұғымға иланатын. Мына қатқан мұз кристалдар дәл сондай пайымға апарады.

Иә, қасиетті су әлеуетті де айнымас құрылымға ие. Ол өзінің қасиетін келесі бір затқа да бере алады. Егер мұндай судың 10 грамын 60 литерлік суға қосса,  барлық масса құнарлы қасиетке айналады.

  1. Су мен циклон

 Планетадағы ауа райын циклондар, антициклондар анықтайтынын қазір екінің бірі біледі. Синоптиктердің күнделікті болжамын мүлтіксіз болатынындай көреміз. Ал, шынтуайтында біз судың қандай мінез көрсететінін күтеміз, оны өзіміз аңғармаймыз. Сұйықтықтан буға айналып көтеріліп, таңғажайып бұлт пен найзағайлы көкке ұласып, аспан сәулетін жасайды. Таңсәрілік, қызыліңірлік әр алуан бояу нәрі, алдамшы жеті түсті кемпірқосақ – осының бәрі әуедегі судың тәңір нұрымен шағылыса ойнаған сәтінің көрінісі.

Бұлт ылғалдылықты алапат алыстықтарға алып барады да бір кезде нөсер болып құйылады. Жаңбыр, бұршақ, қар мен тұман, жел мен боран, шторм мен урагандар, осы күрделі нәрселердің бәрі, оның көңіл-қошына байланысты. Ол қандай мінез көрсететінін алдын-ала болжауға тырысамыз. Жер шарының қай жеріне мейірімін төгіп, қай жеріне ашу-ызасын тастай салады? Біздің бар қолымыздан келетіні – процесті ғарыштан бақылап қана отыру. Тек қана бақылау. «Ауа райын өзіме бағындырсам» деген кісі қызығарлық ойдың өзі қандай алдамшы. Атаққұмар адамзатқа бұл тәтті қиял күйінде қалады.

  1. Жер шарындағы су қоры және оның ластануы

Жер шарын соншама мол су алып жатса да, соның ішіндегі ауыз су оның қорының жарты пайызына да жетпейді екен. Сонда 99,6 пайыз су – ішуге жарамсыз. Адамзат тарихында қаншама дәуір өтсе де, судың қоры өзгерген емес. Бірақ жан басы қаншама есе артты. Әлемде ешқашан дәл мұндай көлемде адам баласы болған емес. 6,5 миллиард халық бар. Егер табиғат өркениет тарапынан жауыздық тұрғыда шабуыл көрмегенде, бұл адамдарға да ауыз су жеткілікті болар еді.

Тәуап тауындағы мемориальды мешіттің имам-хатыбы Шамиль-Хазрат Аляутдинов: «Құранда «егер су жоқ болып кетсе, ол жер қойнауының сонау тереңіне сіңіп кетсе не жасар едіңіздер?» деген сауал барын есімізге түсірді.

Бүгінде жер шарының бір миллиардтан астам халқының зарарсыз ауыз суына қолы жетпей отыр. Осыған байланысты жыл сайын 5 миллионнан астам адам өледі. Оның жартысы – балалар. Бұл жыл сайынғы соғыста көз жұматындардың санынан 10 есе көп. Егер осы мәселеге ден қоймай, оның шешімін іздемей күрделі күйінде қалдыра берсе, 21-ші ғасырда су халықаралық кикілжіңнің себебіне айналуы мүмкін. Қазірдің өзінде ол ақырындап негізгі ресурс мәртебесін иемденіп, елдер, халықтар арасындағы саяси диалогтарда қылаң береді.

Небір білгір сарапшылар төбесі көрініп қалған мұнай кризісі жөнінде жиі айтады, өйткені мұнай бітуі мүмкін. Біздің ойымызша, судың қамын жеген одан маңыздырақ. Әлемде ауызсу кризісі болмасын деңіз.

БҰҰ-ның мәліметіне қарасақ, жыл сайын әлем мұхиттарына ондаған миллион мұнай төгіледі екен. АҚШ-тың Атлантика жағалауына 100 мың кюрийге сай келетін радиоактив қалдықтарымен 90 мың контейнер көмілген. Теңізге тікелей шыға алатын елдер өндірістік, құрылыстық, радиоактивтік қалдықтарды көміп дағдыланбаған, тасталған қоқымның теңжарымы әртүрлі жолмен теңізге барып құйылады.

Биылғы жылғы 13 шілдеде Ресейдің жүк артқан «Прогресс М-02М» ғарыш кемесі тынық мұхитқа батырылды. Ол шамамен Жаңа Зеландияның Веллингтон қаласынан үш мың шақырымдай қашықтыққа түсті. Оның бортында қалдықтар мен Халықаралық ғарыш стансасының ескі құрал-жабдықтары бар еді.

Бұл зарарды дүние судың тек сапасын ғана өзгертіп қоймайды, ес-жадысын ауыстырады.

Біз ықтимал, мүмкін болған жердің бәрін жыртып тастадық. 33 пайыз жасыл желекті аймақты жоғалттық. Бұл құрлықтағы жағдай, ал мұхиттағы планктонның жартысынан айырылдық. Сол заматта проблема туындайтын уақыт алыс сияқты болып көрінген, енді қарасақ ушықты мәселемен бетпе-бет келіп тұрмыз. Кезінде бүкіл жерде судың үлесі бар екенін бағамдамағанбыз.

Бертінгі уақытта Гальстримдегі судың тереңіндегі температурасы 1 градусқа төмендеді. Соңғы он жылда тоң мұздардың еруі үш есеге үдеген. Ақырғы 30 жылда ураганның қырып-жоятын жойқын күші екі есе артты. Табиғи катаклизмдердің саны өсіп келеді. 1973-1982-ші жылдардың арасында әлемде бір жарым мың; 1983-тен 1992-ші жылға дейін 3 жарым мың; 1993-тен 2002 жылға дейін 6 мың катастрофа болған. 2004 жылдың желтоқсанындағы Оңтүстік шығыс Азиядағы цунами кезінде 226 мың адам із-түзсіз жоғалып, жарты миллион халық үй-күйсіз қалды. Соңғы 30 жылда табиғи катастрофадан 4 миллионға жуық адам көз жұмып, 4,5 миллиард халық жапа шекті.

Баламалы медицина жөніндегі АҚШ Президенті кеңесінің мүшесі, профессор Эффи Чау:

– Біздің әлемдегі болып жатқан нәрсе, барлық цунамилар немесе жұмбақ табиғи құбылыстар, терроризм, кездейсоқ санаңды жаулап ап шықпай қоятын үрей, осының бәрі – адам денсаулығының дұрыс еместігінің нәтижесі. Нақтырақ айтқанда судың ластануынан, – дейді.

  1. Су – мейірімді сүйеді

Су құрылымының жадысындағы феномен жан-жағында болып жатқан нәрсенің бәрін жадында тұтып қалуға, тірі жүйенің бәрін бір-бірімен байланыстыруға мүмкіндік береді. Біздің әрқайсымыз үздіксіз ақпарат беретін ұласпалы тізбек жүлгесіндейміз. Бұдан бөлек, біздің әрқайсымыз жеке-жеке ақпарат көзі де болып табыламыз. Әрбір әрекетіміз, ойымыз, эмоциямыз, іштей айтылған сөз бізден бөлініп шығып, судың жадысына барып тоқылады. Осы ақпараттық лат дүние оның жадына жинала-жинала суды әбден былапыттайды. Егер осы процесс шексіз жалғаса берсе, онда су ақыл-есінен айырылар еді.

Бірақ тәңірдің қалауымен оған тазару қасиеті де берілген. Бұл фазалық өтпелі кезінде болады: бу боп көтеріліп, ылғалға айналып, нөсер боп құйылады. Немесе мұз боп қатып қайта ериді, ақпараттық лас дүниелердің бәрін сілкіп тастап, су базалық құрылымын сақтайды. Яғни, өмір сүру бағдарламасынан айнымайды.

Күллі халықта адам Алланың алдына барарда таза болу керек деген ұғым бар. Барлық діни конфессияда су – пендені жаратушымен жалғастырушы. Сондықтан мұсылман баласы дәрет алмай тәуеп амалдарын бастамайды.

Адамзат тарихында көптеген соғыстар діни наным-сенімнің айырмашылығынан туындады. Ғылыми тәжірибе діни мазмұндағы жеке сөздерге су әдемі кристалдарды құрып, жағымды әсер ететінін анықтады. Сондай-ақ, мешіт, шіркеу, храмдардағы мінәжат кезінде ыдыспен су қойып, оны шара аяқталысмен жоғарыда айтылған амалмен қатырады. Сосын, мұзды микроскоп арқылы суретке түсіреді. Кристалды өрнектер геометриялық өлшемдерді сақтай алты тармақты жұлдыз бейнесінде әдемі көрінген.

Бұл – біздің табиғаттың тұжырымы әрбір діннің концепциясымен сәйкес келеді деген ұғымды білдірсе керек.

Ғалымдар жекелеген сөздерді де осындай амалдармен қолданып көрген. Мысалға «жынды» деп дем салынған сөздің кристалы – иленген батпақ тәрізді көрінген. «Мен сені жек көремін» деген сөзге – шашылып кеткен дүние, түсініксіз элементтер түскен. Сондай-ақ, су құйылған табақшаларға белгілі адамдардың есімін жазып, кристалын байқаған.  Гитлер – ешқандай формаға келмейтін құбыжық кейпінде бедерленген.

Эмото Масарудың зертханасында жасалған тәжірибелердің негізгі діттегені – суды неғұрлым тазартатын, оған энергия беретін әлеуетті сөз іздеу еді. Тапты. Ол – бір сөз емес екі сөзден тұрады екен: «жақсы көремін», «рақмет» (мейірім мен алғыс).

***

55720-glitter-water-paysage-picmix

Бүгінгі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, белгілі балалар жазушысы Арасанбай Естен балдырғандарға арналған бір кітабында «Суда жатып өнеді, суға батып өледі. Ол – не?» деп, жұмбақ жасырған еді. Оның шешімі «тұз» екенін білгенде өте ұтымды жұмбақ екенін мойындағанбыз. Ол кезде біз бұл ләмнің сыртқы нобайына ғана мән беріппіз, сөйтсек кез келген тіршілік судан басталып, судан аяқталады екен.

Денелердің барлығы да молекулалардан, ал молекулалар атомдардан құралатынын білеміз.

Ғарышқа ұштық. Алайда, ғылым қанша дамыса да судың түбіне бара алған жоқпыз.

Мұздың салмағы жеңіл. Неге? Жауабын таба алған жоқпыз.

Құбырдан су ішкен адамдардың бәрі түбінде біртектес болып кетуі ықтимал. Қала адамдарының агрессивті келетіні, оларды ежелгі ес-жады құндылығы алаңдата қоймайтыны – бәрімізді ойлантуы тиіс.

Осыны ескерген өркениет этностық ерекшеліктерді, тіпті, адамзаттық болмысты сақтау үшін бүгінгіден өзге әлеуметтік тұрмыс іздейді. Ол – қазақтың оңаша көшіп-қону өркениетіне негізделгені жөн сияқты болады да тұрады.

Сонымен қатар, қазақ халқының «Түнде әйел баласы суға бармайды, барса да жалғыз бармауы тиіс», «Суға дәретке отыруға болмайды», «Ағын суда арамдық жоқ», «Өзің ішкен құдыққа түкірме» деген ұлағатты сөздері бар. Мұның бәрі текке айтылмаған. Жеті қат көктегі жаратушының қазақ түйсігіне сезіндірген өмірлік уәжі болса керек.

Ал, Су перісі Сүлейменнің – кезінде әлемдік ақпаратқа қожа болғанына (сумен қоса құстың, шөптің тілін білген) аңыз-әпсаналардан қанықпыз.

Осыдан соң ғарыштан гөрі суды зерттеген адамзат баласына көп игіліктер әкеле ме деген пенделік ой қылаң береді де тұрады.

Өйткені адамзаттың, яғни, менің кодым – Н2О.

 

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

Астана қаласы.

Жерұйық сайтынан алынды

 

Advertisements

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s