Құлагер бейнесі мәңгілік тұғырына қонды

Жылқыны ердің қанатына балаған қазақта төрт тұяғын тең басқан толағай тұлпарлар аз болмаған. Солардың ішінде бүгінге аңыз болып жеткен, әйгілі Ақан серінің жан серігі, Ілияс Жансүгіровтей тұлғаның поэмасына арқау болған айтулы тұлпар – Құлагердің орны бір бөлек. Бәлкім, оның қазақ үшін осыншалық қадірлі болуы – қайран сәйгүліктің қаскөйліктің құрбаны болып, өмірінің трагедиямен аяқталуында шығар. Көздеген көмбесіне көсіліп жете алмай, елінің көкірегіне көлдей мұң ұялатып кеткен сол қанатты жылқыға ескерткіш орнатылған еді.

Өткен жексенбі күні салтанатты ашылу рәсімі болған ескерткішті көруге бір қауым ел жиналды. «Астана – Көкшетау» автобан жолы бойындағы МАИ постаментінен бес шақырым жердегі жол жағасындағы алаңға қойылған ескерткіштің ашылу салтанаты думанды тойдан бір кем болған жоқ.

Өйткені Құлагер – қазақ даласындағы еркіндік пен бостандықтың, тектілік пен табандылықтың, жүйріктік пен сұлулықтың символына айналды. Сондықтан да кейінгі жылдарда ұлттық ат спортын дамытып, атбегілік дәстүрін жандандыра бастаған зиялы қауым жастарға үлгілі, өнегелі іс болсын деген ниетпен «Құлагерге» ескерткіш орнатуды қолға алды. Бұл идеяның авторы әрі шараның негізгі ұйымдастырушысы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Сәдібек Түгелдің айтуынша, Құлагер монументін орнатудың ұлт үшін де, ұрпақ үшін де маңызы зор. «Өйткені Құлагерді тұғырына мінгізу арқылы зұлымдыққа тойтарыс берілді, ізгілік баянды етілді», – дейді ол.

Айта кетерлігі, Құлагер бейнесі профессор Базарбек Садықовтың шеберханасында, Бішкек қаласында жасалған. Мүсінді белгілі сәулетші Сұлтан Илияев сомдапты. Ұзындығы – 8 метр, биіктігі – 5 метр, салмағы – 5,5 тонна болатын, таза мыстан құйылған ескерткіш «Астана – Көкшетау» тасжолымен өткен жолаушыға алыстан андағайлап көрінеді.

Сергей ДЬЯЧЕНКО, Ақмола облысының әкімі:
– Қазақ халқы үшін Құлагер образы өте маңызды. Ақан сері, Ілияс Жансүгіровтің арқасында атақты тұлпар ұлы даланың символына айналды. Қазақстан ат спорты ұлттық федерациясының президенті Сәдібек Түгелдің арқасында «Құлагерге» ескерткіш орнату акциясы басталды. Ол бастаманы Ақмола облысының басшылығы, жазушылар, бизнес өкілдері, мемлекеттік қайраткерлер қолдады. Елімізде осындай патриот азаматтар болғанына мен шын жүректен қуаныштымын.

Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ, Астана

2 responses to “Құлагер бейнесі мәңгілік тұғырына қонды

  1. Бүркіттің блогы сапалық деңгейге көтеріліп келеді екен. Осындай ұлттық мазмұндағы мақалаларды беріп отырғаның разымыз. Қазақ болгерлерінің арасында жұлдызың жарқырай берсін.

  2. Қайтарма үнқосу: Neweurasia – Kazakhstan » Қазақ блогтарындағы ұлттық тақырыптар

Пікір қалдыру